Алматыда «Наурыз нақыштары» фотокөрмесі ашылды

 Алматыда «Наурыз нақыштары» фотокөрмесі ашылды

Бүгін, яғни 17.03.2025 ж. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ‑да Наурызнаманың онкүндігі шеңберінде Мәдениет және салт-дәстүр күніне орай этнофотограф, ұстаз Оңғарбек Алхаровтың «Наурыз нақыштары» атты мерекелік жеке фотокөрмесі ашылды, — деп хабарлайды photooner.kz.

Журналистика факультетінің фойесіне қойылған фотокөрмені  ұйымдастырушылар: «Фотоөнер» республикалық қоғамдық бірлестігі мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінің Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасы болды.

ҚР Көркем Академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақстан Дизайнерлер Одағының және «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, өнертану ғылымдарының магистрі, суретші-дизайнер, этнофотограф Оңғарбек Есенбайұлы Алхаровтың «Наурыз нақыштары» атты мерекелік жеке фотокөрмесі – қазақ халқының ұлттық дәстүрлері мен Наурыз мейрамының көркем бейнесін айшықтайтын ерекше шығармашылық жоба.

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің солисі, мәдениет саласының үздігі, қобызшы Меруерт Ақанаеваның орындауында Қорқыттың «Қоңыр» күйімен ашылған көрмеге ҚазҰУ дың оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттері және «Фотоөнер» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшелері қатысты.

Алғашқы құттықтау сөзді Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының меңгерушісі, профессор Айгүл Рамазан бастап, көрмені ұйымдастырудағы негізгі мақсатын айта келіп, Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мерекесіне тамаша тарту жасағаны үшін көрме иесі Оңғарбекке ерекше алғысын білдірді.

Келесі сөз кезегін «Фотоөнер» республикалық қоғамдық бірлестігінің Президенті, факультеттің аға оқытушысы Асылхан Әбдірайымұлы алып, көрмеге қойылған жұмыстардың сапасы мен тақырыптық ерекшеліктеріне тоқталып өтті.

Одан кейін Көрменің кураторы Дәурен Мақсұтханұлы, келесі сөз кезегін осы шара үшін арнайы шақырылған қонақ — Қазақстан Авторлар қоғамының бастығы, актер, әнші Байғали Есенәліге берді. Осы кезде Асылхан Әбдірайымұлы куратордың сөзін толықтырып, Байғали Мақұлбекұлының жай көп актердің бірі емес, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының бейнесін сомдағанын айтып еді, жиналған жұрт ду қол соғып, қошемет көрсетті.

Өз кезегінде Байғали Есенәлі фотокөрменің авторы Оңғарбек Есенбайұлына шығармашылық табыстар тілей келе, көрмеге келген болашақ журналистер мен филологтарға қарап фотоөнерінің қадірін түсірмей, кез келген жерде (тіпті әлеуметтік желілерде де) пайдаланғанда фотоның авторын міндетті түрде көрсетіп, авторлық құқықты сақтау керектігін ескертті. Қазіргі кезде фотографияны қолдану жөнінде заң талаптары күшейтілгенін де жеткізді. Тіпті, қазақстандық фотографтың жақын шетелде құқығы бұзылғаны жөнінде арызданған соң, Қазақстан Авторлар қоғамы шұғыл түрде әрекет етіп, фотосуретшінің құқығын қорғап шыққанын мысал ретінде тілге тиек етті.

Фотокөрмені тамашалауға келген жастар төрдегі меймандарға өздерінің көкейінде жүрген сауалдарын да қойып, тұщымды жауаптарын алды.

Көрмеге Наурыздың сән-салтанатын, халықтың тұрмыс-тіршілігін, ұлттық киімдерді, дәстүрлі ойындарды және көктемгі жаңару рухын бейнелейтін 30-ға жуық (28 дана) фототуынды қойылған. Олар түрлі локацияда, әртүрлі ракурста  түсірілгенін байқауға болады. Көрмедегі шығармалардың арасында Журналистика факультетінің оқытушылары мен осында оқитын шетелдік студенттердің ұлттық киімдегі бейнесі де үйлесімді орын тапқан.

Оңғарбектің осы көрмеге қойған туындыларын қарасаңыз, қазақ халқының мәдениеті мен тарихының тым тереңде екендігін анық байқайсыз. Себебі бұл көрмеде қазаққа, тіпті күллі түркі жұртына ортақ түсінік беретін — Ұмай ана, Қазыналы қарт, Ер жігіт, Сұлу әйел, Көрікті бойжеткеннің бейнесі портрет жанрында берілсе, кейбір туындылары философиялық ойға жетелейді.

Бір сөзбен айтқанда фотокөрмеде автордың объективі арқылы қазақ мәдениетінің терең тамыры мен бүгінгі заманмен тамаша үндестігі көрініс тапқан.

Ұлттық мұраны насихаттап, көрермендерді қазақ халқының бай мәдениетімен жақынырақ танысуға шақыратын бұл көрмені Наурыз мерекесіне дейін тамашалап қалуға мүмкіндіктеріңіз бар.

Дәурен Мақсұтханұлы,

өнертану ғылымдарының магистрі,

PhD докторант, фотожурналист

Фотоларды түсіргендер:

Көгершін Амантай, Аружан Вахапова,

Қарақат Дүйсен, Нұрбибі Алчинова

 

Оқи отырыңыз!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *