«Фотоөнердің» Қарқарадағы сапары

 «Фотоөнердің» Қарқарадағы сапары

«Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің мүшелері кереге таулы киелі Кеген жеріне барып қайтты, — деп хабарлайды photooner.kz.

Фотоэкспедицияға бірлестік құрылтайшысы Сағатбек Медеубекұлы, бірлестік президентінің міндетін атқарушы Досжан Балабекұлы бастаған Нахып Шынтеміров, Мақсат Шағырбай (Түркістан облысы), Серікболсын Шері (Түркістан), Қуанышбек Қари (Алматы), Дәурен Ермекбай (Алматы облысы) қатысты.

Сапар қатысушыларын Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев бастаған аудан әкімшілігі қызметкерлері қарсы алып, Хантәңірінің баурайындағы Шарқұдық шатқалының Қарқара альпинистер лагеріне жеткізді. Қазақ-қырғыз шекарасында орналасқан табиғаты көркем жерде қонудың өзі қатысушыларға ерекше шабыт сыйлағаны рас.

Шарқұдыққа бастар жолда Айнакөл бар. Жан-жағын альпілік тау өсімдіктері мен қарағайлы орман қоршап жатыр. Шарқұдықтың өзінде пандемияға дейін тікұшақ алаңы болған және тұрақты жұмыс істеп тұрған дейді альпинистік лагердің қызметкері. Бүгінде бұл жерде альпинистермен қатар туристер де демала алады екен.

Тамылжыған Шарқұдықтың табиғатын тамашалаған соң, Кеген ауданының әкімдігі мен аудан жұртының ұйымдастыруымен өткен «Қымызмұрындық-2025» шарасына қарай жылжыдық. Шара әйгілі Қарқара жайлауында өтті.

Шараның ашылу салтанатында құлындар желіге байланып,  ауылдың қыз-келіншектері күбіде қымыз пісіп, 1 тонна қымыз тегін таратылды.

Ұлттық сусын қымыздың түр-түрі таныстырылып, піспекті тобылғыға  ыстап, қымыз жасау технологиясы көрсетілді.  Жиынға келген ақсақалдар қымызхана иелеріне ақ батасын берді.

Осы шара барысында «Топжарған» тобы өнерін көрсетті. Ал аудан жыршылары жырдан шашу шашты.

Қымызмұрындық рәсіміне ауданның ауылдық округтері, мекемелерінің қатар-қатар тігілген киіз үйлердің іші де, сырты да ұлт жауһарларына толы болды.

Спорттық  ойындар мен жәрмеңке, көрме,  этно-ауыл көрмесі қойылды.

Сонымен қатар 15 кг болатын ыдыспен қымыз ішуден жарыс өтті.

«Қымызмұрындық- 2025» шарасы гала концертпен жалғасын тапты.

Қымызмұрындық шарасы «Кеген» халық  театрының  әзірлеген театрландырылған көрінісімен басталды.

Қымызмұрындықтың ашылу салтанатында жиналған көпшілікті Алматы облысының әкімінің орынбасары Нұрлан Ерғалиұлы құттықтап, жүрекжарды тілегін жеткізді.

Ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа мирас болып қалар қымызмұрындық рәсімі алтын арқауын үзбей, қонақжай, бауырмал халқымыздың жақсылығына жол аша берсін деді.

Сонымен қатар Қырғызстанның Ыстықкөл облысы, Түп ауданының әкімі Қаныбек Әбиев, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан, Еңбек ардагері Естенов Тоққожа Естенұлы, Жолан Омаровтың әкесі Ыбрайахын ақсақал сөз алып, іс-шараның маңыздылығын айтып өтіп, ізгі тілегін жеткізді.

Одан ары қарай танымал эстрада жұлдыздарының ән кешіне ұласты.

Сонымен қатар «Сүйінбай сазы» халықтық фольклорлы-этнографиялық ансамблі кешті қыздыра түсті.

Ал «Жолан жүйрігі» аясында Құнан бәйге, Топ бәйге, Аламан бәйге өтті. Бәйгеге еліміздің түкпір-түкпірінен және Қырғызстаннан келген 150-ге жуық жүйрік тұлпар қатысты.

Халықтық сипаттағы қымызмұрындық жоралғысын өткізудің де түпкі мақсаты –  жастарға өнеге, тағылым ету болып табылады. Шараға еліміздің әр түкпірінен 10 мыңға жуық адам қатысты.

Айта кетейік, алда-жалда осынау табиғаты ерекше Қарқара жайлауы мен Шарқұдық шатқалына баратын болсаңыздар отандық ұялы байланыс жүйесі мүлде жұмыс істемейтінін ескергендеріңіз жөн. Тек көрші елдің байланысы ғана белгі береді. Сондықтан роуминг қосуды ұмытпау керек шығар?! Ал Шарқұдыққа жол талғамайтын көлікпен шыққан жөн. Негізі табиғаттың сұлулығын сақтап қалу үшін және экожүйеге салмақ салмау үшін де қара жолдың түспегені жөн шығар?!

Суреттерді түсіргендер – Досжан Балабекұлы, Серікболсын Шері

 

 

Оқи отырыңыз!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *