Ерболат Шадраховтың шеберлік сағаты

 Ерболат Шадраховтың шеберлік сағаты
Алматы. 8 маусым, 2015 жыл. -Айқын.  «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен қарағандылық пейзаждық фотошебер Ерболат Шадраховтың «Фотосын» сағаты өтті. ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің конференция залында өткен сынсағатқа елімізге белгілі фотошеберлер мен суретшілер қатысты.

«Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, белгілі фотошебер Асылхан Әбдiрайымұлының айтуынша, «Фотосын» сағаты осымен төртінші рет өткізіліп отыр. Бұған дейін әр айда фотошеберлер Ардақ Төлеубай, Мақсат Тұрсынбайұлы және Сәрсенбек Қызайбекұлы қатысып, өз туындылары жайлы мағлұмат беріп, тәжірибесімен бөлісіпті. «Біздің «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі елімізде фотография, фо­топублицистика саласын дамыту мақ­сатында шеберлік сабақтарын өткізуді қолға алды. Осыған байланысты наурыз айынан бастап «Фотосын» сағатын өткізіп келеді. Бұл бір жағы фотобайқау түрінде өтеді. Яғни «Фотошебер – 2015» кубогын жариялап отырмыз. Фотобайқау 2015 жылдың наурызына дейін жалғасады. Байқау шарты бойынша әр ай сайын 25 фотошебер өз фотоматериалдарын ұсынады. Байқау жайлы photooner.kz сай­тымызда жазылады» дейді Асылхан Әбдiрайымұлы.
«Фотосын» сағатының үшінші ке­зеңінде Теміртау қаласының «Сплав» халық фотоклубының мүшесі Ерболат Шадрахов өз фотожұмыстарын таныстырды. «Маған күз және көктем мезгілі ұнайды. Қыста да суретке түсіріп жүрмін. Фотоаппаратымды арқалап, табиғат аясына шығып кетемін, күннің шығып келе жатқан немесе қызарып батып бара жатқан сәтін аңдып отырамын. Менің негізгі жанрым – табиғат пейзажы. Сондықтан Қазақстанның көптеген көрікті аймақтарын араладым. Қарқаралы, Баянауыл ұлттық табиғи парктерінен, Үстірт, Бектау ата тауларынан, Каспий теңізі жағалауынан түсірген суреттерім бар. Көптеген фото­көрмелер мен конкурстарға, «Сарыарқа – Үстірт» фотоэкспедициясына қатыстым. Қарағандыда, Ақтауда көрмем өтті. «Егемен Қазақстан» газетіне, басқа да басылымдарға фотожұмыстарым жиі жарияланып тұрады», – деді Ерболат Шадрахов.
Естерiңізге сала кетейік, «Фотосын» сағаты әр ай сайын жалғасын тауып тұрады. Алдағы уақытта Шүкір Шахай, Айтжан Мұрзанов, Алтынбек Қартабай, Нұрғиса Елеубеков, Оңғарбек Алхаров, Жеңіс Ысқабай секілді фотошеберлер осындай «Фотосын» сағатын өткізеді. Ал келер жылдың наурызында осы 25 фотошебердің еңбектері жинақталған «Қазақ фото­шежіресі – тарих, дерек, өнер» атты фото­альбом жарыққа шықпақ. Фотоальбом ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналады. Сондай-ақ келер жылдың 22-наурызында байқау жеңімпазы анықталып, «Фотошебер – 2015» кубогы тапсырылады. Бас жүлдегер кубокпен қоса қомақты ақшалай жүлдеге ие болады деп күтілуде.
Айтпақшы, 2010 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дiң журналистика факуль­тетінде қазіргі факультет деканы Сағатбек Медеубекұлының ұсынысымен «Фото­публицистер клубы« құрылған еді. Оған «Айқын», «Алаш айнасы», «Алматы ақ­шамы», «Жас Алаш» газеттерінің фото­тілшілері кірді. Кейіннен Республика бойынша облыстағы орталық газеттердің және Астанадағы үкімет, парламент, министрлік­тердің баспасөз қызметіндегі фото­графтардың қосылуына байланысты 2010 жылы 25 тамызда «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі құрылған болатын. Мақсаты – елімізде фотография және фотопуб­лицистика саласын дамыту.

Серікбол Хасан

Оқи отырыңыз!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *