Деректі фото жайлы тағылымы мол кездесу
Жақында «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен Сүлеймен Демирель университетінде әлемнің ең үздік 10 фотографының бірі Серік Мұқышұлы студенттермен кездесіп, дәріс оқыды.
Фотоөнер майталманы Серік Мұқышұлымен бірге кездесуде «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылхан Әбдірайымұлы мен «Азаттық радиосы» Алматы бюросы журналисті Қуанышбек Қари және әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті журналистика факультетінің 2 курс студенттері бой көрсетті.
Университетке келген қонақтарды Media Lab координаторы Аян Ғиззат құшақ жайып қарсы алды. Дәріске дейін оқу орнының көрнекі жерлерін аралатып, қонақтарға медианың, оның ішінде фотожурналистиканы оқыту деңгейімен таныстырды. Қонақтар сабақтардың өту барысын өз көздерімен көріп, өзара әсерімен бөлісті. Сонымен қатар қонақтар факультет деканы PhD Мадияр Саудбаевпен жүздескен болатын.
Білім ошағын аралағаннан кейін, Сүлеймен Демирель Университеті студенттерімен кездесу басталды. Дәріске журналистика мамандығының бірінші, екінші және үшінші курс студенттері қатысты. Басқосудың басты мақсаты студенттерге деректі фотография ұғымын тереңнен түсіндіру, осы саланың қыр- сырын ұқтыру.
Шара шымылдығын Аян Ғиззат ашып, келген қонақтармен студенттерді таныстырды. Артынша, «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылхан Әбдірайымұлы студенттерге бірлестік жайлы толыққанды ақпарат беріп кетті.
Одан соң, Серік Мұқышұлы дәрісін бастады. Дәрісте ол деректі фотографияның даму деңгейіне, бағыттарына тоқталды. Бас кейіпкеріміз фотографияны жай сала деп қана емес үлкен өнер екенін айтты. Оған қоса, студенттерге әлемнің үздік деп танылған суреттерді көрсетіп, тылсым суреттердің түйінін тарқатты. Байқағанымыздай озық ойлы жандарды Серік Мұқышұлының өмір жолы ерекше таңғалдырды. Ол кісінің бұл салаға келуі тарихын, студенттер, тебірене тыңдаған болатын. Дәріс барысында, құрметті қонақ «Азаттық радиосы» Алматы бюросы журналисті Қуанышбек Қари да өз ойын айтып, аталмыш саланың маңыздылығына тоқталды.
Тағылымға толы кездесуде студенттер көкейтесті сұрақтарын қойып, сауалдарына толық жауап алып, алтын уақытын бөліп келген жандарға алғыстарын білдірді. «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігіне қызығушылық танытып, алдағы уақытта фотоөнер саласында білімдерін шыңдағылары келетінін айтты.
Назерке Силыбаева,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
журналистика факультетінің 2 курс студенті.
Фото авторы Аружан Онғарбаева