Абайдың туған жері (Фоторепортаж)

 Абайдың туған жері (Фоторепортаж)

Қазақстан Республикасында бүгін тұңғыш рет Абай күні аталып өтеді. Дәл осы күн ұл­­ты­­мыздың ұлы ақы­ны, ойшыл тұл­­ғасы Абай Құнан­­бай­­ұлы­ның ту­ға­нына 175 жыл тол­ды. Осыған орай «Фотоөнердің» Шығыс Қазақстан облысындағы мүшесі Тілеубек Шаяхметтің Абайдың туған жерінен түсірген фоторепортажын ұсынамыз. Алдымен ұлы Абайдың өмір жолына тоқталайық.

Ұлы ақын, ағартушы, қазақтың жазба әдебиетінің және әдеби тілінің негізін салушы – Абай (Ибрахим) Құнанбайұлы Өскенбайұлы Шығыс Қазақстан облысы (бұрынғы Семей уезі) Абай ауданында (бұрынғы Шыңғыстау облысы) Шыңғыс тауының бауырында дүниеге келді. Абай атақты Тобықты руының Ырғызбай деген тобынан тарайды. Ол ауыл молдасынан оқып жүрген кішкентай кезінен-ақ зеректігімен көзге түседі. Кейін ол Семей қаласында 3 жылдық медресе тәрбиесін алады.

Абай көпті көрген әжесі Зеренің тәрбиесінде болды. Шешесі Ұлжан да ақылды ананың бірі болған. Әкесі Құнанбай Өскенбайұлы орта жасқа келгенде атқа мініп, ел билеу жұмысына араласқан заманы, Ресей патшалығының Қазақстанның батысы мен орталық аймағын отарлап, ел билеу жүйесін өз тәртібіне көндіре бастаған кез.

Өскемен қаласы. Орталық алаңындағы Абай ескерткіші

Құнанбай өз заманында ел басқарған адам болды. Ол ел билеу ісіне балаларының ішінде Абайды баулып, араластырды.

Абайды оқудан ерте тартып, оқудан шығарып алуы да сол билікке ұлын қалдыру мақсатында еді. Әке еркімен ел ісіне жастай араласқан Абай тез есейіп, балалықтан да ерте айырылып, жастайынан ел ішіндегі әңгіме, сөз өнерін, билердің шешендік өнеріне құлақ салып, өзінің ерекше талантымен бойына сіңіре білді.

Абай ескерткіші. Ай тұтылғанда

Елі үшін әділет жолын ұстанған Абайдың үстінен арыз да жазылып, үш-төрт ай тергеліп, ақталып шықты.

Әке-шешесінің қасында жүрсе де жас Абай оқудан қол үзбейді, бос уақытында қазақтың мәдениетін, араб, парсы, шағатай тілдерін үйренеді. Шығыс әдебиетінің алыптары Низами, Хожа Хафиз, Науаи, Физули т. б. ақындарының өлеңін жаттап өседі. Кейін ол орыс әдебиеті мен тілін өздігінен үйреніп, орыстың ұлы ойшылдары Пушкин, Гоголь, Лермонтов, Щедрин, Некрасов т. б. шығармаларымен танысады. Сонымен бірге ағылшын ғалымы Дарвиннің, Шекспирдің шығармаларын да оқиды. Соның арқасында дүниетанымын кеңітіп, білімін шыңдай береді.

Сырт Қасқабұлақ. Абайдың кіндік қаны тамған жері.

Абай ауқатты отбасынан шықса да халқына үнемі жақын болды, олардың дауын даулап, мұңын жоқтады. Мұны оның мына өлеңінен көруге болады:

…Кедейдің өзі жүрер малды бағып,

Отыруға отын жоқ үзбей жағып.

Тоңған иін жылытып, тонын илеп,

Шекпен тігер қатыны бүрсең қағып.

Қар жауса да тоңбайды бай баласы,

Үй жылы, киіз тұтқан айналасы.

Бай ұлына жалшы ұлы жалынышты,

Ағып жүріп ойнатар көздің жасы.

Жасы отыздан асқан Абай орыс тіліндегі кітаптарды мықтап оқуға бұрылады. Сол кезде Семейге айдалып келген орыс демократтарымен танысады. Соның ішінде өзінің ерекше танысып, араласқаны Михаэлис болды. 1880 жылдары айдалып келген Долгополов, Леонтьевтермен да танысып, өзі олардан үйрене жүріп, өзі де оларды халқының салт-дәстүрімен таныстырып, қол ұшын берді.

Ақынның шығармашылықпен еркін араласуы 1860 жылдар болды. Ол кезде Абай өлеңдерін басқа аттармен жариялаған, тек 1886 жылы «Жаз» деген өлеңінен бастап өз атын қоя бастайды. Ақынның «Жаз», «Күз», «Қыс», «Жазғұтыр», сонымен қатар «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Ғылым таппай мақтанба», «Интернатта оқып жүр», «Сегіз аяқ» өлеңдерінің сол кездегі әлеуметтік жағдайларды түсіну үшін маңызы зор.

Абайтанудың білгірі М. Әуезовтің атап көрсеткендей, Абай мұрасының нәр алған рухани үш арнасы: өз халқының мәдени мұрасы мен Шығыс, Батыс елдерінің рухани қазынасы болды.

Ақшоқы. Құнанбай қорымы. Салынып жатқан музей

Оқи жүріп, білімін толықтыра жүріп қырықтан асқан шағында біржола ақындыққа берілді.

Туған халқын сүйіп, оны қасіреттен құтқаруды, бодандыққа қарсы Абай халқын оятып, береке-бірлікке шақырды. Туған халқы да Абайын сүйіп, қатты құрметтеді. Өмірлік мағынасы зор өлеңдерін жатқа айтып, тұмардай сақтады. Шынында әр сөзі теңіздің тереңіне тартқандай мың батпан ойдан туған, кісіге берер шабыты мен шапағаты мол Абай әр қазақтың бағдаршамы іспетті.

Абай өлеңдері бай философиялық, курескерлік қасиетке ие. Ол ең алдымен қазақтың телегей – теңіз ауыз әдебиетінен сусындап, батырлар жыры мен ғашықтық жырларының үрдісіне мұрагерлік етті.

«Ескендір», «Масғұт», «Әзім әңгімесі» — Абайдың шығармашылық мұрасындағы поэмалары да зерттеушілердің назарында.

Абай қазақ өлең үлгісін жаңаша тұрғыдан байыта түсті. Сондықтан да Абай қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы деуге болады.

Жидебай бұрылысындағы стелла

Абайдың ақындық дәстүрін ақынның көзі тірісінде тікелей дамытып, жалғастырған ақын шәкірттері болған. Солардың ішінде ерекше орын алатыны Абайдың өз балалары.

Абай тек қана ақын емес, сонымен бірге сазгер. Халық арасынан шыққан таланттарды танып, олардың еңбегін таратушы болды.

Жидейбайдағы Абайдың музей-үйі

Абайдың ән шығармашылығы қазақтың халық музыкасында ерекше орын алады. «Сегіз аяқ», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай» т. б. әндері әлі күнге халық жүрегінен жылы орын алған.

Абай өзінің шығармашылығында қара сөзге ерекше мән берген.

Абай музей-үйінің алдындағы Абай бюсті

Абай поэзиясының арқауы ғылым, білім, еңбек – осы қара сөздерде жалғасып дамиды.

Қара сөздерден адамның көңіл-күйінің жарығы мен қараңғысының айнасы болған – күлкі мен қайғы туралы педагогтар арасында осы күнге дейін айтылмаған тың ой табамыз. Өйткені күлкі мен қайғы туралы ешкім Абайдай тап басып айта алмаған. Абай «күлме» демейді тек «орынсыз күлкіден сақ бол» дейді. Абай өз шығармалары арқылы рухани бірлікке шақырады.

«Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешеніне барар жол

Қорыта айтқанда, Абай қазақтың демократ ақыны, ұлы ойшыл, философы. Ол қазақ тілінің мәйегінен көптеген өлеңдер мен дастандар сондай-ақ, басқа да философиялық шығармалар жазды.

Абайды Абай еткен, асыл сөзімен өлең етіп ұйытып, жүрегіне жыр болып байланған қасиеті — өмірден әділет, мейірім, сенім, адалдық іздеу барысында тапқан танымдық олжалары, санасын сарғайтып барып көзін ашқан тұжырым тоғыстары өлең арқылы өріліп жатыр.

«Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешеніне қайта жөндеу жүргізілу жұмыстары барысындағы суреттер

Абай өлеңдерінің тақырыбы жан-жақты әлеуметтік аясы кең. Өлеңдері халықты өнерге, білімге, ғылымға шақырады, әрі жанға жайлы, жүрекке жылы тиетін махаббат өлеңдері болып келеді. Сондықтан Абай өлеңдері XIX ғасырдағы «қазақ қоғамының айнасы» деп те аталады.

Ақын 1904 жылы туған жерінде қайтыс болды. Сүйегі Жидебай деген жерге қойылды. Қазір сол Жидебайда ақынның өзі тұрған үйде әдеби-мемориалдық мұражайы бар. Жер бетіндегі күллі қазақ қауымы өздерінің ұлы Абайымен мақтанады. Олар күн өткен сайын Абайды жаңа қырынан тануда. Өйткені Абай мұралары бүгін де, болашақта да өзінің өміршеңдігімен мәңгі жасайтын ғажап туындылар.

Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешеніне барар жолда жасалынып жатқан аялдама

Абай шығармалары қазірдің өзінде көптеген тілдерге аударылып, әлем халықтарының жақсы бағасын алуда. Соның бір дәлелі, Қытай Халық Республикасында Абай шығармаларының қазақша нұсқаларынан сырт оның үш бірдей дастаны және өлеңдері мен қара сөздері қытай тілінде жарық көрді.

Кешкі фотосуреттер

Ақынның өз кіндігінен он бала тарады. Бәйбішесі Ділдәдән: Ақылбай, Әкімбай, Әбдірахман, Райхан, Күлбадан, кенже баласы Мағауия. Екінші әйелі Әйгерімнен (Шүкіман) – Тұрағұл, Мекайыл, Ізкәйіл, Кенже. Абайдың үміт күткен талантты балалары: Әбдірахман, Мағауия, Тұрағұл, Мекайыл. Әкелерінің өлеңдерін жатқа айтып, халық арасына таратқан, әнші, домбырашы болған.

Абай ауданы орталығы Қарауылға кіре беріс

Абай есімін еске қалдыру мақсатында көптеген шаралар жүзеге асты. Ең алдымен, Жидебайдағы Абай қыстауы қалпына келтіріліп, ол Семейдегі Абай қорық мұражайының филиалына айналдырылды. Ақын жерленген зиратқа гранит пен мрамордан құлпытас орнатылды. Семейде және Қарауылда ескерткіш орнатылды.

 

Қарауылға кіре беріс

Қарауыл орталығындағы стелла және ескерткіш тақта
Қарауыл көшесі
Қарауыл төбедегі Абай 175 жазуы

Семейдегі Абай музейі. Қайта жөндеу жұмыстары жүріп жатқан кезде

Семейдегі Абай музейі жанындағы Ахмет Риза мешіт-медресесі

Абай алаңы. Семей қаласы

Абай жолы. Семейден Абай ауданына шыға беріс

Абай әуежайы. Семей қаласы
Абай театры. 2019 жыл. Семей қаласы
Абай театры қайта жөндеу барысында
Абай театрының ішкі көрінісі

Мұхтар Әуезов туған жері Бөріліге бұрылыстағы стелла
Мұңлы қоңыр туған анам, туған жерім Бөрілі» М. Әуезовтың сөзі жазылған тас
М. Әуезовтың мұражай үйі

М. Әуезовтың балалық шағына арналып жасалған мүсін
М. Әуезовтың әке-шешесі Омархан-Нұржамал кесенесі
М. Әуезовтың әке-шешесі Омархан-Нұржамал кесенесі жанындағы, М. Әуезовтың немере ағасы Қасымбек Әуезұлы мен жары Ғалия Ахметбекқызына қойылған құлпы тастар

Суреттерді түсірген-Тілеубек Шаяхмет,

«Фотоөнердің» Шығыс Қазақстан облысындағы мүшесі

Оқи отырыңыз!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *