Бөкеевтер әулеті және құнды суреттер тарихы
Қазақтың біртуар ақыны, Жәңгір ханның немересі Шәңгерей Бөкеев қазақтан шыққан тұңғыш фотограф екенін біреу білсе, біреу білмейді. Әлемде фотография өнерінің пайда болғанына 180 жыл толса, осыдан 120 жыл бұрын Шәңгерей өзінің фотоаппаратымен тұңғыш суреттерін түсірген. Бұл кезде әлемде көптеген халықтар фотоөнердің не екенінен мүлдем бейхабар еді. Әдетте «қазақтар фотоөнерді Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін игерді» дейтін сыңаржақ пікір бар. Міне, Шәңгерей ақынның бір топ суретін жариялап отырмыз. Кейбірі баспа бетін алғаш рет көріп отыр.
Ақын ұрпағы әрі мұрагері Шолпанай Аманжолова апамыздың айтуынша, жоғарыдағы ақынның өз суреті ұзақ жылдар бойы жеке архивінде сақталған. Тозуға айналған мұраны «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ҚазҰУ Журналистика факультетінің аға оқытушысы Асылхан Әбдірайымұлы мен елімізге танымал суретші-график Нұран Айымбетов ұзақ уақыт еңбектену арқылы қалпына келтірген. Біз оқырман назарына құнды жәдігер саналатын фотолармен қатар Бөкеевтер әулетінің қысқаша шежірелік тарихын ұсынуды жөн көрдік.
Түркі халықтарына қазақ даласының ұлы ақыны ретінде танылған Шәңгерей Бөкеев 1847 жылы тамыз айында дүниеге келген. Ата-тегін таратып айтсақ: Шәңгерей – Сейіткерей – Жәңгір (қазақтың соңғы ханы) – Бөкей – Нұралы – Әбілқайыр. Ал Әбілқайыр хан – Шыңғыс ханның бір ұрпағы.
Шәңгерей Бөкеев өмір мен өлім, махаббат, табиғат сұлулығы, ар-намыс жайында жырлаған. Оның өлең-жырлары мен әндері түркі халықтарының құндылықтарын асқақтата жырлауымен де құнды.
Сейіткерей мен Ермекжанның шаңырағында дүниеге келген Шәңгерей ерте жастағы өлеңдерінің бірінде былай деген: «Қой жылы тамыз ішінде шығып ана қарнынан, мүлкі болдым паң дүние».
Сейіткерейдің тұңғыш ұлы Мұхаметкерей Жәңгір ханның көзі тірі кезінде, архивтік деректерге сүйене отырып нақтырақ айтсақ, 1845 жылы (9 тамызға дейін) дүниеге келген. Мұхаметкерей Сейіткерейұлы – менің әжем Софья Дәулетқызы Бөкейханованың үлкен атасы. Оның анасы Айша (күйеуге шыққаннан кейінгі тегі – Құсепғалиева) – Мұхаметкерей Сейіткерейұлы Бөкеевтің қызы. Софья әжем, Айша шеше және оның бала кезінен Шәңгерей мен Хадиша Бөкеевтердің (ерлі-зайыптылардың балалары болмаған) отбасында тәрбиеленген әпкесі Зәуреш апаның арқасында біршама фотосурет сақталып қалды. Оларды сақтау оңай емес-тұғын. Шындығында, қауіпті болатын.
Олар сол фотосуреттерді төңкеріс, Азамат соғысы, тәркілеу, сталиндік лагерь және жер аудару жылдарынан аман алып шықты. Мен ол кісілердің бұл ісімен мақтанамын. Өйткені сол жылдары көптеген адамдар қамауға алынған өз әкелерінен, балаларынан, күйеулерінен бас тартып жатты. Фотосуреттерді өртеп жіберді. Ең сорақысы сол – өз туғандарынан безді. Ал менің ардақтыларым рухының мықтылығы мен мұқалмас қайсарлықтың үлгісін көрсете білді. Олар – нағыз ақсүйектер, «рух ақсүйектері». Айша шешемді көрген емеспін. Ол соғыстың бас кезінде көз жұмған. Күйеуі Дәулетшах Құсепғалиев «Алаш» партиясын құрушылардың бірі, партияның батыстағы бөлім басшылығының мүшесі және уездік дәрігер ретінде қырық жылдық тәжірибесі болған. Содан кейін ол кісі Оңтүстік Қазақстан облысындағы Келес ауданының Абай-Базар ауылына жақын маңда орналасқан еңбекпен түзеу лагерінде ерікті-жалдамалы дәрігер болып жұмыс істеген. Бұл лагерьде Құсепғалиевтердің үлкен қызы Ғайнижамал да болған. Ол кезде оның алты баласы бар еді. Кішісі сол жерде дүниеге келген. Ғайнижамал халық жауы отбасының мүшесі ретінде жауапқа тартылған. Ол кісі Казақ мединститутының бірінші директоры Исенғали Қасаболатовтың жұбайы болатын. Дәулетшах көке мен Айша шеше үйсіз-күйсіз қызы мен оның кішкентай балаларына қолдарынан келгенше көмектесіп тұрған.
Біз Зәуреш апаны Терек деп атайтынбыз. Ұзақ өмір сүріп, 1957 жылы Ташкентте дүниеден өтті. Екінші күйеуі Мұхамедрақым Қарабаевты екінші рет қамауға алғаннан кейін Зәуреш апа Софьяның үйінде тұрады. Оның күйеуі Ғабдол-Хакім Бөкейханов та қазақ интеллигенциясының басына түскен зобалаңнан тыс қала алмады.
Зәуреш апа маған «Бесік жырын» айтып беретін. «Әй-әй, елімнің иісін-ай, әй-әй, жусанның иісін-ай» деп әндететін. Ол маған түнде қаңғырып жүретін түлкі туралы балаларға арналған өлең, қараңғы түскенде жоғалып кететін отыз қыз жайындағы санамақ айтып беретін. Мен соларды өз балаларыма және немерелеріме айтып өсірдім.
Софья әжем фотосуреттерді көк суреті бар қағаз қорапқа салып, ешкімге көрсетпей, ескі сандықтың түбінде сақтаған. Қорап бұл күнде жарамсыз болып қалды, ал сандық әлі күнге дейін үйде тұр. Ол мен үшін сенім мен шындықтың көзі секілді. Фотосуреттерді алғаш рет Ташкенттен қоныс аударғанымызға көп жыл өткенде кездейсоқта көріп қалдым. Ол кезде жоғарғы сыныпта оқитынмын. Көп сұрақ қойылды, бірақ оларға дұрыс жауап ала алмадым. «Сіздің осынау әуезді, ерекше фамилияңыз қайдан шыққан?», – деген сұрағыма ол кісі мынадай жауап берді: «Менің күйеуім Ғабдол төңкеріс жылдарына дейін Бөкей ордасы деп аталған жерде дүниеге келген. Сол жер атауынан біздің фамилиямыз келіп шыққан».
А.В.Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні» жинағынан қазақ музыкасының білгірі және дәулескер күйші Ғабдол ата Бөкейхановтың Бөкей ханның тікелей ұрпағы екенін білгенде таңғалғанымды көрсеңіз. Содан бері менде «үлкендердің әңгімелері мен естеліктерін зейін қоя тыңдасаң, көп нәрсені білесің» деген қағида қалыптасты.
Тамаша сақталған, ең ескі фотосуреттердің алғашқысында егделеу, етегі ұзын (сірә, күзен терісінен тігілген) тон киген, кескін-келбетінен ақсүйектік аңғарылатын ер адамның бейнесі бар. Фотосуреттің артқы жағына Софья әжем қарындашпен Мұхамет-Керей ата деп жазып қойған. Қолтаңбасынан бала кезінде жазғаны көрініп тұр. Оның сол жағында әдемі өрнекті кілем үстінде жасы төрт-бес шамасындағы ұлы Ақыш отыр. Мұхаметкерей ата мен Ақыштың жасын біле отыра, фотосурет ХІХ ғасырдың екінші жартысында – 70-жылдардың ортасында түсірілген деп нақты айтуға болады (1-фото).
Ал екінші суреттің сапасы нашарлау. Суретке үңіле отырып мығым денелі, жауырыны тік, сәнмен қойған сақалы және мұрты бар, асыл тастармен әшекейленген белдік тағынған жас жігітті көруге болады. Суреттің артқы жағына анам Фатима Ғабдолқызы Бөкейханова «Шәңгерей Бөкеев, анам Софья Бөкейханованың атасы, Мұхаметкерейдің бауыры» деп жазылған. Мен бұл суретті қалпына келтіруге бірнеше рет талпыныс жасап көрдім. Қай-қайсысы да нәтижесіз болды. Тек фотографияның пайда болғанына 180 жыл толу қарсаңында ғана заманауи технология мен «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылхан Әбдірайымның ерен еңбегінің арқасында ақынның бұған дейін белгісіз болып келген суретін көре алдым.
Шәңгерей атаның өзі де тамаша фотосуретші болған. Оны еліміздің тұңғыш фотосуретшісі деп атауға толық негіз бар. Естеліктер бойынша ол кісіге фотоаппаратты Николай патша сыйға тартқан екен. Өзім Бөкей хандығының 100 жылдығы Петербургте кең көлемде тойланған 1901 жылы сыйға алған деп жорамалдаймын. Жалпы алғанда, Шәңгерей атаның фотосуреттері ХХ ғасырдың басында түсірілген. Ол суреттерге қарай отырып ақынның қалай және қайда өмір сүргенін, оның өмір салтын, айналасы, отбасысы, пікірлестері мен ізбасарлары жөнінде мағлұмат ала аламыз.
Осы орайда «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің фотоөнер саласы бойынша Шәңгерей Бөкеев атындағы сыйлық тағайындау жөніндегі бастамасын қуана құптаймын.
Жалпы, ақынның жаңа идеялар мен технологияларға қызығушылығы зор болыпты. Оның Торғын өзенінің шығыс жақ жағалауында орналасқан кең үйінде әртүрлі жаңа бұйымдар болған. Мәселен, фонограф, рояль, үлкен фотоаппарат, соған қатысты түрлі құрал-жабдықтар. Ақын осылардың қай-қайсысын да жиі қолданған. Тіпті Шәңгерей атаның велосипеді де болыпты. Ол оны өзі айдаған және балаларды велосипед тебуге үйреткен.
Шолпанай АМАНЖОЛОВА,
ақынның ұрпағы
ШӘҢГЕРЕЙ АҚЫН ТҮСІРГЕН ФОТОСУРЕТТЕР
Өмір дерегін қағазда мәңгі қалдыратын жаңалық Ресейде тез тарағаны сонша, 1845 жылы көзі жұмылған Жәңгірдің өзі рәсімін қағазға тарттырып үлгерді. Фото өнерімен Екінші Николай, Лев Толстой шындап әуестенді. Шәңгерей 1901 жылы Петерборға барған сапарында тақ биігінен осындай фотоқұрылғының беруіне ие болғанын бұрын айтқанбыз. Елге келгеннен кейін ақын осы өнерді тез үйреніп алған, һәм суретті өзі арнайы жабдықтаған бөлек бөлмеде отырып шығарған. Қазіргідей тұрақты тоқ көзі жоқ, табиғи жарық күшіне сүйенген уақытта, әрі дала жағдайында сурет басып шығару оңай емес. Шәңгерей түсірген фотосуреттерден қазір қолда бары оншақты, бірақ, қай-қайсысы да химиялық талаптар дәлме-дәл орындалып, бейне сапалы, қалың ақ қағазға көшірілгендіктен өте жақсы сақталған.
Ақынның жастау кезінде өзге фотограф қолымен түсірілген өз бейнесі уақыт сынына төтеп бере алмай, ескіріп, қайта жаңғыртуға жарамай қалғанына қарағанда, Шәңгерейдің бұл өредегі шеберлігі заманында көп фотографтан жоғары тұрған. Немере қарындасы Мәдинаның айтуынша, ол келген қонақтар мен ағайын-туманы сирақты қара қобдиша алдында біраз уақыт тапжылтпай ұстайды екен. Бұл – фотографияны кәсіп емес, өнер деп ұққан адамның тірлігі. Себебі, шеберлік жетіле келе фотосуретші фотобейне арқылы нысанаға деген өзіндік қатынасын да білдіріп отырады. Мұндай көзқарасты әдетте суреттің қай нүктеден түсірілгендігіне, жарық пен көлеңкенің астасуына, нысан төңірегінің өкпені қыспайтын кең тынысты болып келуі мен нәрседен, заттан шашылып түсетін рефлекторға (фотопленер) және түсірушінің қас-қағым ұрымтал сәтті ұстай білуіне қарап бағамдаймыз. Шәңгерей фотосуреттерінің дені әлгіндей талап үдесінен шыққан. Соның арқасында бүгінгі біз осыдан ғасыр бұрынғы уақыт тынысын нақпа-нақ сезініп, Жазғы Орда, Қымыз Орда тәрізді көшпелі, һәм отырықшы мәдениет үлгілерін зерделеуге мүмкіндік алып отырмыз. Бақытжан Қаратаев, Жанша Сейдалин, Ғұмар Қараш, Ғабдол-Хакім Бөкейханов сияқты қайраткерлеріміз бен Мақар Жапарұлы сықылды өнерпаздарымыздың асыл бейнелерінің қағазға мәңгі бақи көшіріліп қалуының өзі қандай ғанибет!
(Фотосуреттер ақынның мұрагері
Шолпанай Аманжолованың жеке мұрағатынан алынды)