«Бүгінгі фотосурет-ертеңгі тарих» атты фотокітаптың таныстырылымы өтті

 «Бүгінгі фотосурет-ертеңгі тарих» атты фотокітаптың таныстырылымы өтті

Бүгін, яғни 10.04.2025 ж. Алматы қаласындағы  ҚР Ұлттық кітапханасының үлкен мәжіліс залында ардагер фотожурналист Қалиғұмар Қабдешұлының 85 жылдық мерейтойына орай дайындалған «Бүгінгі фотосурет – ертеңгі тарих» атты фотокітаптың тұсаукесері өтті, деп хабарлайды photooner.kz.

Ардагер фотожурналистің мерейтойына арналған шара «Бүгінгі фотосурет – ертеңгі тарих» атты арнайы ұйымдастырылған фотокөрменің ашылуымен басталды.

Шараға Қалиғұмар Қабдешұлының замандас әріптестері, баспагерлер, журналистер, фотожурналистер, ақындар мен театр қайраткерлері, БАҚ өкілдері мен студенттер қатысты.

Мерейтойлық шараға Астанадан, Түркістаннан, Өскеменнен, Алматы облысынан «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің мүшелері арнайы келіп, құрмет көрсетті.

Фотокөрменің ашылуы: Көрменің салтанатты ашылуында сонау Шығыстан, өр Алтайдан арнайы келген Бауыржан Құмарбеков халқымыздың «Айхай 25» атты әнін құйқылжыта орындап, жиылған жұрттың көңілін одан әрі бір көтеріп тастады.

Көрме кураторы Дәурен Мақсұтханұлы алғашқы сөзді «Невада-Семей» Халықаралық антиядролық қозғалысының Вице-президенті, Еуразия Халықаралық экономикалық академиясының және Қазақстан Журналистер академиясының академигі, баспагер Валерий Айтмұқашұлы Жандәулетовке берді.

Одан кейін сөз кезегін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері, актер — Айдос Бектемір алса, Ұйымдастырушылар атынан «Фотоөнер» республикалық қоғамдық бірлестігінің Президенті Асылхан Әбдірайымұлы сөз алып, Қалиғұмар ағаның жартығасырлық шығармашылық көрмесі жайлы қысқаша айта келіп, барлық қонақтарды көрмені тамашалауға шақырды.

Лента қию рәсімі: көгілдір түсті таспаны Қалиғұмар ағаның мерейтойына арнайы келген құрметті қонақтар: Нұрманбет Қизатұлы, Сағымбай Қозыбаев, Ұлықбек Есдәулет, Валерий Жандәулетовтер бірлесе қиып, фотокөрмені ресми ашты. Мерейтой иесінің келіндері мен қыздары арнайы шашу шашты. Содан соң, барлық жиналғандар фотокөрмені тамашалауға мүмкіндік алды.

«Бүгінгі фотосурет – ертеңгі тарих» атты ғұмырнамалық фотокітаптың тұсаукесері

Үлкен мәжіліс залында модератор Асылхан Әбдірайым: «Армысыздар, құрметті кітапсүйер қауым! Мінекей, бүгін ұлт руханиятының ортақ ордасына айналған ҚР Ұлттық Кітапханасының үлкен мәжіліс залында ерекше кітап тойы өтуде. Бүгінгі жиын, бүгінгі отырыс бұрынғыдан ерекше. Себебі бүгін КСРО және ЮНЕСКО Халықаралық журналистер ұйымының мүшесі, Республикалық, халықаралық фотокөрмелердің жүлдегері, фотожурналист Қалиғұмар Қабдешұлының 85 жылдық мерейтойын ресми түрде бастап отырмыз» деп, кіріспе сөзін бастады да, ары қарай, «Фотоөнер» республикалық қоғамдық бірлестігінің құрметті мүшесі, ардагер ақсақалымыздың осы күнін біздер асыға күттік десек артық айтқандық емес. Себебі өз ғұмырының елу жылдан астам уақытын туған еліне арнаған фотожурналист Қалиғұмар Қабдешұлы күллі қазаққа ортақ тұлға» деп, бір қайырды.

Содан кейін: «Фотоөнер» республикалық қоғамдық бірлестігі атынан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінің Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасына, ҚР Ұлттық Кітапханасының ұжымына, Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік кітап палатасына және «Дарын» баспасына бүгінгі шараның жүзеге асуына өз үлестерін қосқандары үшін алғыс білдірді де, «Бүгінгі фотосурет – ертеңгі тарих» атты ғұмырнамалық кітаптың тұсаукесеріне келген барлық азаматтарды тізім бойынша таныстырып өтті.

Өз кезегінде Асылхан Әбдірайым, Қ.Қабдешұлын Бірлестіктің атынан арнайы Құрмет грамотасымен марапаттап, иығына «Қазақстан» атты шапан жапты.

Модератор кезек кітаптың тұсауын кесуге келгенде, ортаға Қалиғұмар Қабдешұлын, Нұрманбет Қизатұлын, Сағымбай Қабашұлын, Валерий Айтмұқашұлын, Ұлықбек Оразбайұлын, Ғазиза Құдайбергенқызын және осы кітаптың құрастырушы-авторы Дәурен Мақсұтханұлын шақырды. Барлығы ту түстес таспаны қиып болған соң бір-бір кітаптан ұстап тұрып естелік фотосуретке түсті.

Алғашқы құттықтау сөзді Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын, журналист әрі Қалиғұмар ағаның інісі, осы фотокітаптың кейіпкері – Ұлықбек Оразбайұлы Есдәулет алып, Қалиғұмар аға жайлы өз естеліктерімен бөлісті. Осы арада модератор: «Құрметті жиылған қауым, мен ең алдымен осы шараны өткізуге Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті тарапынан қолдау білдіргені үшін комитет төрағасы Рустам Әли мырзаға ұйымдастырушылар атынан ризашылығымызды білдіремін» — деп, осы айтулы шараны Ұлттық кітапхана төрінде өткізуге рұқсат берген мемлекеттік органды атап өтті.

Одан кейін құттықтау сөзді еліміздің шығысынан арнайы келген «Фотоөнер» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі, «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің аймақтық тілшісі, Қазақстан Журналистер одағы ШҚО филиалының төрағасы Мерей Қайнарұлы алып, Қ.Қабдешұлының тұлғалық келбетіне қысқаша тоқтала келе, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Н.Сақтағановтың және ШҚО Марқакөл ауданының әкімі Р.Кемешевтің атынан шапан мен қаржылай конверт табыстады.

Келесі сөз кезегі қазақстандық театр режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА профессоры, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының қоюшы-режиссері Әубәкір Рахимовке берілді. Әубәкір аға Қалиғұмар Қабдешұлын бұрыннан жақсы білетін азамат ретінде өз естелігін қызықты етіп әңгімелеп берді.

Өскеменнен арнайы келген «Фотоөнер» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі, «Рудный Алтай» газетінің фототілшісі Аяужан Өтеулинова Қ.Қабдешұлының Үнді мұхиты елдеріне жасаған сапарларына тоқталып өтті.

Сөз кезегі осы «Бүгінгі фотосурет – ертеңгі тарих» атты фотокітаптың құрастырушы-авторы, «Фотоөнер» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі, фотожурналист Дәурен Мақсұтханұлына ұсынылып, ол кітаптің ерекшелігі туралы қысқаша айтып берді.

Модератор келесі сөзді «Ұлы Дала» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Халықаралық Д.А.Қонаев қорының өкілі, тарихшы, қоғам қайтаркері Ғабиден Әділбекұлы Жәкейге берді. Ғабиден мырза Қалиғұмар ағаға Д.Қонаевтың арнайы төсбелгісі мен «От Сталина до Горбачева» кітабын сыйлады және Дәуренмен осы уақытқа дейін бірнеше ірі жобаларды бірге жоғары деңгейде атқарып жүргендерін айта келе, оны Армия генералы, еліміздің тұңғыш қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдығына арналған мерейтойлық төсбелгімен марапаттады.

Одан кейін арнайы келген қонақтар мерейтой иесі Қалиғұмар Қабдешұлын мерейтойымен құттықтады.

Астанадан осы шара үшін арнайы келген Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Көркем академиясының академигі, ҚР Суретшілер, Журналистер және Еуразия көркемсурет одақтарының мүшесі, журналист, суретші, режиссер, продюсер Жанұзақ Керімбекұлы Мүсәпір фотоөнерінің маңыздылығы жайлы тереңнен бойлап, сөзінің соңында мерейтой иесін жалынды сөзімен құттықтады.

Халықаралық Д.А.Қонаев қорының вице-Президенті, Әлемдік Жазушылар одағының құрметті мүшесі, Қазақстан Республикасының құрметті азаматы, ҚР Ішкі Істер органының ардагері, желтоқсаншы Дәулетбек Жанботаев құттықтау сөзін айта келе, мерейтой иесінің кеудесіне Дінмұхамет Ахметұлы Қонаевтың орденін тағып, басына құндыз бөрік, иығына оқалы шапан жапты.

Ал, журналист, фольклоршы, шежіреші-зерттеуші Асқар Игенұлы Қалиғұмар ағаның 85 жас мерейтойына арнау өлеңін оқыды.

Одан кейін КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтардың иегері, Қазақстанның Еңбек Ері, актер, режиссер Асанәлі Әшімовтың бейнеқұттықтауына кезек берілді.

Жиынның соңына қарай Қалиғұмар Қабдешұлы өзі қорытынды сөз сөйлеп, жиынға қатысқандарға ризашылығын айта келе құрметті қонақтарды арнайы жайылған дастарханға шақырады.

Ресми жиын Қазақстан журналистикасы мен фотоөнерінің қайраткері, Халықаралық Жамбыл сыйлығының лауреаты, Абай атындағы ҚазҰПУ фотожурналисі, ардагер фототілші Нұрманбет Қизатұлының бата беруімен аяқталды.

Нұрманбет аға бата беріп болған соң, модератор ресми шара аяқталғанын айта келе, «Құрметті қонақтар, баршаңызға алтын уақыттарыңызды бөліп келгендеріңіз үшін алғыс айта отырып, бүгінен бастап Қалиғұмар Қабдешұлының 85 жылдық мерейтойы басталғанын жария етеміз. Ал енді баршамыз естелік фотосуретке түсейік. Қалай десек те «Бүгінгі фотосурет — ертеңгі тарих!» — деп, сөзін аяқтады.

Одан кейінгі отырыс Қалиғұмар ағаның отбасы дайындаған «Sydyq» мейрамханасындағы арнайы дастарханға ұласты.

Түйін: аталмыш кітаптың ең маңыздысы, осы кезге дейін «Құпия сапар» деген грифпен жарияланбай келген Антарктидадағы «Оңтүстік полюсте», яғни сондағы «Мирный» ғылыми-зерттеу станциясында түсірген фотосуреттері тұңғыш рет жарияланып отыр.

Қалиғұмар Қабдешұлы 1965 жылы Антарктидада болып мәңгі мұзды өлкені суретке түсірген және 1983 жылы Халықаралық Журналистер ұйымының мүшесі ретінде Чехословакияда №000017 қызметтік куәлігін алып ЮНЕСКО деңгейінде мойындалған алғашқы қазақ фотографы ретінде тарихқа еніп отыр.

Тағы бір айта кетерлігі, кітапқа фототілшінің фотосуреттері алғаш рет жанр-жанрға жіктеліп берілді.

Жинақ-кітап ғылыми-әдістемелік құрал ретінде студенттерге, ізденуші магистранттар мен докторанттарға және фотоөнерді қадірлейтін барша өнерсүйер қауымға арналған.

234 беттен тұратын ғұмырнамалық фотокітап «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің және Қабдешевтер әулетінің қолдауымен «Дарын» баспасынан таралымы 500 данамен жарық көрді. Кітаптағы баға жетпес құнды фотосуреттер Қ.Қабдешұлының жеке архивінен алынды.

Дәурен Мақсұтханұлы,

Фотожурналист, өнертанушы, PhD докторант.

Фотоларды түсірген: Досжан Балабекұлы

 

 

 

Оқи отырыңыз!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *