Бақытхан Әсетұлы: Той түсірсем, дүниенің соңында кетіп қалар едім

 Бақытхан Әсетұлы: Той түсірсем, дүниенің соңында кетіп қалар едім

Алматы. 8 желтоқсан, 2015 жыл. -Ұлан. Алматы қаласында фотография саласының дамуына үлес қосып жүрген «Фотоөнер» қауымдастығы бар. Осы ұйымның жақында «Фотосын» шарасы өтті. Бұл сын сағатына Алтай өңірінен келген Бақытхан Әсетұлы қатысты. Шарадан соң әңгімелескен едік.

Фотография саласынан арнайы білімім жоқ

Суретке түсірудің өзіндік қиыншылықтары бар. Кейде бір суретті шығару үшін 1 сағат, 1 күн, тіпті 1 апта уақытым кеткен кездер болған. Бірақ, сурет әдемі шыққан кезде тоңғанымды да, күткенімді де ұмытып кетемін. Көбіне сыртта жүремін. Үйде ұзағынан отыра алмаймын. Суретке түсіргенді қатты жақсы көремін. Мен үшін бұл – өнер. Өзімнің пікірімше осылай. Ал, фотография – өмірімнің бөлшегі. Мойындау керек, менің  фотография саласында арнайы білімім жоқ. Негiзгi мамандығым – ауыл шаруашылық машиналарының инженерi. Бұған өзімнің қызығушылығыммен келгем. Ертіс өзенінің бастау қайнары мен тұрған мекенде орналасқан. Осы Ертістің екі жағындағы әдемі табиғат мені өзіне еріксіз баурады. Ең алғаш рет суретке Ертісті түсіргем. Ондай жерде тұрып фотограф болмау мүмкін емес секілді…

Туған мекенім – Алтайым. Қазақстан мен Алтайды Ертіс өзені жалғап жатады. Әрине, елді сағынамыз, аңсаймыз. Бірақ, Алтайда да бізді жақсы көреді. Ол жерде де қадірімізді арттырмаса, кемітпейді. Үйреніп қалдық. Қазір интернет дәуірі. Қазақстаннан қанша алыста болсақ та, өнер саласымен тоғысуға болады. Өнерлі болсаң өзіңді қай жаққа да әйгілеуге болады. Менің пікірімше, Қазақстанға  фотоөнер саласы кештеу кірсе де, деңгейі жақсырақ. Біздің Серік Мұқышұлы бастаған қазақ азаматтары өз үлестерін қосып жүр. Серік Мұқышұлы ағамыз «Суреттер сөйлейді» деген үлкен бір тақырыппен шара өткізді. Алғашында Алтай қаласында болды. Екінші кезеңін биылғы жазда Алтай аймағының Көктай ауданында ұйымдастырды. Сол секілді көптеген шаралар өтіп жатыр. Бұл іс-шараға әр фотограф өз туындысын әкеліп, сынатады. Әрқайсысының артықшылығы мен кемшілігін айтамыз. Бірақ, бізде балаларға арнайы фотографтар курсы оқытылмайды. Материалдар да кемшін. Оның үстіне біздің жақтың фотографтарының ішінде арнайы мектепке түсіп оқығандары да жоқ. Ал, негізінен үлкен институттарымызда бұл мамандықты оқытады.

«Фотосыннан» үлкен шабыт алдым

Қазақстанда «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі құрылған. Ақырындап күшейіп келе жатыр. Асылхан ағаға көмекші боп жеткіншек азаматтарға білгенімізше үйрете береміз.

Өзім алдыңғы буыннан білмегенімді үйреніп отырамын. Бір-біріміздің білмегендерімізді толықтырамыз. Осылай өзара тәжірибе алмасу арқылы қазақ фотоөнері саласын көркейтуге күшімізді саламыз деп сенемін. Қауымдастықтың негізгі мақсаты – осы. Қазақ фотоөнерінің саласын Асылхан ағамен бірге көркейту біздің парызымыз. Биылғы наурыз айынан бері «Фотосын» сын сағаты шарасы өтіп жүр. Яғни, бір фотограф өзінің туындыларын, түсірген суреттерін әкеп көрсетеді. Қатысушылар кемшілігін айтады. Осы шараға Асылхан ағамыз мені шақырды. Осы себеппен келіп қалдым. Менің де «Фотосын» сағатым болды. Студенттер, журналистер, фотографтар қатысты. Бұл – менің өмірімдегі үлкен бір ұмытылмас сәт. Үлкен шабыт алдым. «Фотосуретті бұдан да жақсы етіп қалай түсірсем екен?» деген ойлар «Фотосыннан» кейін ойыма орала берді.

Бұл салаға үлкен білім керек екен

 Суретке түсіруге қызығатын жастарды, оқушыларды, өзім құралпы азаматтарды табиғатқа суретке түсіруге бірге алып шығамын. Білгеніммен бөлісуге тырысамын. Бірақ, бұл салаға үлкен білім керек екен. «Болдым, толдым» деген әңгіме бұл салада керек емес. Суретке  түсірудің де өзіндік қиындығы бар. Көпшілік мұны оңай, қолына фотоаппарат берсе түсіре салады ғой деп ойлайды. Мүлде олай емес! Табиғатты көргеннен кейін қай кезде әдемі болады деп, сол сәтін күтіп жүресің. Бұлт-ты кезі жақсы ма, әлде күн шыққанда ма деп ойланасың. Таңертең қанық бола ма, кешкісін анық бола ма деп ойланып, бәрін зерттейсің. Биікке тұрғаным жақсы ма, аласадан алған көркем көріне ме, бәрін қарастырасың. Кейде сәтті шықпай, құр қайтатын кез де болады. Өйткені, бұлт сейілмей қояды не күн мен көлеңке сәйкес келмей қалады. Міне, бір табиғаттың суретін түсіру үшін қаншама ой мен күшіңізді, уақытыңызды сарп етесіз. Ойлап көріңізші!

Менің фотография саласына қызығушылығымды алғашқы болып жарым қолдады. Өзім фотоаппараттың бөлшектерін жиі аламын. Сондай кезде «анау жоқ, үйге мынау керек» деп берекетімді кетірмейді. Үйдің бар шаруасын реттеп, балаларымыздың тәрбиесімен айналысады. Мен түсірілімге кеткенде  туыс-туғанға, балаларға менің жоқтығымды білдіртпей отырады. Сол кісінің қолдау-қуаттауы маған қатты әсер етті. Ұлым Қуандық 16 жаста. 10-сыныпта оқиды. Балаларымды түсірген суреттерімді көрсетуге шақырып аламын. Бәріміз бірге отырып талқылаймыз. Ұлымның қызығушылығы бар. Өзіне арнайы фотоаппарат та алып бердім. Ол да суретке түсіреді. Қызым Ұлпан 12-де. Ол сурет салғанды жақсы көреді.

Ақша табу үшін жүрген жоқпын

Мен суретімнің ақшасын, ұтқан кездегі жетістігімді айтқанды ұнатпаймын. Ақша туралы есеп соққым келмейді. Сыйлықтың, ақшаның жолын қусақ, соған беріліп кетеміз. Дүниенің соңынан ерген жаман. Мен бұл кәсіппен ақша табу үшін айналысып жүргем жоқ. Той-томалақты суретке түсірмеймін. Сұрап өтінушілер болды. Бірақ, түсіндіріп айтамын. Тойға байланып қалсақ, достарым, туысқандарым бәрі жабылып, мені тойдан босатпаушы еді. Ол кезде мен де дүниеге мастанып кетер едім. Осы кезге дейін мүлде тойды суретке түсірмедім. Өткен жазда Алтай өңірінде халықаралық жарыс болды. Алтай сілемін жағалаған 4 аймақтан қатысушылар келді. Спорт жарысы Көктоғай ауылында өткізілді. Осы жерде фотографтардың арасында да сайыс болды. Осыған қатыстым. Бір туындым 3-орын алып, 5-6 туындым таңдаулылар қатарына жатқызылды. Сайыста ең көп туындысы ілінген мен екенмін. Біздің аймақта мықты фотографтар көп. Биыл фоторепортаж жан-рынан өңірімізде таңдаулы фотографтар іріктеп алынды. Соның бірі болып іліндім. Әзірге жетістіктерім осы. Мен әлі «мынау менің туындым» деп мақтанатындай үздік сурет түсірмедім. Осы кезге дейін түсіргендерімді үздіктердің қатарына жатқызбаймын. Суретке тақырыпты өзім қоямын. Жақсы туынды болғасын әдемі ат қоя білу керек деп ойлаймын.

P.S. Әңгіме барысында оның фотография саласына деген сүйіспеншілігі бізді тебірентті. Бақытхан ағаның бір туындысы теңгемен есептегенде 900 мыңға бағаланыпты. Қызықтық, тамсандық, сұрадық.  Бірақ, фотограф «дүние, ақша туралы әңгімелескенді ұнатпаймын» деп ренжіңкіреді. Біз оның сұлулыққа қызыққанындай жандүниесінің де сондай тазалығына куә болдық.

Айзада Жайыққызы

(«Ұлан» газеті, №498 желтоқсан 2015 жыл)

Оқи отырыңыз!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *