«Батыр ұранды бақ мекен»

 «Батыр ұранды бақ мекен»

95 жылдық тарихы бар Сарыбастау ауылы- Ленин атындағы колхоз болып, 1930 жылы 53 жанұямен бірігіп, барлығы 267 адам артель болып құрылған. 1936 жылы Қазақ Орталық Атқару Комитетінің 23 қазандағы қаулысына сәйкес, «Есек артқан» ауыл советі болып құрылған. Ленин атындағы колхоз осы ауыл советіне қараған. 1939 жылы «Есек артқан» ауыл советі Ленин атындағы ауыл советі болып ауысқан. Бүгінде Сарыбастау ауылы 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілістің қолбасшысы болған Ұзақ Саурықов атындағы Ұзақ батыр ауылдық округі деп аталады, — деп хабарлайды photooner.kz.

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаров: «Жоқтан бар жасаған, тақыр жерден колхоз құрған Нүсіпбек Әшімбаев расымен де дала академигі деген атқа лайық тұлға»,- деп көзі тірісінде Нүсіпбек ақсақалға бағасын берген екен. «Дала академигі» атанған Нүсіпбек Әшімбаев 1912 жылы Сүмбе ауылында дүниеге келген. 1931-1934 жылдары Есагаров ауылдық советінде хатшы болған. 1944 жылы Ленин атындағы колхозда ферма жетекшісі болып, 1958 жылы колхозға председатель болып сайланған. 1985 жылы Социалистік Еңбек Ері атағын алған. Нүсіпбек ағамыздың басшылығымен ауыл өркендеп, мәдениет пен білім, спорт пен денсаулық саласында ірі жобалар жүзеге асты. 1953-1958 жылдары аудан халқын құс етімен қамтамасыз ету үшін балапан өсіретін- «Рекорд» инкубатор станциясын салып, аудан халқын тауықпен қамтып отырды. Осы ауылдан облыста жоқ стадион салынды. Әк өңдейтін цех, кірпіш зауытын жұмыс жасатып ауданның құрылыс орындарын арзан бағалы кірпішпен қамтамасыз етті. Үш қабатты білім ордасы, заман талғамына сай мәдениет үйі, екі қабатты емхана, екі қабатты балабақша, фин моншасы, таза ауыз су құбыры жұмыс істеді. Көшелер электр қуатымен жарықтандырылды. Телемұнара осы Сарыбастау ауылы арқылы аудан халқына хабар таратты. Осы құрылыстың барлығы мемлекет қаражатынсыз, колхоздың өз қаражатымен салынды. Елдің жақсылығына, көзайым қуанышына айналған бұдан басқа да жұмыстар Нүсіпбек Әшімбаевтай іскер басшының, ізденісті іс-әрекеттері мен жаңашылдықтарының нәтижесі екенін бүгінгі ұрпаққа қалай мақтаныш етсе де артық емес. Сол жылдардағы жетістіктер- бүгінгі ұрпаққа мақтаныш, келешекке аманат.

Осыған орай, екі күнге жалғасқан Социалистік Еңбек Ері Нүсіпбек Әшімбаевтың 115 жылдығымен Сарыбастау ауылының 95 жылдығына орай  өткізілген «Шүкіршілік тойының» куәсі болдық. Тойға көршілес Қарасаз ауылы ат жетектеп, үй тігіп, тарту таралғысымен келіпті. Бұл той- өткен тарихқа тағзым, еңбектің ерен иесіне құрмет, елдік пен бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерейін асырған ұлағатты шара.

Іс шараның бірінші күнінде ине шаншар орын болмаған Сарыбастау ауылдық Мәдениет үйінде Социалистік Еңбек Ері Нүсіпбек Әшімбаевтың 115 жылдығына және Сарыбастау ауылының 95 жылдығына орай арнайы түсірілген фильмнің тұсауы кесіліп, арнайы театрландырылған қойылым ауыл тұрғындарымен қонақтардың назарына ұсынылды.

Кешқұрым ауыл тұрғындарына елге белгілі өнер жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт ұйымдастырылып, көрерменге керемет көңіл күй сыйлады. Кеш соңында қонақтар Сарыбастау аспанындағы үлкен от шашуды тамашалады.

Мерекелік шараның екінші күнінде түні бойы жауған жаңбыр Сарыбастау ауылының ажарын аша түсіп, кереметін көз алдымызға әкелді.  Күн райының құбылғанына қарамастан, алыс-жақыннан келген қонақтар таңнан Мәдениет үйін бетке алды.

Көпшіліктің алдында сөз алған Ұзақ батыр ауылдық округінің әкімі Бақыткелді Қайратұлы:

-Аспантаулар аясы, батырлар мен ақындардың қасиетті өлкесіне қош келдіңіздер!  Бүгін өздеріңізбен Ұзақ батыр ауылдық округінде, Сарыбастау ауылының 95 жылдығы мен осы өңірдің өркендеуіне бар ғұмырын арнаған Социалистік Еңбек Ері Нүсіпбек Әшімбаев атамыздың туғанына 115 жыл толу мерейлі шарасында бас қосып отырмыз. Биылғы жылы Ұлы Жеңіске 80 жыл толып отыр. Ұлы Жеңіс- халқымыздың қажымас қайратының, батыр бабаларамыздың  ерлігі мен ерен еңбегінің арқасында келді. Қан майданда Отан үшін оққа кеудесін тосқан әкелеріміздің ерлігін, тыл еңбеккерлерінің жанқиярлық еңбектерін  ұмытпау біздің перзенттік парызымыз. Дүниежүзін қамтыған сұрапыл соғысқа Сарыбастау ауылынан 102 адам қатысып, жартысынан көбі майдан даласында ерлікпен қаза тауыпты. Ұлы Жеңістің майдангерлер мен тыл еңбекерлерінің ерліктері мен қажырлы еңбектері ешқашан ұмытылмайды, -деді ол.

Мұнан соң, Отан үшін құрбан болған майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің, Социалистік Еңбек Ері Нүсіпбек Әшімбаевтың рухына ауыл имамы Манап Исабол құран бағыштады.

Жиналғандар батырлар рухына бас иіп, Ұлы Отан соғысы қаһармандарына арналған ескерткішпен ел тарихына өшпес із қалдырған Социалистік Еңбек Ері Нүсіпбек Әшімбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын шоқтарын қойды. Келген қонақтар Нүсіпбек атамыздың Мәдениет үйіндегі шағын мұражаймен танысты. Бұл-өткенімізге тағзым, еңбегімен елді көркейткен ер тұлғаларға құрмет, ұрпаққа үлгі болар мерейлі сәт.

Мерекелік шараның ресми бөлімі Нүсіпбек Әшімбаев салдырған орталық стадионда «Батыр ұранды бақ мекен» атты салтанатты жиынмен жалғасты. Нүсіпбек Әшімбаевты ардақтап өткен өлкесі Сарыбастау ауылына, қос қуанышқа еліміздің түкпір-түкпірінен келген қонақтарда есеп болмады. Шараға облыс әкімінің көмекшісі Нұржан Құдайбергенов, Райымбек ауданының әкімі Дастан Құдабаев, қоғам қайраткері Стахан Белғожаев, қадірлі қонақтармен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Алғашқы құттықтау сөз алған облыс әкімінің көмекшісі Нұржан Құдайбергенов облыс әкімі Марат Елеусізұлының ізгі ниетімен тілегін жеткізді:

-Құрметті Сарыбастау ауылының тұрғындары! Сіздерді тарихы терең Сарыбастау ауылының 95 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Сарыбастау еліміздің тау бөктеріндегі тіршілігі тианақты, рухани құндылықтарға бай, мәдениетті, салт-дәстүрді сақтаған ауылдардың бірі. Бұл өлке талай ұлт зиялыларын, қоғам және еңбек майталмандарын тәрбиелеп өсірген қасиетті мекен. Мерейлі мерейтой- бұл өткенге тағзым. Болашаққа бағдар жасауға мүмкіндік беретін маңызды қадам. Ауылдың негізін қалаған, оның өркендеуіне үлес қосқан азаматтардың еңбектері ұрпаққа үлгі, елге аманат болады, — дей келе Облыс әкімінің Құрмет грамотасын Нүсіпбек Әшімбаевтың ұлы Мақсат Әшімбаевқа табыс етті.

Дастан Құдабаев, Райымбек ауданының әкімі:

-Сарыбастау-тарихы бай, тағдыры күрделі, рухы биік ауыл. Алғаш 1930 жылы құрылып, қабырғасы қаланған Ленин атындағы ұжымдық шаруашылыққа осы жерде кіндік қаны тамған адамдардың мүше болып кіріп, өңірдің дамуына маңдай терлерімен үлес қосқаны анық.  Ауылдың атақ-абыройын асқақтатқан жылдар шежіресінде колхозды отыз жылдан аса уақыт абыроймен тізгіндеп, ұтымды ұйымдастырушылығымен ел жүрегінен «дала академигі» деген мәртебелі ат алған Нүсіпбек Әшімбаевтың есімінсіз елестету мүмкін емес. Колхоз арқар-меринос қойын өсіріп, соның жүні мен еті арқылы пайдаға шаш етектен малынғанын халық жақсы біледі. Нүсіпбек Әшімбаев ағамыз басқарған жылы Ленин  атындағы колхоз орталығы, бүгінгі күні 95 жасқа толып отырған Сарыбастау ауылы аудан, облыс, республика ғана емес, бүкіл одаққа атағы жайылып, абырой биігінен көрінгені баршаның есінде. Колхоздың қойын арқар-меринос тұқымымен асылдандырып, жүн, еттен мол өнім беретін жаңа типті асыл тұқымды қой фермасын өркендетіп, республиканың шаруашылықтарын асыл тұқымды қошқар, тұсақтармен қамтамасыз етті. Сол жылдары қой шаруашылығы арқылы келген табыс жеке адамның мүддесіне жұмсалмай, ауылдың көтерілуіне арналды. Тіршілігінде дала академигі атанған, Социалистік Еңбек Ері дейтін ең жоғарғы мемлекеттік атаққа ие болған Нүсіпбек Әшімбаевтың ерен еңбегін осында отырған бәріміз ұлы мұра ретінде қабылдауға тиіспіз,- деген ол Сарыбастау ауылының бүгінгі тыныс-тіршілігіне тоқталып өтті.

Ел ағасы, қоғам қайраткері Стахан Белғожаев ауыл тұрғындарын құттықтай келе, Нүсіпбек Әшімбаевтың ұлы Мақсат Әшімбаевтың иығына шапан жауып, зор алғысын білдірді.

Салтанатты жиында облыстық сотының төрағасының міндетін атқарушы Қалдарбек Жорабайұлы,  Нүсіпбек Әшімбаев атамызбен бірге жұмыс жасаған Тұрарбек Алжанбаев, журналист Жексен Алпартегі, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының отставкідегі судьясы, Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігі академиясының құрметті профессоры Әділ Құрықбаев, қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбаевтар сөз алып, биік белеске шыққан Нүсіпбек ақсақалдың жүріп өткен ізін, халық үшін аянбай істеген қызмет жолын баяндап берді.

Әшімбаев Мақсат Нүсіпбекұлы:

-Қазір Сарыбастау ауылында ақсақалдар алқасының төрағасымын. Осыдан жеті жыл бұрын осы ауылдың әкімі болып қызмет еттім. Одан бұрын әкемнен кейін осы ауылда үш жыл колхоздың төрағасы болдым, колхоз жекешелендіру кезеңіне тап болып, шаруа қожалықтарына үлестерін бөліп бердім. 55 мың қой, мың жылқы, мың сиырмен ауылды 16 шаруа қожалығына бөлдік. Енді, міне сол ауылдың 95 жылдық үлкен мерекесі болып жатыр. Үлес алған ауыл адамдары бәрі жиналып, әкеміздің 115 жылдығын ауылда үлкен той қылып атап өтіп жатыр.

Сондай-ақ, Нүсіпбек Әшімбаевтың 115 жылдығына орай үлкен қызы Светлана Нүсіпбекованың құрастырып шығарған «Ғасыр абызы» атты кітаптың тұсау кесер рәсімі өтті. Тұсау кесер рәсімін облысы әкімінің көмекшісі Нұржан Кеңесұлы, Райымбек ауданының әкімі Дастан Сұлтанмұратұлы, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының отставкідегі судьясы Әділ Жамбасбайұлы, Нүсіпбек Әшімбаев атамызбен бірге жұмыс жасаған Тұрарбек ақсақал, Нүсіпбек Әшімбаевтың ұлы Мақсат Әшімбаевтар жасады.

Қос мереке аясында жиналғандар орталық алаңда түйе палуан, арқан тартыс, қошқар көтеру сынды ұлттық ойындарымызды тамашалады.

Қазақ күресінен өткен түйе палуандар арасындағы тартысты белдесуде Алматы өңірінен бөлек Жетісу, Жамбыл облыстарынан  барлығы  20-дан аса спортшы боз кілемде бақтарын сынасты. Белдесуде өзіндік айла-тәсілдерімен қатар білек күшін сынға салған балуандар жүлдесіз қайтпады. Кеген ауылынан келген балуан Бексұлтан Әнуарұлының мерейі үстем болып, І орын бір млн. теңгені қанжығасына байласа, ІІ орын Еңбекшіқазақ ауданынан келген Аян Байғазы 500 мың теңгені иеленді. ІІІ орын Жетісу облысынан келген Жұмабай Жансерік 300 мың теңге, VІ орын Тараз қаласының балуаны Әділет Ахметқалиға 150 мың теңгенің сертификаттарымен арнайы медальдар табысталды.

Арқан тартыстан бірінші орынды «Қазақ күресі балуандары» 100 мың теңгені жеңіп алса, екінші орын «Сарыбастау жігіттеріне» 70 мың теңге бұйырды. «Қарасаздың жігіттері» үшінші орын 50 мың теңгені жеңіп алды.

Түс ауа дүйім жұрт ат бәйгесін қызықтады. Сарыбастау атшабарында құнан бәйге 9 шақырымға, топ  бәйге 21 шақырымға  және  аламан бәйге 25 шақырымға шауып, бақтарын сынады. Бас жүлдеге екі автокөлік тігілсе, кейінгі орындарға жылқы, ірі қара малынан бастап,  200  000  теңгеге  дейін  қаржылай  сыйлықтар  қарастырылды.  Бәйгеге  жарап тұрған тұлпарлар тұяғы жанкүйерлердің делебесін қоздырды. «Ат шаппайды, бап шабады» дегендей, жүйріктерін бәйгеге қосқандар тақым қысып, жанкүйер жандардың арқасы қозды.

Сонымен, аламан  бәйгеде  бірінші орын Қырғызстандық бауырлардың «Қарагер» атты  сәйгүлігіне  «Шевролет Кобальт» автокөлігі бұйырды. Ат иесі Шабиден Токторсатов, бапкері Манас Егембердиев, шабондозы Манас Замирбеков. Екінші орынды Балқаш ауданынан келген Сапарғали Сәтпаевтың «Шалқұйрық» атты сәйгүлігі еншіледі. Бапкері Жамбыл Бөбекбай, шабондозы Аңсар Арыстанбек. Үшінші орынды «Айбарша» атты сәйгүлік иемденді.

Осылайша, салтымыз сақталып, халқымыз мақтанып жүретін екі бірдей ұлы тойдың мерекесі жоғарғы деңгейде өтті. Берекесі жарасқан халқы барда бұл ауылдың ары қарай да көркейе беретініне сенім мол.

Дәурен ЕРМЕКБАЙ

Райымбек ауданы, Алматы облысы.

 

Оқи отырыңыз!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *