Сары би рухына тағзым: Билік дәстүрі мен тарихи сабақтастық ғылыми тұрғыда зерделенді

 Сары би рухына тағзым: Билік дәстүрі мен тарихи сабақтастық ғылыми тұрғыда зерделенді

Күні кеше Алматы облысы Кеген ауданының Жалағаш ауылдық мәдениет үйінде «Бозымұлы Сары би және билік дәстүрінің ұрпақтарға ұласуы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтіп, қазақтың билік институты, ұлттық құқықтық дәстүрі және көрнекті би Сары Бозымұлының тарихи тұлғасы кеңінен талқыланды, деп хабарлайды photooner.kz.

Жетісудың жайлауы жасыл желекке оранып, Хантәңірі шыңы асқақтап тұрған шілденің шуақты күніндегі маңызды шараны ұйымдастырған Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты және Кеген ауданының әкімдігі болды.

Тарих пен тағылым тоғысқан мағыналы басқосуға еліміздің әр өңірінен келген ғалымдар, тарихшылар, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары, қоғам қайраткерлері, өлкетанушылар, ақын-жазушылар, мәдениет қызметкерлері және Сары бидің ұрпақтары қатысты.

Конференция басталар алдында Мәдениет үйінің фойесінде «Фотоөнер» республикалық қоғамдық бірлестігінің қатысуымен ұйымдастырылған көрме көпшілік назарын бірден өзіне аударды.

Көрмедегі Асылхан Әбдірайымұлы, Әкбар Үркінбай, Дәурен Мақсұтханұлы (ескертпеде Дәурен Мұхамедханұлы деп қате кетіпті) түсірген Бозымұлы Сары бидің ұрпақтары туып-өскен өлке жайлы ерекше фотосуреттер, архивтік құжаттар, тарихи кітаптар, көне де сирек суреттер, шежірелік деректер мен Сары биге қатысты ғылыми еңбектер өткен дәуірдің тынысын бүгінгі күнмен жалғап тұрғандай әсер қалдырды. Көрменің әр бұрышы келушілерді тарихпен тілдестіргендей күйге бөледі.

Жиынның ресми бөлімінде айташылар (модераторлар): Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты Бас директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Шамек Баянұлы Тілеубаев пен М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Сағатбек Медеубекұлы конференцияның басты мақсаты – қазақ қоғамындағы билер институтының тарихи рөлін жаңаша ғылыми тұрғыдан зерделеу, Бозымұлы Сары бидің мемлекет басқару ісіндегі қызметін бағалау және оның тағылымын кейінгі ұрпаққа жеткізу екенін атап өтті.

Алдымен әртүрлі салада қызмет атқаратын қайраткерлердің құттықтау лебіздеріне кезек берілді. Ақын, жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалиннің құттықтауын әдебиетші, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Бағашар Тұрсынбайұлы жеткізді.

Жазушы, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мереке Құлкенов өзі бейнеқұттықтау жолдады.

М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Бас директоры, ҚР ҰҒА академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы Кенжехан Матыжановтың құттықтау сөзін ғалым Нұржұма Елесбай оқып берді.

Ал Алматы облысы Мәслихатының төрағасы Қуат Сұлтанұлы Байғожаев, Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Салтанат Дауысбекқызы Беспаева, Алматы облысы Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Молдахметұлы Теңізбаев өздері сахна төріне шығып салмақты да жүйелі сөздерімен бөлісті.

Одан кейін Шамек Баянұлы «Сары би Бозымұлы және халық жадында сақталған әңгімелердің тарихи дерек ретіндегі ерекшелігі» тақырыбында баяндама жасаса, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстан тарихы кафедрасының қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Меңдігүл Сағатқызы Ноғайбаева «Сары би Бозымұлының тұлғасы және халықтың тарихи жады» тұрғысында сүбелі сөз сөйлеп, батыл баяндама жасады.

Баяндамашылардың пікірінше, Сары би – Тәуке ханның тұсындағы тек дау шешкен әділ би ғана емес, елдің бірлігі мен тұтастығын сақтауға үлес қосқан мәмілегер, көреген саясаткер әрі халықтың мүддесін қорғаған мемлекет қайраткері. Оның өмірі мен қызметі арқылы қазақ қоғамындағы билер институтының мәні, дәстүрлі құқықтық мәдениеттің ерекшелігі және дала демократиясының қағидалары жан-жақты сараланды.

Конференцияда филология ғылымдарының кандидаты, белгілі журналист, этнограф Сағатбек Медеубекұлының ұзақ жылдық ғылыми ізденісінің нәтижесі – 360 беттен тұратын «Бозымұлы Сары би» атты зерттеу еңбегі ресми түрде таныстырылды. Автор жинақтаған архивтік құжаттар, шежірелік деректер мен халық жадында сақталған мәліметтер Сары бидің өмір жолын ғылыми тұрғыдан қайта зерделеуге мүмкіндік беріп отыр.

Жиын барысында көтерілген мәселелердің бірі – ұлттық құқықтық сананы қалыптастырудағы билер институтының орны. Ғалымдар қазақтың дәстүрлі билік жүйесі тек өткеннің мұрасы емес, бүгінгі қоғам үшін де әділдік, парасат және қоғамдық келісімнің маңызды үлгісі екенін атап өтті.

Фототілші назарын ерекше аударған көріністердің бірі – залдағы ұрпақтар сабақтастығы болды. Алдыңғы қатарда отырған ақсақалдар мен ел ағалары баяндамаларды ықыласпен тыңдап, тарихи деректерді өзара талқыласа, кейінгі қатардағы студенттер мен мектеп оқушылары бейнежазба жасап отырды. Бұл – тарихи жадының ұрпақтан ұрпаққа үзілмей жалғасып келе жатқанын аңғартқан әсерлі көрініс.

Конференция негізгі бөлімі аяқтала салысымен сол өңірден шыққан өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен жалғасты.

Қапез Байғабылұлының «Үш Меркі» әнін Халықаралық және Республикалық байқаулардың жеңімпазы, Мәдениет саласының үздігі Біржан Бәзілжан шырқаса, Шалтабай Алпарұлының «Шалтабай» атты әнін Халықаралық және Республикалық байқаулардың жеңімпазы, Мәдениет саласының үздігі Тілеулес Құрманғалиев құйқылжыта орындаса, Сәдіқожаның «Ахау, қалаулы-ай!» әнін ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, профессор Нұржан Жанпейісов нақышына келтірді.

Одан кейін Рыскелді Сауданұлының әні «Илигай, сәулемді» Ж.Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжінің студенті Салтанат Амантұр шырқаса, Көдектің әні «Қос құдашаны» Республикалық жыршылар байқауының жеңімпазы Ербақ Құрметжанұлы орындады. Концерттік номерлердің соңын Қазақстанның Халық әртісі Рамазан Стамғазы Жақыпбердінің әні «Жақыпбердіні» жетесіне жеткізе орындап, жиналған жұртшылықтың ризашылығына бөленді…

Жалағаштағы жиынның жалғасы Орта Меркідегі жайлауда орын тепкен кең де ақ шаңқан киіз үйлерде жайылған дастарханға ұласты. Ас келердің алдында Сары би Бозымұлының рухына бағышталып құран оқылып, бата берілді. Дастархан басында да ғалымдар жаңа архивтік құжаттар жөнінде ой бөлісіп, өлкетанушылар тарихи деректерді салыстырып отырса, Рамазан мен Нұржан бастаған өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашып, жиналған жұрттың айызын қандырып отырды.

Дастарханнан шыққан соң жастар жағы мәртебелі меймандар мен белгілі зерттеушілермен естелік суретке түсіп, құнды ғылыми кеңестер алды. Осындай еркін пікір алмасулар конференцияның мазмұнын одан сайын байыта түсті.

Жалғаш ауылында өткен бұл республикалық ғылыми-практикалық конференция – тек ғылыми пікір алмасу алаңы ғана емес, туған жер тарихын құрметтеудің, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің және тарихи тұлғалардың мұрасын ұлықтаудың жарқын үлгісі болды.

Сары бидің туған өлкесінде ұйымдастырылған тағылымды жиын қазақтың билік дәстүрі, әділдік қағидаттары мен ұлттық мемлекеттілік тарихын зерттеуге жаңа серпін беретіні анық.

Осылайша ауыл төрінде ұйымшылдықпен ұйымдастырылған ғылыми жиын ұлттық тарихқа тағзым жасаған ерекше тағылымды кездесу ретінде есте қалды.

Дәурен Мақсұтханұлы,

«Фотоөнер» ҚБ вице-президенті, фотожурналист

Суреттерді түсірген автор

 

Оқи отырыңыз!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *