Алматыда «Қыран» ұлттық аңшылық орталығы ашылды

Бүгін, яғни 04.06.2025 ж. Алматыда «Қыран» ұлттық аңшылық орталығының ашылу рәсімі өтті, — деп хабарлайды photooner.kz.
Алматы қаласының әсем жерінде, дәлірек айтсақ Медеу ауданындағы Сағадат Нұрмағамбетов көшесі, 412 мекен-жайында орналасқан «Қыран» ұлттық аңшылық орталығының ашылуына осы ерекше ұлттық құндылығымызға жанашыр жандармен қатар, «Abai TV», «Хабар» агенттігі сынды телеарналармен қатар басқа да БАҚ өкілдері қатысты.
Салтанатты ашылу рәсімінде Алматы қаласы Медеу ауданы әкімінің орынбасары Айдос Асқарұлы Нұрлыбаев, елімізге белгілі зерттеуші ғалым Сағатбек Медеубекұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, әнші Сұлушаш Нұрмағамбетова және өзге де елге белгілі азаматтар құттықтау сөз сөйлеп, қазақтың салтына сай Орталықтың директоры Бағдат Мүптекеқызына камзол кигізіп, естелік сый-сияпаттар жасады.
Орталықтың ашылуы бүгінгі мереке — 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күнімен тұспа-тұс келгені жайдан жай емес. Мемлекеттік туымыздағы қыран — күн көзіне тіке ұшалатын, «бүкіл әлемді қос қанатына сыйдырған» ерекше қасиетті, киелі құс.
Тәуелсіз Қазақстанның көгілдір туында қанат қаққан қыран — қазақтың сан ғасырлар бойы еркіндікке, бейбіт өмірге ұмтылған рухы мықты халықтың өркениет биігіндегі анық бағыты, бабаларымыздың асыл арманын қос қанатына қондырған аманаты.
Ерекше қасиетке ие көк туымыз көкке көтерілгенде бір сәт тебіренбейтін жан болмас. Әдемі, айшықты туды құшағына қысып, сүйіп тұрып, кеудесін мақтаныш керген, қыранмен бірге қияға қанат қаққан намысты ұрпағының рухы биіктеп келе жатқанының белгісі.
Бүгінгі шара халқымыз көп жылдар бойы күткен ерекше оқиға. Елімізде тұңғыш рет Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Медеу ауданында «Қыран» ұлттық аңшылық орталығы шаңырақ көтерді. Бұл бекзат өнердің өн бойындағы ерекше, өзгелерде жоқ, өлшеуге келмейтін өмірдің қайталанбас қимас қызығы, бабадан жалғасқан «жігітке тән жеті өнер», «төрт асыл», биік рух, жылдамдық, дәлдік, төзімділік топтасқан дала мәдениеті бүгінде өршелене алға қарай аса жылдамдықпен дамып бара жатқан өркениет көшінің көлеңкесінде қалып бара жатқаны жасырын емес.
Екі қабатты сәулетті ғимаратта алдағы уақытта «Қыран» ұлттық аңшылық орталығы «Аңшылық» музейін ашып, елімізде, шет елдерде болатын көрмелерге қала атынан баратын көшпелі шеберхана орналастырып, қала жастарына рухани қазынасын көрсетіп, кәсіп иелері болуға көмектеседі.
«Қыран» федерациясы қоғамдық қорының «Қыран» ұлттық аңшылық орталығының директоры Бағдат Мүптекеқызы: «Алматыға ат басын тіреген қонақтарға қазақтың бабадан қалған мол мұрасын насихаттауда туристік компаниялармен байланыс орнатуды жоспарлап отырмыз. Жастарды отансүйгіштікке, ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға арналаған «Болашақ бізден басталады», «Киіз үйдегі кездесу» және осындай бірнеше қызықты жобаларымыз бар. Халқымыздың бойындағы бар қасиетін танытатын, Мемлекттік рәмізіміз — көк туымызда қанат қаққан киелі қыран арқылы ұрпақты ата бабадан қалған асыл мұрамызбен тәрбиелей отырып, әлем жұртшылығын Ұлы даланың сан ғасырлар бойы сақталып келген рухани, мәдени бай мұраларымен таныстыру арқылы ел экономикасының басты қозғалтқышы — туризм саласының дамуына да өз үлесімізді қоса беретін боламыз» — деп ағынан жарылды.
Орталық — жастардың бойында бұғып жатқан рухты оятып, ұлттық өнердің түрлі саласы бойынша (ұлттық спорт түрлері: бүркіт, сұңқар, қаршыға салу, тоғызқұмалақ, садақ ату, асық ойнау және сурет салу, музыка, қолданбалы өнер және т.б. үйірмелер ашу) кездесулер, шеберлік сабақтарына қатыстыра отырып, өсе келе өзіне және қоғамға пайдалы рухани серік болатын өнер түрлеріне баули отырып, мамандыққа жол көрсетуді мақсат етеді.
Дәурен Мақсұтханұлы, фотожурналист.
Фотосуреттерді түсірген автор