Алма-арасанда «Наурыз кереметтері» атты мерекелік этнофотокөрме өтті

Бүгін, яғни 05.04.2025 ж. «Іле Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде (Алма-Арасан шатқалы) «Наурыз» халықаралық мерекесі аясында «Фотоөнер» республикалық қоғамдық бірлестігінің фотосуретшілері Оңғарбек Алхаров пен Ернұр Манапханұлының «Наурыз кереметтері» атты мерекелік көшпелі этнофотокөрмесі өтті, деп хабарлайды photooner.kz.
«Байтақ» экологиялық жасылдар партиясы Алматы қаласы Экология басқармасының қолдауымен халықаралық «Наурыз» мерекесін өте жоғары деңгейде өткізді. Осы мерекеге орай арнайы этнофотокөрме қойылды.
Алматының төріндегі Алма-Арасан шатқалында болған көшпелі көрмені ұйымдастырушылар: «Байтақ» экологиялық жасылдар партиясы мен «Фотоөнер» республикалық қоғамдық бірлестігі.
Таңбозынан Асылхан Әбдірайымұлы бастаған Бірлестік мүшелері Алма-Арасан шатқалында орналасқан зәулім қазақи киіз үйдің ішіне айнала фототуындыларды орналастырып қойып, Наурыз халықаралық мерекесін тамашалады. Тамашалап қана қоймай, қолдарына фотоаппараттарын алып, мерекенің ең қызық сәттерінен қайталанбас кадрлар жасауға асықты.
Бұл жолғы Наурыз мерекесінің халықаралық аталуы тегіннен тегін емес екен, себебі осы шара үшін әлемнің бірнеше елінен жасылдар партиясының басшылығы келіп қатысты. Атап айтар болсақ, Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Палестина және т.б. елдердің өкілдері арнайы келіп ерекше фотокөрмені тамашалады. Тамашалап қана қоймай, көрмеге қойылған туындылардың фонында суретке түсіп, авторлармен танысып, сұхбаттасты.
Еліміздің «Байтақ» экологиялық жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев Қазақстанның Еңбек Ері, мемлекет және қоғам қайраткері, қазақтың танымал ақыны, халық жазушысы, драматург Мұхтар Шахановты және шетелдік дипломатиялық миссия өкілдерін ертіп келіп, этнофотокөрмемен арнайы танысты.
«Фотоөнер» республикалық қоғамдық бірлестігінің Президенті Асылхан Әбдірайым мен көрме кураторы Дәурен Мақсұтханұлы фотосуреттердің авторларымен бірге келген меймандарға кезек-кезек таныстырып отырды.
Өз кезегінде фотосуретші Ернұр Манапханұлы «Байтақ» экологиялық жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Сайлауұлына Бірлестіктің атынан өзінің кілемге басылған туындысын тарту етті.
Көшпелі этнографиялық фотокөрмеге Оңғарбек пен Ернұрдың қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, ұлттық киімдері мен салт-дәстүрін, көркем табиғат көріністерін, бір сөзбен айтқанда Наурыздың сән-салтанаты мен көктемгі жаңару рухын бейнелейтін 50-ден астам фототуындысы қойылды.
«Наурыз кереметтері» атты мерекелік этнофотокөрме – қазақ халқының ұлттық дәстүрлері мен Наурыз мейрамының көркем бейнесін айшықтайтын ерекше шығармашылық жоба.
Фотокөрмеде авторлардың объективі арқылы қазақ мәдениетінің терең тамыры мен бүгінгі заманмен тамаша үндестігі көрініс тапқан. Сондықтан да болар, көрмені тамашалаушы шетелдіктер өте ынтызарлықпен қарап тамсанды, қазақ жігіттерінің өнеріне жоғары баға берді.
Оңғарбек Есенбайұлы Алхаров — ҚР Көркем Академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақстан Дизайнерлер Одағының және «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, өнертану ғылымдарының магистрі, суретші-дизайнер, этнофотограф, ұстаз.
Ернұр Манапханұлы — ҚХР Іле-Қазақ автономиялық облысында дүниеге келген. 2019 жылы атажұртқа келіп Алматы қаласына қоныстанған. Содан бері «Фотоөнер» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшелігіне қабылданып, фотоөнерімен үздіксіз айналысып келеді. Бірнеше халықаралық және республикалық фотобайқаулардың жеңімпазы.
Айта кетейік, «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің биылғы жылға жоспарланған фотокөрмелері алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.
Дәурен Мақсұтханұлы,
Көрменің кураторы, фотожурналист,
PhD докторант.
Фотосуреттер автордікі