«Аna tili-нің» Азаматы

 «Аna tili-нің» Азаматы

Фотография – шын мәнінде нағыз өнердің өзі. Десек те, біз көбінесе отырыстарда суретке түсуді әдетке айналдырып алғанбыз. Бірақ қалай түсіреміз? Ол жағына мән бере бермейміз. Айтпағымыз, фотоаппарат ұстағанның бәрі фотограф емес. Бұл өнер екінің біріне қона бермейді.
Жалпы, әлемде бұл салаға ерекше мән беріледі. Фотоөнер жоғары бағаланады. Сондықтан да болар, фотография саласына арналған үш даталы мерекелі күн бар екен. Әлемде 12 шілде – Фотографтар күні, 19 тамыз – Фотография, ал 5 қараша Ескі фотографияларды қарау күні деп белгіленген. Ал мұны күнделікті өмірде кәсіпке айналдырып алған жандар жоқ емес, бар. Күнделікті нәпақасын тауып жүргендер де жетерлік. ТikTok-та күні бойы көшеде жүріп, сұлуларды түсіріп, өзінің Instagram-дағы парақшасына салатын көше фотографтары қазір көбейді. Олар оқырманын осылай жинайды. Демек, біздің бұл саланы өміршең өнер деп отырғанымыз сондықтан. Бұл туралы photooner.kz сайты «Аna tili» ұлт газетіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Фотография – келешек үшін керек тарих. Адам баласы суретке түскенде бұл бір сәттік қуаныш болып көрінуі мүмкін. Бірақ уақыт өте келе қас-қағым сәтте фотографтың түсірген суреті тарихқа айналады. Оны өзі де байқамауы мүмкін. Мұны неге айтып отырмыз?
«Аna tili» газетінің фототілшісі Азамат Құсайыновтың өткен аптада Ұлттық кітапханада көрмесі өтті. Көрмеге жиырмадан астам суреті қойылды. Тамашалауға келген көпшілік фотографияның шын мәнінде хас өнер екеніне көз жеткізді. Өйт­кені өткен күн тарихқа осылай айналады. Ұлт басылымының 35 жылдығы аясында өткен көрмеге келушілер ризашылығын білдіріп қайтты. Көпшілік Азаматтың суреттерін көру арқылы өткенге көз жүгіртті, талай жайтты еске түсірді. Сұлулыққа сұқтанды, шабыт алды. Қысқасы рақаттанып, ләззат алғанын көз көрді. Көрмеден олар өмірден өткен өз замандастары­ның жарқын бейнесін көрді.
Ал ақиқатын айтсақ, Азаматтың фотографтық жұмысы ең алғаш рет «Ulan» газетінен басталды. Оның бұл салаға келуі кездейсоқтық емес, өзіндік себебі бар. Ағасы Самат Құсайынов та фотограф. Бала кезінде ол ағасының түсірген суреттеріне қызықты. Ауылда жүргенде Саматтың түсірген фотолары «Ulan», «Аna tili», «Aq jelken» және басқа газет-журналдарда жарияланып жататын. Газеттегі көп фотоның бір шетіне «Суретті түсірген Самат Құсайынов» деген жазуды көргенде ол шаттанып, көңілі марқайып қалатын. Осылайша, Азаматтың да қызығушылығы оянады. Енді, міне, 15 жылдан аса уақыт өтті, өзі де фотограф болып, осы саланы еркін меңгеріп жүр.


Кез келген адам иығына аппаратты асып жүргенімен, соның ешқайсысы шебер түсіре алмайды. Ол үшін ой, идея керек. Қас қағым сәттегі қимылды жібермей, ұстап қалған дұрыс. Фотографқа керек қағидалар осы. Кейіпкердің характерін ашатын сәтті жібермеу қажет. Сонда ғана суреттің сәні, мәні кіреді. Адамдарды қатар тұрғызып қойып түсіре беруді кез келген адам істей алады. Бірақ одан сәнді, мәнді сурет шыға ма?
Оны фотография саласына ағасы Самат жетелеп әкелді. Суретке түсірудің қыр-сырын үйретті. Екінші ұстазы – «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылхан Әбдірайымұлы. Асылхан ұстазы үйретуден жалыққан жоқ. Нәтижесі, ақыры, өзі түсіре бастады.


– Алғашқы көрмемді жұртшылыққа 2010 жылдары ұсындым «Қаламгер-­Азамат» деген форум өтіп, отызға жуық суретімді жұртшылықтың назарына ұсындым. Көрмеге ақын-жазушылардың, тарихи тұлғалардың, балалар мен табиғаттың және ауыл көріністері қойылды. Жұртшылықтың ықыласы шексіз болды. Фотограф үшін басты нәрсе – өмір бойы үйрену, іздену. Қас қағым қызықты сәтті қалт жібермеу. Сонда ғана сурет әрлі, әдемі шығады. Әр адамның қимыл-әрекеті, характері бар. Суреттен мұның бәрі көрініп тұруы керек. Фотография – өнер. Ал өнер құрметті, шабытты, шексіздікті сүйеді, – дейді «Ana tili-нің» фототілшісі Азамат Құсайынов.


Оларды үй ішімен фотограф десе де болады. Ағасы Самат қазір «Алматы ақшамы» газетінде фототілші, ал Мақсат Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрында жұмыс істейді.
Өмірде мамандық таңдауда қателеспеген жақсы. Өйткені мамандық өміріңнің мәні. Мұны Азамат жақсы түсінеді. Ерінбейді. Қашан көрсең, қолында фотоаппараты. Енді ше, кәсіп, еңбек қой бұл. Сұлулықты, әдемілікті көрсе, қалт жібермейді.
«Аna tili» газетінің 35 жылдық мерейтойы аясында өткен көрмеде Азаматтың суреттеріне келген жұртшылық көп аялдап қарады. Тарих қой. Танымал тұлғалардың суретіне ұзақ қарағандардың қарасы аз болған жоқ. Тіпті ақын-жазушылардың өздерінде жоқ суреттерді олар сұрап жатты. Ұрпақтары алғысын жаудырды. Қызыға тамашалады. Жалпы, фототілші жұртты тарихта қалдыратын, ал өздері суретке көп түсе бермейтін халық қой. Осынысымен де құнды мамандық шығар.


«Аna tili-нің» қорында қазір Азамат Құсайыновтың он мыңға тарта суреті бар. Бәрі компьютерде сала-салаға жіктеліп, сақталып қойылған. Цифрланған. Рас, қор барда қиналмайсың. Газетке қажет кезде, кез келген уақытта Азаматтың суреттерін пайдалана беруге болады. Ал фото ешқашан ескірмейді. Қайта тарихты еске салып, жаңғыртады.
Ал Азаматтың кішкентай сәбилер мен балаларды түсірген айшықты суреттері көп. Жүрекке жылы. Балалардың кіршіксіз жарқын бейнесі жаныңда мәңгілік қалады. Бұл да болса шеберлік. Ал Азамат қашан да үйренуден жалыққан адам емес.
Философ, жазушы Сьюзен Зонтаг: «Фотосурет – көрудің грамматикасы, одан да маңыздысы – көрудің этикасы», – деген екен. Әлемдік фотография үшін ең бірінші ақиқат маңызды. Ол туралы Сьюзен Зонтаг өзінің «Фотография туралы» еңбегінде Платон үңгірін мысалға алған екен. «Адамзат ешкім құтқара алмайтындай «Платон үңгірінде» қалады, олар шындықты көре алмай, шындық деп таныған қабырғадағы көлеңке бейнелі көрініске мас болып, рақаттана жатады, бұл жердегі шынайы көрініс деп тұрғанымыз, ол – фотография», – деп жазған екен еңбегінде.


Шынымен, кәсіби фотографтардың түсірген суреттерін, ең алдымен, көре білу қажет. Сұлулық қой ол, сондықтан сұқтана қарау қажет. Әр суреттің астарында тарих жатыр. Адамның тағдыры бар. Ойлы жүздегі суретте мұң, қуаныш, шабыт, ізденіс пен мақсат көкірек көзі бар адамға көрініп тұрады. Сондықтан ілулі тұрған суретке қарамай өтудің өзі аса құптарлық емес. Біз жақсыны көре білуіміз қажет. Азаматтың суреттерінде осындай ойлылық пен қуаныш, сұлулық пен көркемдіктің құдіреті жатыр.

Досжан Балабекұлы, «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің мүшесі: 

Бұл салада оның өз қолтаңбасы бар 

«Аna tili» ұлт газетінің мерейтойы аясында фототілші Азамат Құсайынов­тың туған жер, балалар, ұлттық спорт, ұлттық киім, танымал қаламгерлер мен қоғам қайраткерлерінің бейнесі қамтылған фотосуреттерінен тұратын көрмесін көрдік.
Азамат түсірген фотосуреттері арқылы ұлттық болмысымызды суреттеуге тырысады. Сондықтан да қазақи дидар мен отаншылдық оның әрбір кадрынан анық сезіледі. Оның алғашқы фотоөнердегі ізденісі балалар тақырыбынан басталғанынан хабардармын. Балалар жазушысы болу қандай қиын болса, оларды фотообъективке түсіру де оңай емес. Баламен дос болып, сәбидің қас қағым сәтін фотоаппаратқа сыйдыру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бұл фототехниканы кәсіп ретінде ұстаған маманның ғана қолынан келеді. Азаматтың шеберлігі балалар тақырыбындағы ізденісі мен шынайылығында жатыр. Ал оның ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі шығармашылығы – бөлек әңгіме. Бұл оның ұлт газетінде жұмыс істейтінінен де хабар беретін белгі секілді.


Фотожурналист тарихты жазады. Тарихты фотографиямен ақпараттандырады. Азамат та ұлттық тарихты фототілмен өрнектеген. Оның көрмедегі бір суреті маған айрықша әсер етті «Мейірім» деп аталатын туындысынан әженінің немересіне деген қимастық сезімі, сағынышы мен мейірі айқын сезіліп тұр. Оқиға сондай шынайы. Ақжаулықты әженің жүзі, бөбектің көзқарасы, немелерін көтеріп жатқан ұлының бейнесі – бәрі-бәрі өзара үйлесімде тұр. Азаматтың қас қағым сәтті жедел басып алған көрінісі көңілге жылулық сыйлады. Ол отбасы құндылығын фотографияның құдіреті арқылы арттырды. Ал «Анамның тілі» атты фотокартинасын түсіргенде жанында болғанмын.
Жалпы, бір байқағаным, Азамат портрет түсіруге асқан шебер, оның бұл салада өз қолтаңбасы бар. Сондықтан алдағы уақытта оның суреттері жарқырап, жұртшылықтың алдына шыға бермек.

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ, «Ana tili»

Суреттерді түсірген — Азамат Құсайынов, «Ana tili»

Оқи отырыңыз!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *