Қазақ фотоөнерінің шежіресі
ҚазҰУ-дың Журналистика факультетінде «Қазақ университеті» баспасынан «Қазақ фотошежірешілері: тарих, дерек, өнер» атты фотоэнциклопедиясының тұсаукесері өтті. Тың туынды қоғам санасын фото арқылы мемлекеттік мүддеге, ұлттық мұратқа, эстетикалық талаптарға жұмылдыра білген қайраткерлердің шығармашылығы және ұлттық фотоөнер тарихын жан-жақты баяндайды.
Кітапты құрастырушы Асылхан Әбдірайымұлы бұл басылымды жарыққа шығаруға атсалысқан ҚазҰУ ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтановқа ризашылығын білдірді.
Шарада Журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы: «Ақыл кіргеннен бастап өзінің көргенін, білгенін тасқа таңбалау арқылы кейінгі ұрпаққа қалдыруды мұрат еткен фотошеберлердің еңбегі ұшан-теңіз. Әрқайсымыздың қолымызда мүмкіндік бар бүгінгі кезде фотоөнер тіпті қиындаған секілді болып тұрады. Бірақ оны кәсіби шеберлікпен көріп, оны бағалау, қажетті сәттерді қалт жібермей, түсіріп алу және оны миллиондардың мүлкіне айналдыру – екінің бірінің қолынан келе бермейді. Көрінгеннің бәрін түсіре беру – фотоөнеріне жатпайды. Фотоаппараттың көзімен, ұлтқа қажет, ұрпаққа қажет, тарихқа қажет дүниелерді түсіріп, тарихқа таңбалау – шындығында шеберлердің ісі. Осындай үлкен істі бір кездері біздің университеттің Журналистика факультеті жанынан құрылған «Фотопублицистер» клубы қолға алған еді. Ол кейіннен «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігіне айналды. Оның басында жүрген ұстаздарыңыз – Асылхан Әбдірайымұлы. Осыған дейін де қазақ фотөнеріне қатысты еңбек шыққан. Бүгін екінші шығарылымы бұрынғыға кірмеген 21 фотографтың еңбегімен толықты. Бұл кітаптың ішінде Қазақстан тарихына деген ең таңдаулы, ең әсерлі, ең ықпалды санаға да, сезімге де әсер ететін бейнелер түсірілген», – деп қазақ фотоөнерінің кешегісі мен бүгініне тоқталды.
Көрнекті ғалым Сағатбек Медеубекұлының алғысөзінен кейін хронодокументалист, фотожурналист Мұрат Мәмбетов, филология ғылымдарының докторы, профессор Кәкен Қамзин және «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, фотожурналист Асылхан Әбдірайымдар кітаптың тұсауын кесті.
Салтанатты сәттен кейін Журналистика факультетінің профессоры Кәкен Қамзин: «Біз өзіміз де сезбей қаламыз… Өйткені өзіміз тарихты жасап жатырмыз… Бұл – кәдімгі тарихтың, өркениеттің қадамы. Өркениет пен мәдениетті осындай жаңа әдіспен ұстап қалу, болашаққа жеткізу, бүгінгі күннің игілігіне айналдыру – фотошежірешілердің дүниесін есейтті. Расында, бүгін тұсауы кесілген фотоэнциклопедия – біз үшін құнды еңбек. Мұны кейін ұрпақтарымыз іздеп жүріп оқиды. Өйткені мұнда деректі дүние мен образ қауышқан. Еңбекте мәдениет пен өркениет, тарих және журналистика қатар келеді. Міне, біз бүгін үйретіп жүрген конвергенция құбылысының өзі осында жатыр. Сондықтан Асылхан бауырымызға құтты болсын айтамыз!» – деп ақ тілегін білдірді.
– Көп жылдан бері көмескі қалған бір өнер болса, ол – фотоөнер жанры. Қалған өнер саласындағы жанрлардың барлығында жанашыры бар. Оны марапаттайтын адамдары да бар, ал фотосурет түсіретіндерді аса қолдай қоятын адам жоқ болатын. Бұл өнердің де жерде жатпайтындығын, елдің игілігіне айналатынын кезі келеді екен. Асылхан деген азамат, көп жылдан көміліп жатқан сол бір дүниені тірілтіп, жандырып, елдің игілігіне ұсына білді, – дейді ардагер фотожурналист Нұрманбет Қизатұлы.
Журналистика факультетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Қосылған Әбжанов мырзаның да бұл саладан алыстығы жоқ. Бітірген мамандығы да осы сала бойынша. Суретті көрген сәтте таниды. Жиында Қосылған Әбжанов: «Киноның өзі фотографиядан басталған. Кейде кәсіби кинофильмнің өзі фотографияға тәуелді болып қалатын кездері де болады. Сол тұрғыдан алғанда, кітаптың ішіндегі тарихи тұлғалар туралы кино жасалатын болса, іздеген көріністі кітаптан табамыз. Бұл – кітаптың бір ғана құндылығы. Екіншіден, кітапта берілген әр фотографиядан суретті оқуға болады. Әрбір адамның ішкі дүниесін ашатындай сурет болуы керек. Суреттегі кейіпкердің көзқарасынан-ақ, ойын, не айтайын деп отырған сөзін анық білетіндей кадр – мықты дүниеге айналады. Кітаптан сондай сәттер көп кездесті. Сонысымен де құнды», – деп өз пікірін білдірді.
Шарада ардагер ұстаз Қожаберген Ахметов, «Қазақ университеті» баспасының қызметкері Сәуле Серікбаева сөз алып, кітап туралы, қазақ фотоөнеріне тоқталып, оның майталмандарына алғыс білдірді.
– Ұлтымыздың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлының фотография өнерімен айналысқандығын бүгінгілер біле бермеуі мүмкін. Қазақ фотоөнері тарихы үшін Мұхаметжан Тынышпаевтың ұлы Ескендірдің фотографиямен айналысуына себеп болғандығы да тың дерек. Демек Алаш зиялыларының да заманауи технологиялық жаңалыққа іңкәр көңілмен қарап, ұлт ұрпақтарының да бұл өнерді игергендігін мұрат еткендігі – алаштанушылар үшін көңіл аударарлық ақиқат, – дейді фотоэнциклопедия құрастырушы Асылхан Әбдірайымұлы.
Зиялы қауымының да Ахаң бастаған дәстүрді жалғастырғанын білеміз. Мысалы, Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов түсірген фотолар, негізінен өз заманының тарихи тұлғаларын бейнелейді.
Әдетте қарапайым халық фотоға қарағанмен, оны кімнің түсіргеніне мән бере бермейді. Сол себепті, фотографтардың есімі қалтарыста қалып қояды. Ел көзіне көп еленбесе де еңбегі тарихта тайға таңба басқандай айқын қалған фотографтар туралы деректер де аса маңызды. Қасымбек Нұрбекұлы, Жақсылық Тұрлыбеков, Мұрат Мәмбетов, Берсінбек Сәрсенов, Талғатбек Асанов, Шүкір Шахай, Болат Омарәлиев, Амангелді Мутигуллин, т.б. көптеген фотоөнер майталмандарын осы альбомнан тануға болады.
Айта кетерлігі, қазақ фотоөнерінің шежірелі фотоэнциклопедиясына газетіміздің фотожурналистері, бірнеше фотобайқаулардың жүлдегерлері болған Советбек Мағзұмов пен Айтжан Мұрзановтар да енді. Қос әріптесімізді құттықтай отырып, шығармашылық табыс тілейміз!
Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ