«ФОТОӨНЕР» ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІ «ТҮРКСОЙ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҰЙЫМЫМЕН РЕСМИ ТҮРДЕ ӘРІПТЕСТІКТІ БАСТАДЫ

 «ФОТОӨНЕР» ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІ «ТҮРКСОЙ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҰЙЫМЫМЕН РЕСМИ ТҮРДЕ ӘРІПТЕСТІКТІ БАСТАДЫ

Бүгін, яғни 14.12.2024 жылы ҚазҰУ-да таяуда ғана ашылған «ТҮРКСОЙ» медиа білім беру және зерттеу орталығында «ТҮРКСОЙ» Халықаралық ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев пен «ФОТОӨНЕР» қоғамдық бірлестігінің президенті Асылхан Әбдірайым екі ұйым арасындағы ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды, — деп хабарлайды photooner.kz.

Шараға әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Басқарма мүшесі-әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Сәбит Суатай, «ТҮРКСОЙ» Бас хатшысының кеңесшісі Қайрат Мұқанов, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, ҚР Көркем академиясының академигі, вице-президенті Жанұзақ Мүсәпір, ҚазҰУ журналистика факультеті ЮНЕСКО және коммуникация кафедрасының меңгерушісі Орынтай Ошанова, ЮНЕСКО және коммуникация кафедрасының аға оқытушысы, PhD доктор Ләзиза Нұрпейіс, «ФОТОӨНЕР» қоғамдық бірлестігінің мүшелері: Сағатбек Медеубекұлы, Фархат Қабдықайыров, Оңғарбек Алхаров, Мақсат Шағырбаев, Дәурен Мақсұтханұлы, Досжан Балабекұлы,  Өзбекстан суретшілерінің шығармашылық одағы жанындағы фотосуретшілер секциясының төрағасы Рустам Шарипов және онлайн түрде Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, фотограф Эркин Болжуров, «Түрік фотосурет қорының» редакторы, фотограф Мұрат Гур, Әзірбайжан Жастар және спорт министрлігінің спорттық фотожурналисі Дилавар Наджафов, Түркіменстан Суретшілер одағының мүшесі, фотограф, фрилансер Ахмет Халлыев қатысты.

Еліміздің мәдени-рухани саласында ерекше оқиға болып отырған бұл шараны фотожурналист,  әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аға оқытушысы, PhD докторант Дәурен Мақсұтханұлы модератор ретінде кіріспе сөзбен ашып, әріптестік орнатуға келгендері үшін «ТҮРКСОЙ» Халықаралық ұйымының басшылығына ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, бүгін Түркі әлемі фотографтарының алғашқы Құрылтайы ұйымдастырылып отырғанын айта келіп, жаңа халықаралық ұйымның Жарғысын таныстырды.

Өз кезегінде Сұлтан Әкімұлы университет басшылығына, «Фотоөнер» ұйымының өкілдеріне және Түркі әлемі фотографтарының алғашқы Құрылтайына қатысқан барша фотографтарға алғысын білдіріп, жаңа халықаралық ұйымның құрылуымен құттықтады. Сонымен қатар, соңғы уақытта ТҮРКСОЙ аясында осы сияқты бірнеше салалық шығармашылық ұйымдар құрылып жатқанынан хабардар етті.

Түркі әлемі фотографтарының қауымдастығы түркі тілдес елдердің фотоөнерін дамыту және Қауымдастық мүшелері үшін ортақ мүдделерді қорғау мақсатында фотографияның түрлі салаларында жұмыс істейтін кәсіби фотографтар мен өзге де мамандардың ерікті бірлестігі болып табылады.

Бұл халықаралық фотографтар қауымдастығының бір ерекшелігі Қазақстанда, Алматы қаласында құрылып отыр, екіншіден, түркі тілдес елдердің (Қазақстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Түрікменстан және Түркия) барлық аумағында «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымымен ынтымақтастықта жұмыс істейтін болады.

Қауымдастықтың жұмысы түркітілдес елдердің фотографтары мен фотоұйымдарының саяси емес, діннен тыс, ерікті рухани, ғылыми-арнайы бірлестік құру қағидатына негізделеді. Сонымен қатар, пікірлестерді біріктіру, достық қарым-қатынастарды дамыту, мәдениетті тарату, техника мен фотосурет өнері саласында алмасу, түркі тілдес елдердің фотосурет ісінің дамуына ықпал ету жаңа Қауымдастықтың басты мақсаттарының бірі болмақ.

Шара соңында осы Құрылтайда айтылған ұсыныстар бірауыздан қолдау тауып, келесі жылдың ақпан айында Түркияның Анкара қаласында өтетін екінші Құрылтайда Қауымдастықтың Жарғысы мен Жұмыс жоспары бекітілетін болып келісілді.

Осылайша «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің жұмысы біртіндеп әлемдік кеңістікке бастау алды деп айтуға толық негіз бар.

Дәурен МАҚСҰТХАНҰЛЫ,

фотожурналист

Суреттерді түсірген — Досжан Балабекұлы, Олжас Павлик 

 

 

Оқи отырыңыз!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *