Ернұр Манапханұлы Түркі елдері фотосуретшілерінің халықаралық көрме-фестиваліне қатысты

 Ернұр Манапханұлы Түркі елдері фотосуретшілерінің халықаралық көрме-фестиваліне қатысты

«Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, танымал фотограф Ернұр Манапханұлы 2025 жылдың 14–19 қыркүйек күндері аралығында Ақтау қаласында «Ақтау – 2025 жылғы Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы аясында Түркі елдері фотосуретшілерінің халықаралық көрме-фестиваліне қатысты. Оның жұмыстары үздік бағаланып, TÜRKSOY ұйымы мен Маңғыстау облысы әкімінің атынан Алғыс хатпен марапатталып, естелік сыйлыққа ие болды. Бұл туралы photooner.kz хабарлайды.

Ауқымды мәдени шараны Маңғыстау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ұйымдастырып, облыстық ғылыми-әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталығы жүзеге асырды. Сонымен қатар, халықаралық TÜRKSOY ұйымы мен «Қазақстан» РТРК» АҚ Маңғыстау облыстық филиалы серіктес ретінде қолдау көрсетті.

Фестивальге 11 елден Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Түркия, Мажарстан, Солтүстік Кипр, Башқұртстан (РФ), Кабардин-Балқар (РФ), Қырымнан (Түркия) келген 14 кәсіби фотосуретші қатысты.

Фестивальдің басты мақсаты – фотосурет өнері арқылы Маңғыстаудың көркем табиғатын, тұрмыс-салтын, ұлттық болмысын және түркі халықтарының ортақ тарихи-мәдени мұрасын паш ету болды.

14 қыркүйекте Қ.Сыдыиқов атындағы Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасында фестивальдің ашылу салтанаты өтті. Шарада фотосуретшілерге сәтті сапар тілеп, фотоэкспедицияға шығарып салынды.

14-17 қыркүйек аралығында төрт күнге жалғасқан фотоэкспедиция барысында фотосуретшілер Торыш – Шайыр ауылы – Көкала — Шерқала – Айрақты-– Жаңаөзен қаласы – Бозжыра шатқалы – Шопан ата жерасты мешіті — Сенек – Қызылқүп – Боқты – Көгілдір айлақ — Ақтау қаласы  бағыты бойынша жүріп өтті.

Экспедиция кезінде қатысушылар Маңғыстау табиғи ландшафттарын, еңбек адамдарының күнделікті өмірі мен ұлттық дәстүрлерін суретке түсірді. Бұл – шығармашылық үшін ғана емес, мәдени алмасу мен кәсіби тәжірибе бөлісуге мүмкіндік берген ерекше сапар болды.

Қонақтар өңірдің қайталанбас табиғатына, тарихи-мәдени ерекшеліктеріне, халықтың қонақжайлылығына жоғары баға беріп, сапардан зор әсер алғандарын жеткізді.

19 қыркүйекте фестивальдің жабылу салтанаты және марапаттау рәсімі Қ.Сыдиы

қов атындағы кітапхана ғимаратының фойесінде өтті. Фотоэкспедиция барысында түсірілген үздік жұмыстардан арнайы көрме жасақталып, қала тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынылды.

Көрме-фестиваль фотоөнермен айналысатын шығармашыл жандардың әлеуетін арттыруға, олардың еңбегіне қоғам назарын аударуға, сонымен қатар түркі елдері арасындағы мәдени байланысты нығайтуға елеулі үлес қосты. Шара шығармашыл ортаға жаңа серпін беріп, болашақ фото жобаларға шабыт болды.

Фестиваль соңында TÜRKSOY ұйымы мен Маңғыстау облысы әкімінің атынан Алғыс хаттар, естелік сыйлықтар табысталды.

Назарларыңызға бірлестік мүшесі Ернұр Манапханұлының көрме-фестивалде түсірген үздік жұмыстарын ұсынамыз!

Суреттерді түсірген — Ернұр Манапханұлы

Маңғыстау облысы

Оқи отырыңыз!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *