Windows жұмыс үстеліндегі ерекше орындарға қалай баруға болады?

 Windows жұмыс үстеліндегі ерекше орындарға қалай баруға болады?

Дербес компьютер пайдаланушыларының көпшілігі, соның ішінде құрылғы, Windows операциялық жүйесінің жұмыс үстелін күнделікті пайдаланады. Көбінесе ол таңғажайып әдемі табиғи мекенді бейнелейді және суретке қараған сайын сұрақ туындайды: мұндай сурет дәл қай жерде түсірілген? Kaz.tengritravel.kz порталы Aviata.kz сервисімен бірге Windows жүйесіндегі танымал орындар жайлы және бұл суреттердің қалай түсірілгені туралы баяндайды.

«Мүлгіген тыныштық» — ең танымал Windows түсқағаздарының бірі. Олар Windows XP операциялық жүйесінде пайда болды және бұл кескін компьютерді қосқан адамдардың көпшілігіне белгілі. Суретте жасыл төбелер мен көк аспан бейнеленген. Фотосурет жай сурет болып көрінуі мүмкін, бірақ ол нақты жерде, яғни Калифорнияда, Сонома округінде жасалған. Сурет 1996 жылы түсірілген.

Қазір дәл осы жерде жүзімдіктер бар, ал төбелер айтарлықтай әдемі, әрі тыныш көрінбейді. Өз көзіңізбен көргіңіз келсе, Google Maps қосымшасына өтіп, 38.248966, -122.410269 координаттарын енгізіңіз. Сонома округі өзінің шарабымен, сырасымен және мұхит жағалауымен әйгілі. Мұнда тері саудасы мен жалпы сауда үшін құрылған Калифорниядағы орыс елдімекені Форт Россқа экскурсияға баруға болады. Сонымен қатар, округ көптеген көрікті жерлері бар Сан-Францискоға жақын орналасқан.

Бізде «Мүлгіген тыныштыққа» пара-пар өз нұсқамыз бар екенін білесіз бе? Алматылық фотограф Деонисий Мит Қазақстан жерінде түсірілген Windows жүйесіне арналған әйгілі түсқағазды еске түсіретін суретті ұсынды.

«Бұл фотосуретті көргенде біз бірден: «О, Windows XP!» Ол оған өте ұқсайды, бірақ бұл нұсқа отандық және Қазақстанда жасалған», — деп жазады сурет авторы.

Сурет Іле Алатауының аңғарларында түсірілген.

Түсқағаздардың басқа орындары толық белгіленбеген, бірақ олар туралы қысқаша айтатын боламыз. Осылайша, операциялық жүйеге Кариб теңізіндегі Антигуа аралы да түсіп қалды. Ол өзінің аппақ жағажайларымен танымал. Сондай-ақ, бұл жерде «Нельсонның кемежайы» үлкен ұлттық саябағы орналасқан. Саябақтың інжу-маржаны — XVII ғасырда салынып, әлі де жұмыс істеп тұрған кеме жасау зауыты.

Бұл түсқағаз «Қызыл ай шөлі» (Red moon desert) деп аталады. Фотосуретті 1990 жылдардың соңында «Тыныштық» бейнесінің авторы Чальз О Рир түсірген. Кадрда түнде Калахари шөлінің бір бөлігі бейнеленген. Пайдаланушылар ай төңкеріліп тұр және сурет өңделген болуы мүмкін деп болжайды, бірақ фотограф кадрдың өңделгенін растамады.

«Күз» атты суретті фотограф Питер Бариан Канададағы саябақта камераның линзаларын тексерген кезде түсірген. Бұл оның ең танымал кадры болады деп еш күтпеген. Сондай-ақ, журналист Ник Тошес 2006 жылы суреттің нақты орнын анықтау үшін бірнеше ай уақыт жұмсағаны белгілі. Фотографтың өзін анықтауға, есімін табуға көп уақыт кетті. Сонда Барианның өзі де суретті қай жерде түсіргенін ұмытып кеткен болып шықты. Соңында, нақты орналасқан жері расталды, сурет Берлингтон, Онтариодағы алғашқы еуропалық қоныстанушылар болған Харрис отбасының бұрынғы үйіне апаратын жолда сутүсірілген болып шықты.

Бұл саябақ серуендеуге өте ыңғайлы, өйткені Корольдік ботаникалық бақ жақын жерде орналасқан Канададағы ең үлкен саябақтардың бірі. Берлингтонға жақын Ниагара сарқырамасы орналасқан, оған таксимен жетуге болады.

АҚШ-тағы Портленд шамшырағы, Италиядағы Маттерхон шыңы және Ұлыбританиядағы Стоунхендж – бұл атақты орындар да фотографтардың суретіне түсіп, дүние жүзіндегі миллиондаған адамдардың «жұмыс үстеліне» түсті. Маттерхон шыңы Альпіде орналасқан, бұл әдемі таудың биіктігі 4,5 мың метрге жетеді. Оның көрінісін тамашалау үшін сіз Зермат қауымдастығына баруыңыз керек. Ал шамшырақ 1791 жылы салынған. Ол әлемдегі ең әдемі кадрлардың біріне айналды. Мұнда серуендеуге, сондай-ақ, жергілікті тағамдардың дәмін татуға, шаян мен омардың дәмін татуға болады. Стоунхенджге жыл сайын миллионнан астам турист келеді, бірақ ол жұмбақ күйінде қала береді. Оның қалай және қандай мақсатта салынғаны әлі күнге белгісіз.


© Shutterstock

Бөкен шатқалы — Windows экран түсқағаздарының тағы бір түрі. Бұл осы жануардың түсімен ұқсас болғандықтан сондай атау берілді. Мұнда серуендеп, ерекше көріністерді тамашалай аласыз. Бұл жер фотосессияға өте қолайлы. Мұнда гидтің қызметіне ақы төлеп, навахо үндістерінің рұқсатымен ғана кіруге болады. Шатқалға көктемде және күзде барған дұрыс. Сондай-ақ, жаңбыр мен найзағай кезінде барудан бас тартқан дұрыс: шатқал суға толады.


© Shutterstock

Ал келесі әйгілі сурет Windows 10 операциялық жүйесіне арналған түсқағаз. Сурет Жаңа Зеландияда түсірілген. Суретте Варарики жағажайы көрсетілген. Бұл оңаша жер жақын ауылдан төрт шақырым жерде орналасқан. Фотосуреттегі үлкен тас жоталары — бұл ерекше көрінісі үшін осындай атау алған Арки аралдары (Archway Islands). Бір қызығы, сол жағажайдың суреті бұрын Windows XP жүйесіне енгізілген.


© Shutterstock

Қызық дерек

Windows 10 жүйесінің соңғы нұсқасына арналған жаңа түсқағазда Microsoft логотипіне ұқсайтын жарқыраған көк терезелер бар. Дизайнер Bradley G. Munkowitz (GMUNK) бұл фотосуретті жасау үшін камера, шамдар, лазерлер, тұман, шыны терезелер логотипі және бірнеше компьютерлермен жабдықталған үлкен топты пайдаланды.

Эрмос жағажайы — Windows 10 түсқағаздарына арналған тағы бір теңіз мекені. Ол Лос-Анджелесте, АҚШ-тағы осы аттас қалада орналасқан. Бұл жер волейболшылар, серфингшілер, сондай-ақ, жүгіру мен велоспорт әуесқойлары арасында өте танымал.


© Shutterstock

Норвегияның әйгілі көрнекті жері Атлант жолы да Windows 10 жүйесіне арналған түсқағаз болып табылады. Соқпақ ұзындығы сегіз шақырымды құрайды және Атлант мұхиты жағалауында аяқталады, әрі ұлттық туристік бағыттардың бірі болып табылады. Сіз көлік жалдау арқылы, саяхат барысында итбалықтарды, киттер мен басқа да теңіз жануарларын көре аласыз.

Дүние жүзіндегі миллиондаған адамдардың жұмыс үстелінде мәңгілік сақталған Дурмитор ұлттық саябағы 1952 жылы Черногорияда құрылған. Оған Дурмитор тауы, Тара, Сушица және Драга өзендерінің шатқалдары, сонымен қатар, Комарница үстіртінің жоғарғы бөлігі кіреді. Үстірттің ауданы 390 шаршы шақырымды құрайды. Ол ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген. Мұнда ұзындығы 80 шақырым және тереңдігі 1300 метрге жететін Тара өзенінің Еуропадағы ең үлкен шатқалы бар. Ол АҚШ-тың Аризона штатындағы Үлкен шатқалдан кейін екінші орынды иеленеді.

Лотос гүлі мұнарасы романтикалық атауға ие бұл гранит тас Канаданың солтүстік-батыс аумақтарында, Сэр Джеймс МакБрайан тауынан бір шақырым жерде, Наханни ұлттық саябағында орналасқан. Бұл жартас XX ғасырдың ортасында алғаш ашылған кезде көтерілу мүмкін емес болып көрінген гранит шыңдар тобының бағындырылмаған Арена деп аталатын бөлігі болып табылады. Алғаш рет бұл жартастарды 1960 жылдың шілдесінде ғана бағындырған. Олар АҚШ-тағы 50 классикалық өрмелеу тізіміне енгізілген және «әлемдегі ең эстетикалық әдемі жартастардың бірі» деп аталады.

Бұл жерлерге жету қиын, бірақ мүмкін. Алдымен Канаданың солтүстігіндегі Юкон территориясындағы Уайтхорсқа бару керек. Ванкуверден рейстер бар. Ол жерден көлікпен жете аласыз. Мұнда сізді Глэсир лейкке (Glacier Lake) апаратын гидроұшақты (әр жаққа шамамен 1500 доллар) жалға алуға болады. Қазірдің өзінде осы базадан сіз тікұшақты жалдап (өте қымбат) немесе шыңдарға 7-10 сағат жаяу барсаңыз да болады. Мұнда шілденің аяғында, тамыз айының басында саяхаттау ұсынылады.

Оқи отырыңыз!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *