Алматыда Түркі әлемі фотографтарының құрылтайы өтті

 Алматыда Түркі әлемі фотографтарының құрылтайы өтті

Алматыда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде Түркі әлемі фотографтарының құрылтайы өтті, — деп хабарлайды photooner.kz.

Бұл тарихи жиын түркі мемлекеттерінің фотоөнер саласындағы кәсіби ынтымақтастығын арттыру, мәдени мұраларын визуалды түрде дәріптеу және ортақ құндылықтарды сақтау мақсатында ұйымдастырылды. Құрылтайға Түркия, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан және Түрікменстаннан келген фотосуретшілер, журналистер, ғалымдар мен халықаралық ұйым өкілдері қатысты.

Шараның салтанатты ашылуында “ТҮРКСОЙ” халықаралық ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев сөз сөйлеп, құрылтайдың маңыздылығына тоқталды:

“Түркі әлемі – тұтас мәдени кеңістік. Біздің тарихымызды, өнерімізді, салт-дәстүрімізді фотоөнер тілімен әлемге таныту – уақыт талабы. Бұл құрылтайдың негізгі миссиясы – осы игі міндетті жүзеге асыру.”Сонымен қатар, Қазақстан “Фотоөнер” қоғамдық бірлестігінің президенті Асылхан Әбдірайым жаңа бастаманың түркі халықтарының шығармашылық байланысын нығайтудағы рөлін ерекше атап өтті.Құрылтай барысында “ТҮРКСОЙ” халықаралық ұйымы мен “Фотоөнер” қоғамдық бірлестігі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат түркі әлемі фотографтары арасындағы кәсіби қарым-қатынасты нығайтып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға маңызды қадам болды.Құрылтайға ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының өкілдері, «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің мүшелері, Түркияның беделді университет профессорлары мен фотоөнер мамандары, Қырғызстан, Өзбекстан және Әзірбайжанның танымал фотожурналистері, Nikon компаниясының ТМД елдеріндегі жетекші сарапшылары, сондай-ақ жас дарындар қатысты. Айта кететін жайт: Эркин Болжуров, Мурат Гүр, Дилавар Наджафов және Закир Авшар жиынға онлайн қосылып, өз пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.Құрылтай аясында түркі әлемінің мәдениеті мен өнерін ілгерілетуге бағытталған бірқатар тың ұсыныстар жасалды. Олардың ішінде: ортақ фотокөрмелер ұйымдастыру, тарихи әрі рухани мұраны зерттеу мақсатында этноэкспедициялар өткізу және түркі елдерінің тұрмыс-тіршілігі мен дәстүрін айшықтайтын фотоальбомдар дайындау идеялары бар. Бұл бастамалар бауырлас халықтардың ынтымағын арттырып, ортақ мұраттарды ұлықтауға жол ашады.Жиын соңында қатысушылар суретке түсіп, құрылтайдың символикалық мәртебесін айқындады. Бұл құрылтай – тек фотоөнер мамандарының басқосуы ғана емес, сонымен қатар түркі әлемі мәдениетінің бірлігін паш ететін маңызды оқиға.Түркі әлемінің бейнесі – ортақ мұра, ортақ жауапкершілік.

Аружан ТІЛЕСХАН, журналист

Суреттерді түсірген-Досжан Балабекұлы, Олжас Павлик

Оқи отырыңыз!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *