Фотоөнерді фотожурналистер құрды – Асылхан Әбдірайымұлы
25 тамыз — «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің құрылған күніне орай Алматы полиграфия колледжінің ғимаратында бірлестіктің кезекті жалпы жиналысы өтті, — деп хабарлайды photooner.kz.
Биыл бірлестіктің құрылғанына 14 жыл толып отыр. Осыған орай өткізілген жиын офлайн/онлайн форматта қатар өтті. Жиналыстың модераторы, бірлестік мүшесі — Дәурен Мақсұтханұлы болды.
Күн тәртібінде жыл басынан бері атқарылған жоба-шаралар бойынша баяндаманы Төраға Асылхан Әбдірайымұлы, жас мамандар даярлау бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды бірлестіктің Алматы аймағының жетекшісі Оңғарбек Алхаров баяндады. Сондай-ақ, қос баяндама бойынша қатысушылардың пікірлері талқыланып, алдағы атқарылатын жоба-шаралар бойынша ұсыныстары қаралып, бірлестік мүшелерін Мемлекеттік марапатқа ұсыну мәселелері сөз болды. Соңында, бірлестікке белсенді қызмет еткендер Алғыс хаттармен марапатталды.
Оңғарбек Алхаров, бірлестіктің Алматы аймағының жетекшісі:
— Алматы полиграфия колледжіне фотография маманын даярлауды қолға алып келе жатырмыз. Ендігі мақсат, олардың осы мамандыққа саналы келуін қамтамасыз ету. Ол үшін насихатымыз жоғары болу керек! Сонда ғана сапалы маман қалыптасады. Т.Жүргеновте ашылғалы отырған бакалавиратқа да осы сатыдан өткен білімгерлеріміз келсе, фотографияны ғылыми тұрғыда көтере аламыз.
Асылхан Әбдірайымұлы, бірлестік төрағасы:
— Біз осы Алматы полиграфия колледжіндегі мүмкіндікті дұрыс пайдалануымыз керек. Әр аймақ жеке дайындалса жақсы болар еді.
Дәурен Мақсұтханұлы, бірлестік мүшесі:
— Фотографияға қатысты орыс, ағылшын, қытай тілдеріндегі оқулықтарды аударуға мемлекет деңгейінде аударуға бірлестік тарапынан ұсыныс-хаттар жіберу жағын ойластырсақ.
Оңғарбек Алхаров, бірлестіктің Алматы аймағының жетекшісі:
— Т.Жүргенов Өнер академиясында фотография бойынша маман жетіспейді. Осы мамандық бойынша сабақ өте алатын мамандар керек. Ол үшін маманның мемлекеттік нормамен сәйкестігі болуы сұралады. Мәселен, Халықаралық деңгейде фотокөрмесі, SCOPUS базасына кіретін мақалаларының, фотография бойынша ғылыми атағының болуы шарт.
Сағатбек Медеубекұлы, бірлестік құрылтайшысы:
— Фотография саласы бойыша қазақша кітаптар жоқ емес, бар. Асылхан Әбдірайымұлының шығарған кітаптарын университет аралық келісім бойынша «Қазақ университеті» баспасынан көп данамен шығарып алуға болады. Қалғанын уақытымен толықтыруға болатын жұмыс. Ал «Жерұйық іздесең, Кегенге кел!» фотосапары жоғары деңгейде өтті. Оған қатысқан бірлестік мүшелеріне Кеген ауданы әкімдігі алғыс білдірді.
Жеңіс Ысқабай, бірлестік мүшесі:
— Ардагер фототілшілерімізді Мемлекеттік марапатқа ұсыну жағын айтқым келеді. Мәселен, ортамыздағы екі ақсақалымызды сол марапатқа ұсынып жіберсек.
Асылхан Әбдірайымұлы, бірлестік төрағасы:
— Бүгін «Фотоөнердің» туған күні. Бірлестік бір дегеннен Әділет министрлігінен заңды куәлігін ала салмады. Оған 5 жыл уақыт кетті. Ең алғаш бірлестік құру мәселесі 2005 жылғы құрылтайда айтылды. Құрылтайды бастаған ағаларымыз, ұйымдастырушылардың барлығы да фотожурналистер болды. Фотожурналистер қоғамға жұмыс істейді, ал жеке фотосалон ашып, коммерциялық жобалармен, жеке шығармашылықпен айналысушылар да бар, олар жеке жұмыс жасайды. Фотожурналист — тікелей ақпараттық дүниеге мән беріп, қоғамға қызмет етеді. Фотожурналистика, фоторепортаж – деректі фотоның бір тармағы, шындықты көрсетуі. Міне, сол фотожурналистердің бастамасы 2010 жылы 25-тамызда бірлестік статусына ресми қол жеткізді. Фотоөнердің көтеріп жүрген мәселесінің арқасында — орта білім, жоғары білім маманың даярлау да қолға алынып келе жатыр.
Келесі жылы біз бірлестіктің 15 жылдығына қорытынды жасауымыз керек. Сол кезеңге бірлестіктің ардагерлері мен белсенді мүшелерін Мемлекеттік марапатқа ұсыну жоспарымызда бар. Жиынды М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театрында өткізу жоспарымызда бар. Сол жерде Мемлекеттік наградаларды табыстаймыз деген ойдамыз.
Бірлестік жиналысында Мемелекеттік марапатқа ардагер-фотожурналист Қалиғұмар Қабдешұлы мен бірлестіктің оқу-ағарту жұмысында белсенді жұмыс жүргізіп келе жатқан Оңғарбек Алхаровты ұсыну туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ, бірлестік отырысының негізінде осыған дейін бірлестік әкімшілігіне өтініш білдірген Астана қаласындағы «Әке-бала» фотостудиясының жетекшісі Құштар Рашадұлы мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Философия және саясаттану факультеті, Философия кафедрасының 4-курс студенті, фотограф, мобилограф, SSM маманы Айым Бахыбек бірлестік мүшесі ретінде қатарға қабылданды. Бірлестік мүшелері оларды толық қолдады.
Бірлестік төрағасы Асылхан Әбдірайымұлы бірлестіктің бірқатар мүшелеріне Алғыс хаттар табыстады. Асыл мұра, алтын қазына саналатын ұлттық құндылықтарымызды, салт-дәстүрімізді фотоөнері арқылы әлемге танытуда, айрықша үлес қосып жүргені үшін Мақсат Шағырбаев, Қазақстанда алғаш рет «Деректі фото» біліктілігі арттыру курсын бір жыл көлемінде жүргізіп, «Деректі фото: тарихы және даму көкжиегі» кітабының (монография) бірлескен авторы ретінде, жоғары нәтиже көрсеткен үшін Серік Мұқышұлы, «Қазақ фотошежірешілері ІІІ: тарих, дерек, өнер» фотоэнциклопедиясында құрастырушы, «Деректі фото: тарихы және даму көкжиегі» монографиясында бірлескен автор ретінде қатысып, сонымен бірге бірлестік жарғысына түзетулер енгізу жұмыстарында жоғары кәсібилік, біліктілік, сауаттылық танытқаны үшін Дәурен Мұхамеджанов Алғыс хатпен марапатталды.
Бірлестік жиыны барысында Жеңіс Ысқабай халықаралық спорттық шаралаға бірлестік мүшелерінің қатысуын қамтамасыз ету мен авторлық құқықты қорғау бойынша мәселелерді ортаға салды. Бұл мәселелерді Шүкір Шахай да тілге тиек етті. Оның айтуынша, қазіргі уақытта сурет ұрлау мәселесі айтылса да, айтылмаса да жиі қайталанатын тірлікке айналған. Жиындарда осы мәселені күн тәртібіне шығару жағын баса айтты. Бұл тұрғыда бірлестік жиындарға тұрақты қатысып, жеке мәселелерді топта баяндап, хабардар етіп отыруын, ары қарай ұжым ретінде қолдауға дайын екендігін жеткізді. Мәселен, Жайлау Таласов «Фотоөнер» атынан қатысқан жұмыстарды бірлестік атынан жариялау жағын сөз етті. Шара соңында, ақсақалдарымыз Қалиғұмар Қабдешұлы мен Нұрманбет Қизатұлы Санкт-Петербордағы жобаға қатысып жатқан Мақсат Шағырбайға батасын беріп, ақ жол тіледі.
Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ,
Суреттерді түсірген автор