«Фотоөнердің» жарты жылдықтағы жалпы жиналысы өтті

 «Фотоөнердің» жарты жылдықтағы жалпы жиналысы өтті

29.05.2025 ж. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Журналистика факультетіндегі «Фотоөнер» білім беру және зерттеу орталығында «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің жарты жылдықтағы жалпы жиналысы өтті, — деп хабарлайды photooner.kz.

Жиналысқа Асылхан Әбдірайым бастаған бірлестіктің Алматыдағы мүшелері мен арнайы келген қонақтар оффлайн қатысса, Қалиғұмар Қабдешұлы мен Оңғарбек Алхаров (Алматы қаласы), Шүкір Шахай мен Бауыржан Жуасбаев (Астана қаласы), Нақып Шынтемір мен Шері Серікболсын (Түркістан), Жайлау Таласов (Атырау облысы), Әйгерім Бегімбет (Шымкент қаласы), Мерей Қайнарұлы мен Аяужан Өтеулинова (Шығыс Қазақстан облысы) zoom платформасындағы сілтеме арқылы https://us04web.zoom.us/j/79857438847?pwd=6ydiyJGpuUWqWbNceLE1qSBYbS0n0D.1 онлайн түрде қатысты.

Жиналыстың модераторы — Бірлестіктің белсенді мүшесі, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінің аға оқытушысы Дәурен Мақсұтханұлы онлайн қатысушыларды жиынға қосып болғаннан кейін, кворумды анықтап алып, жиналысты жүргізіп отырды.

Ол кіріспеден соң алғашқы сөзді, Бірлестіктің жыл басынан бері атқарған шаралары жайлы есеп беруі үшін «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің Президенті Асылхан Әбдірайымұлына берді. А.Әбдірайым 7 минут ішінде осы күнге дейін жүзеге асырылған бірлестік шаралары жайында баяндады.

Одан кейінгі сөз Бірлестіктің қаржысына жауапты Айым Бахыбекке берілді. Ол 2025 жылғы мүшелік жарна бойынша қысқаша ақпарат беріп өтті.

Осы кезде модератор – сонау Бірлестік құрылған уақыттан бері бір рет те демалыс алмаған Бірлестік президенті Асылхан Әбдірайымұлы қысқа мерзімге еңбек демалысына шыққысы келетінін жеткізді. Президенттің міндетін уақытша атқаруды PhD, ғалым, фотожурналист Досжан Балабекұлының кандидатурасын ұсынып, дауысқа салды. Астанадан Шүкір аға сөз алып, бұл өте орынды екенін айтып өтті. Соңында бұл ұсыныс бірауыздан қабылданды.

Модератор «Ауыл» партиясының Алматы қаласындағы филиал жетекшісі Ахмет Қоңырбаевқа сөз кезегін ұсынды. Өз кезегінде Ахмет Байоразұлы: «Арнайы шақырғандарыңызға көп рахмет!, дей келе, алдағы уақытта сіздермен бірлесе әрекет еткіміз келеді. Біздің партия ҚР Парламенті Мәжілісінде депутаттары бар, іргелі саяси партия. Сонымен қатар сіздерге қатысты айтайын дегенім, біз былтырдан бері «Ауыл нақыштары» деген атаумен фотобайқау ұйымдастырып келеміз. Биыл байқаудың жүлде қоры былтырғыға қарағанда артып, 4 000 000 млн теңгені құрап отыр. Осы жобамызға сіздердің мүшелеріңіз де атсалысып қатысса дейміз» деп ақжарқын тілегін айтып өтті.

Бұл ұсыныс бірауыздан қабылданды, алдағы уақытта бұл Фотобайқауға ақпараттық қолдау көрсетуге және қатысу үшін бірлестік тарапынан жұмыстар жүргізілетін болады.

Дәурен Мақсұтханұлы жиынды одан әрі жүргізе отырып, алдағы жобалар бойынша қысқаша таныстырып өтті де, кезекті осы жылы бірлестіктің жұмыстарына белсенді атсалысқан, дамуына айрықша үлес қосқан 6 адам (Қалиғұмар Қабдешұлы, Асылхан Әбдірайымұлы, Дәурен Мақсұтханұлы, Оңғарбек Алхаров, Мақсат Шағырбаев, Досжан Балабекұлы) алда келе жатқан БАҚ қызметкерлері күніне және Тәуелсіздік күніне орай мемлекеттік наградаға ұсынылады» деп мәлімдеді. Одан кейін дауысқа салу процесі жүріп, ұсыныс бірауыздан қабылданды.

Ары қарай өзге де қатысушыларға сөз кезегі берілді. Сонау Моңғолиядан арнайы іздеп келген, фотосуретші Нұрболат Мұсабай сөз алып, өз еліндегі фотография жағдайы жайлы қысқаша баяндай келіп, бірлесіп қызмет етуді ұсынды. Бұл ұсыныс та бірауыздан қабылданды.

Жиын соңына қарай кезек марапаттау рәсіміне жетті. Бірлестік президенті Асылхан Әбдірайымұлы бірнеше азаматқа атап айтқанда, Досжан Балабекұлына, Айым Бахыбекке жаңартылған (ребрендинг жасалған) мүшелік куәлікті табыстады да өзге де мүшелердің куәліктері дайын болғанын ескертті.

Одан кейін биылғы Наурыз мерекесін Алматы қаласында атап өтуге Бірлестік өте белсенді атсалысқанын және сол үшін бірнеше азамат Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаевтың атынан Алғыс хаттарға ие болғанын айтып өтіп, Бірлестік мүшесі Ернұр Манапханға арнайы табыстады.

«Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің жарты жылдықтағы жалпы жиналысы әдеттегідей жаңа мүшелерді таныстырумен аяқталды. Бірлестіктің жаңа мүшелігіне: «Ана тілі» ұлт газетінің фототілшісі Азамат Құсайынов, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінің аға оқытушысы, Нью-Йорк фильм академиясының (АҚШ) түлегі, ақын, журналист Нұрлан Наурызалиев және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінің студенттері Әсел Сағындық пен Аягөз Жеңісбекқызының кандидатуралары ұсынылып, қабылданды.

Дәурен Мақсұтханұлы, фотожурналист

Фотосуреттерді түсірген Айым Бахыбек

 

 

 

 

 

Оқи отырыңыз!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *