Нұрғожа Жұбанов, ардагер-фотожурналист: Қалың қарды қазып, түнеген сәттерім де болды
Сонау кеңестік заманда түсірген бір фотосуреті ТМД кеңістігінде кеңінен таралып, сан мыңдаған газет-журнал «беташар бетіне» жариялап, жарқыратып жібергенде, халық осы суреттердің авторы қазақтан шыққан қарапайым журналист екенін білгенде, фотоөнердегі қазақ азаматының шеберлігіне талай мәрте қошемет білдірген еді. Бұл қазақ фотоөнерінің атасы әрі журналист – Нұрғожа Жұбанов болатын.
Журналистік қабілеті өз алдына, ол қазақ фотожурналистикасының тұңғыш мектебін қалыптастырды. Қолындағы бірнеше таспалы «Зенит» маркалы фотоаппаратымен түсірген фотодүниелері қай жағынан алсаңыз да сан жағынан да, сапа жағынан да жоғары.
Қазыналы қарияның қолымен түсірілген дүние қазақтың тағы бір тарихын көрсетеді. Қарт фотожурналистің сыр сандығында жұмбаққа толы талай дүниенің жатқаны белгілі.
– Қазақ фотожурналистикасы сізбен бірге ілесе келді. Осы саладағы әріптестеріңіздің арасында шығармашылық жағынан ең ізденімпазы ретінде көрнекті еңбектеріңізді жұртқа жарқыратып көрсеттіңіз. Есіміңіз қазақ фотожурналистикасының қалыптасуымен тығыз байланысқа ие болды. Жалпы, осы салаға қалай келдіңіз?
– Өмір мені еркелеткен жоқ. Әкеден ерте айырылдым. Қиындықтармен бетпе-бет келдім. Тіпті, бала жасымда мен ауырмаған ауру жоқ шығар. Әлсіз болдым. Демікпемен ауырдым. Әсіресе безгек қатты қинады. Оның уақыты жақындағанын аңғарып, үйге жүгіретінмін. Далада ұстаса, қиынның қиыны. Әрине, осының бәрімен күреспесе, жанымды жаншитыны анық еді. Оған қарсы тұрудан басқа жол қалмады. Сөйтіп жүріп ер жеттік.
1956-61 жылдар аралығында қазiргi әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнде журналист мамандығы бойынша білім алдым. Сол кезде бір семестр ғана «фотожурналистика» деген дәріс өтті. Қолыма қаламды жиі алғаныммен, фотосуретке деген қызығушылығым да бар болатын. Сабақ беретін мұғалім топтағы әр студенттің қолына фотоаппарат беріп, тауға шығарып, сурет түсіруге тапсырма беретін. Табиғат аясындағы фототүсірілім тапсырмасы орындалып болғаннан кейін, мұғаліміміз барлық суреттерді сараптап шықты. Сонда мені шақырып алып, «Нұрғожа, сенің суреттеріңде ерекше қасиет бар екен», – деді. Сол арада мұғалімге фотоға әуестігімді айтқан едім.
Суреттің бір ғана заңдылығы бар. Ол – жарық мәселесі. Жарықтың түсуі суретте басты рөл атқарады. Жарықты дұрыс пайдалану – қылқалам суретшісіне де, фотожурналист пен фотографқа да бірдей қойылатын талап. Ал табиғатқа шығып, тау-тасты түсіргенде алдыңғы және артқы кескіннің дұрыс тұруын табу керек.
Оқу орнын бітіріп, қолыма диплом алғаннан кейін «Қазақстан әйелдері» журналында тілші болдым. Журналистік қызметті бір жылдай атқарып шықтым. Редакциядағы фотожурналист қызметінен кеткеннен кейін, оның орнына мені тағайындады. Өйткені, көп іссапарға шыққанда, жолжазбаммен бірге өзім түсірген фотосуреттер қатар жарияланатын. Осылайша ойламаған жерден фотожурналист атандым. Одан ешнәрсе жоғалтқан емеспін. Журналистік өмірдің бір қызығы – Қазақстанды, басқа республикаларды да араламаған жерім жоқ. Бұл мен үшін үлкен «олжа» болды.
Қазақ фотожурналистикасының алғашқы өкілдерінің бірі болғаныммен, мен алғашқы түрлі-түсті сурет шығарған қазақтағы бірінші фотожурналист болатынмын. Алғаш осы әдіспен суреттердің түсін қойып, оны басылымдарға жариялап тұрдым.
– Нұрғожа аға, сіз түсірген суреттер көп қой. Қорыңызда жиналған суреттердің санын айта аласыз ба?
– Оның санын айта да алмаймын, себебі менде жинақталған қор жоқ. Барлық суреттер кезінде редакцияда жинақталаған болатын, негізігі қор сол басылымның сарғайған беттерінде сақталып қалған. Бірақ, түсірілген суреттер өте көп болатын. Орыс, еврей әріпттестерім «Пейзаж түсіру жағынан сізге таласпаймыз. Сенің түсіргеніңді, біз түсіре алмаймыз», – деп үнемі мойындап отыратын.
Фотоаппарат дегеннің не екенін білмейтін мен оқуға түспестен бұрын, бірқатар үлкен жұмыстар істедім. Атырау облыстық мәдениет басқармасында қызмет атқарғанмын.
– Үйіңізде сақталып тұрған суреттеріңізді мұражай, кітапханалар сұратып, ұсыныс білдіргендер бар ма?
– Өзім түсірген суреттердің менде тек негативтері сақталған. Кеңес Одағы кезінде біз түсірген суреттердің негативтерін Алматыда сақтау үшін жиі алып тұратын. Қазір Кеңес Одағы тарады, мекеме жойылды. Сол мекемеде біраз суреттер кеткен еді.
Осыдан бірнеше жылдар бұрын Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин менің еңбектерімді жинап, жинақтап фотоальбом шығарсақ деп ұсыныс білдірген еді. Бірақ, өзім аса бұл іске тікелей араласа қоймағандықтан, жоба жолда қалып қойды.
– Мықты фотожурналист болу үшін не қажет?
– Нағыз фотожурналист, жалпы көркемсурет жасаймын деген адамның табиғатында суретшілік қасиет пен көре білу қабілеті болуы керек. Одан кейін, сол қарым-қабілетке сай ізденімпаздық қажет. Сонда ғана мықты фотожурналист қалыптасады. Мәселен, жерде жатқан аппақ қардан қалай көркем сурет жасауға болады? Ақ қара түсті фотографияның кезінде, сол аппақ қардан көркем сурет жасап шығардым. Ол үшін күн көзінің жерге айқыш-ұйқыш түскен кезіндегі көлеңкені обьективке дәлдеген болатынмын. Бұл тағы да – «жарық заңдылығы».
– Көп сапарлаға жаяу шығып, керемет дүниелер түсірген екенсіз. Осы турасында айтып берсеңіз?
– Жаяу ел аралап, сапарлау жобасының авторы сол кездегі «Егемен Қазақстан» газетінің басшылығында болған Мамадияр Жақып болатын. 1995 жылы Абайдың мерейтойына орай «Ұлыларға сапар» деген жобаны бастаған еді. Бірақ, алғашқысына бара алмай, кейін Сәтпаевтың тоқсан жылдығына орай өткізген жобасында Семейден Сәтбаевтың ауылына дейін жаяу жүрдім. Содан кейін Жамбылдың жүз жылдығына Алматыдан Ұзынағаштың арғы бетіндегі музейге дейін жаяу сапарға шыққан болатынмын.
Жаяу жүру – менің хоббим де болып кетті. Соғыс кезіндегі жеткіншекпін ғой, балалық шақта Жайықтың бойына жаяу барып, балық аулап, қайта ауылға баратынмын. Негізі жаяу жүру сол кезден басталған. Кейін, үш тазы ұстап, аңшылық жасадым. Ол да осы жаяу жүрумен байланысты. Әскерге барған кезде, Ташкентте Түркістан әскери округының Памир тауының басында шыңға жыл сайын 10 адамды аттандыратын. Сол тізімнің арасына мен де ілігіп кеттім.
Шыңға шығу өте керемет оқиға болды. Бірақ, биікке көтерілген әр қадамың, өлімге жақындаған бір сәт секілді сезіле бастайтын. Көкшатырға қадалған шыңға көтерілген сайын үшкірленіп, ол бір жағынан қиындық тудырғанымен, екінші жақтан ауа жетіспеушілігі тағы бір қауіптің есігін ашады. Бірақ, биігіне шығу мақсатын сөзсіз орындау қажеттілігі үлкен тапсырма екені басты міндет. Жауапты міндетке жауапсыз қарай алмай, шың биігіне белгілі уақытта көтеріліп қайттық. Соның нәтижесінде қазақтардың ішінде 1948 жылы «СССР альпенисі» атағын иемдендім.
Алғаш рет асқар шыңға шыққан бұл қадам мені жаяу жүруден бөлек, биік шыңға өрмелеу, тауға шығу құштарлығын үйретті. 1961 жылы оқуға түскенде, бірінші курстан бастап асқар Алатаудың заңғар биіктеріне шығу дәстүрін өміріме мықтап енгіздім. Нәтижесінде, каникул кезінде нақты жоспар құрып, Медеу шатқалынан бастап Алматының Алатаудан қырғыз ағайындардың асуына дейін жаяу аралап шықтым. Биік тау лагерьлеріне жете алмай, орта жолда қалың қарды қазып, соның ішінде түнеген кездерім де бар. Ол енді өте қауіпті, әрі қорқынышты сәттер еді. Бұл тау тақырыбы мен үшін ортақ тілде айтылатын «хоббиден» жоғары, өмірлік қажеттілікке айналды.
– Қазір тауға шығып жүрсіз бе?
– Бұрын сенбі-жексенбі күндерінің бірін де қалдырмай тауға шығатынмын. Мамадияр Жақыптан бастап, өзімінің бірқатар әріптестерімді, ақын-жазушыларды Алатаудың бөктеріне, асқар биіктеріне апарып тұратынмын. Таудың бір қасиеті бар, бір рет биікке шықсаң, екінші рет қайта шақырып тұрады. Демалыс күндері дос-жаран, ағайын-туыс қонаққа шақырып қалмаса, міндетті түрде тауға жүретінмін. Тауға шыққан уақытта қысы-жазы қарлытауға дейін барып қайтатынмын. Төменде біраз демігіп қиналғаныммен, биікке шыққанда өмірге қайта келгендей әсер алатынмын. Шын мәнінде тау кереметі.
– Әңгімеңізге көп рақмет!
Сұхбаттасқан Досжан Балабекұлы
***
Нұрғожа Жұбанов дүниеден өтті
Нұрғожа Жұбанов 1929 жылы ақпан айының 12-ші жұлдызында (жеке куәліктегі жасы) Атырау облысында дүниеге келген.
1949-52 жылдары Совет Армиясы қатарында әскери міндетін өтеген.
1956 – 1961жылдар аралығында С.М.Киров атындағы (қазіргі Әл-Фараби атындағы) Қазақ мемлекеттік университетін журналист мамандығы бойынша аяқтаған.
1961 – 2000 жылдар аралығында Республикалық «Қазақстан әйелдері», «Шалқар», «Қазақ елі», «Заман Қазақстан», «Ұлан» газеттерінде фототілші қызметін атқарған.
Н.Жұбанов Кеңестік дәуірде танымал фотожурналист ретінде, шығармашылық жұмыстары еліміздің газет-журналдарында және шетел баспасөзінде жиі жарияланып отырды. Әр жылдарда Мәскеу, Канада (Монереаль), Жапонияда (Осоко) өткен көркемсурет конкурстарына қатысып фотожұмыстары жоғары бағаланған.
1989 жылы Мәскеуде өткен КСРО фотосуретшілер одағының сьезінде Қазақстан фотосуретшілер одағының бірінші хатшысы болып тағайындалған.
Н.Жұбанов еліне сіңірген еңбегі үшін КСРО еңбек медалімен, Қазақстан Жоғарғы Кеңесі грамотасы және Құрмет грамоталарымен марапатталды. Ол КСРО Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты. Қазақстанның Мәдениет қайраткері.
Өмірінің соңғы күндеріне дейін «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің, ақылдастар алқасының төрағасы ретінде жастарға ақыл-кеңес, үлгі – өнеге тәжірибелерімен бөлісіп келді.
Естеріңізде болса, «Айқын» республикалық газетінде ардагер-фотожурналист ағамызбен осы көктемде жарқын сұхбат өткізген едік. Жанарынан фотоөнердің ұшқыны байқалып тұратын абыз ақсақалмен болған сұхбат «соңғы әңгімелесу» болғанын кім білген.
«Қалың қарды қазып, түнеген сәттерім де болды» деп аталған сұхбатта ағамыз: «Өмір мені еркелеткен жоқ. Әкеден ерте айырылдым. Қиындықтармен бетпе-бет келдім. Тіпті, бала жасымда мен ауырмаған ауру жоқ шығар. Әлсіз болдым. Демікпемен ауырдым. Әсіресе безгек қатты қинады. Оның уақыты жақындағанын аңғарып, үйге жүгіретінмін. Далада ұстаса, қиынның қиыны. Әрине, осының бәрімен күреспесе, жанымды жаншитыны анық еді. Оған қарсы тұрудан басқа жол қалмады. Сөйтіп жүріп ер жеттік.
1956-61 жылдар аралығында қазiргi әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнде журналист мамандығы бойынша білім алдым. Сол кезде бір семестр ғана «фотожурналистика» деген дәріс өтті. Қолыма қаламды жиі алғаныммен, фотосуретке деген қызығушылығым да бар болатын. Сабақ беретін мұғалім топтағы әр студенттің қолына фотоаппарат беріп, тауға шығарып, сурет түсіруге тапсырма беретін. Табиғат аясындағы фототүсірілім тапсырмасы орындалып болғаннан кейін, мұғаліміміз барлық суреттерді сараптап шықты. Сонда мені шақырып алып, «Нұрғожа, сенің суреттеріңде ерекше қасиет бар екен», – деді. Сол арада мұғалімге фотоға әуестігімді айтқан едім»,-деп қазақ фотожурналистикасына ұмтылған жарқын шақтарын әңгімелеген еді…
Иманыңыз салауат, топырағыңыз торқа, жатқан жеріңіз жәннәтта болсын қадірлі Нұрғожа аға! Марқұмның туған-туыстарына, «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі мүшелеріне қайғырып, көңіл айтамыз!
Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ