Фото түсірудің қыр-сыры…
Асылхан Әбдрайымұлы — Түркістан қаласының тумасы. Әкесінің жолын қуып заңгер болуды армандағанымен, адал, әрі тағылымды өмірінің 22 жылын фотожурналистикаға арнаған танымал фотосуретші. Асылхан Әбдірайымұлы – қазақ фотожурналистикасын жандандырушы, қазақ фототілшілерінің басын қосқан «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы. Жаңаөзен ереуілінің бір жылдығына орай Janaozen.net порталының бастамасымен өткен атышулы фотокөрменің негізгі ұйымдастырушысы. Фотожурналистиканың бүгіні мен болашағы және өзінің азаматтық көзқарасы турасында Асылхан Әбдірайымұлымен сұхбаттасқан едік.
— Асылхан аға, фотожурналистикаға қашан бет бұрдыңыз?
— Мектепті жақсы аяқтағаннан кейін Ташкент қаласындағы заңгерлік оқу орнына түспек болдым. Алайда, олар Алматыда да сондай оқу орны бар деп қабылдамады. Өзім жас кезімнен табиғатты сүйіп өскеннен кейін, Ташкенттегі су шаруашылығы техникумына түстім. Техникумды қызыл дипломмен аяқтап, бірден әскерге шақырылып, 2 жыл Отан алдындағы борышымды атқардым. Әскерден келгеннен кейін мені Мәскеудегі Гидромелиорация институына оқуға шақырды. Алайда, анамның денсаулығына байланысты, мен 1 жылдан соң Алматыдағы ҚазМУ-дің су шаруашылығы мамандығына ауыстым. Оқуымды бітіргеннен кейін сонда бірнеше жыл бойы жас маман ретінде қызмет жасадым. Одан соң 90 жылдары бала кезімнен армандаған фотожурналистикаға бет бұрдым.
— Алғашқы фотоаппаратыңызды қолыңызға қашан ұстадыңыз?
— Ана жүрегі қайткенмен де баласының қабілетін, оның арман-тілегін, бейімін сезеді ғой. Сондықтан фотоаппаратты 3 сыныпта оқып жүргенімде анам сатып алып берді. Сол кезде алғаш рет фотоаппаратты қолыма алдым.
— Сол фотоаппаратпен тұңғыш рет нені түсірдіңіз және алғашқы фотоңызды кімге көрсеттіңіз?
— Мен басында көршінің баласының суретке түсіріп жүргенін көріп, оған көмектесіп жүретінмін. Алғаш рет маған мектеп жиналысын түсіру бұйырды. Сол кезде мен түсірген 36 кадрдың ішінде тек 1-уі ғана жарамды болды. Ол мектеп директорының суреті еді. Фотоны да сол директор көрді.
— Сіздің мұрағатта 30 мыңға жуық фото бар екен. Солардың арасында ерекше, ешкімде жоқ қайталанбас фотолар бар ма?
— Менің жаныма табиғат суреті жақын. Жеке мұрағатымда Ұлытаудағы, Хан тәңірі баурайындағы суреттер аса сәтті шыққан. Сонымен қатар, кеңестік Қазақстанның бірінші басшысы болған Дінмұхамед Қонаевтың өмірінің соңғы күндерінің фотолары бар. Бұл фотолар мен үшін аса қымбат болып табылады.
— 2007 жылы өзінің басқаратын «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі қалай құрылды? Ұйымның бүгінгі қызметі қандай?
— Бұдан 7-8 жыл бұрын ардагер фотожурналистер, жастар қауымы бар, қазақтың ұлттық фотожурналистикасын дамыту мақсатында, фотожурналистердің жаңа толқынын қалыптастыру үшін «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігін құрдық. Себебі, ұйымды құру заман мен қоғам қажеттілігінен туындады. Қазіргі таңда фотоәліппелер, оқулықтар, курстар ашуды жоспарлап отырмыз. Қазақтың 12 ардагер фотожурналистерінің еңбегінен тұратын кітап шығарылуға дайындалып жатыр. Сондай-ақ, Қытайда шыққан «Фотожурналистиканың 100 сұрағы мен жауабы» атты кітапты аударып жатырмыз. Себебі, Қазақстанда фотожурналистика бойынша қазақ тіліндегі кітаптар, оқулықтар аз. Барлық бастамаларды біз болашақ үшін жасап отырмыз. Өйткені, біз жете алмаған биікке келешек жастар жетіп, әрі қарай дамытуы тиіс.
— Жастар демекші, қазақ фотожурналистикасында топ жарып жүрген жастар бар ма?
— Иә, кәсіби деңгейі жоғары, талантты фотожурналист жастар баршылық. Мысалы, Ақсу-Жабағылыда өткен «Қызғалдақтар отаны — Қазақстан» атты 20-дан астам фототілші қатысқан сайыста, «Дөңгеленген дүние» газетінде қызмет атқаратын жас фотожурналист Еділ Орманов бірінші орын алды. Енді Еділден үлкен үміт күтіп отырмыз. Сонымен қатар, «Заң» газетінің фототілшісі Дина Дәуітбекова мен «Астана» журналының фототілшісі Айнагүл Наурызова сынды нәзік жанды фотожурналист қыздарымыз бар. Онымен қоса, жеке өздері фотокөрме өткізген жастар да жеткілікті.
— Қазақ фотожурналистерінің шетелдік әріптестермен байланысы қандай?
— Біз үнемі тәжірибе алмасу мақсатында шетелдегі әріптестерімізбен байланысты жақсы орнатқанбыз. Жақында болған «Шалкөде — ел жайлауы» фотокөрмесіне Қытайдағы, Моңғолиядағы, Түркиядағы әріпестерімізбен кездесіп, үлкен тәжірибе алмасу болды. Бұл үрдісті одан әрмен тереңдету үшін «Фотоөнер» атты интернет-порталын ашпақшымыз. Бұл интернет-портал арқылы алыс-жақын шетелмен байланысып, өзіміздің іс-шараларымызбен, тәжірибемізбен бөліспекпіз.
— Асылхан аға, фотожурналистиканың бұрынғы кезі мен қазіргі фотожурналистиканың айырмасы қандай?
— Рысқали Дүйсенғалиев, Сиезд Бәсібеков, Нұрғожа Жұбанов, Сайлау Пернебаев, Дендірбай Егізов секілді ардагер фотожурналистер біздің марқасқаларымыз. Олар бізге жол салып кетті, бағытты көрсетті. Қазіргі қазақ фотожурналисткасы да аяғынан тұрып келе жатыр. Техника дамыған сайын, біз де алға қадам басып келеміз. Бұрынғы уақытта жастар барынша білімге қызығатын. Ал қазір болса, түрлі техниканың жақсы дамуына байланысты олар фотоаппараттардың сан алуан түріне, қосымшаларға әуестенеді. Ал композиция, ракурс сияқты фотоның композициялық құрылымына аса мән бермей жатады. Дегенмен, мақсат айқын болғандықтан, фотожурналистика саласының болашағы зор деп ойлаймын.
— Фотожурналист мамандығының беделі қандай елімізде?
— Фотомен айналысатын әрбір маманды шежіреші деп те атауға болады. Себебі, фото тарих қойнауына кетеді. Мысалы, интернет, сайт пайда болғанда газет-журналдар жойылып кетеді деген еді. Алайда, газет-журналдар керісінше, жыл санап өсіп келеді. Бейне, компьютер пайда болғанда фотоаппарат, фото жойылып кетеді дегенімен, фотографтар әлі бар. Бір сәт бірнеше жылға татиды, ол қайталанбайды. Мұны тек фотожурналист қана жасай алады. өміріміздің ең маңызды, қуанышты жағдайларын есте қалдыратын, көрнекті ететін осы фотожурналистер. Сондықтан да, фотожурналист — беделді мамандық.
— Қазіргі таңда әрбір қазақ фотожурналисі табиғатты түсіруге шебер. Алайда, табиғат көрінісінің көлеңкесінде халық бейнесі, тұрмыс-тіршілігі, қоғамның ащы шындығы қалып жататын сияқты. Сол себептен де, қазақ фототілшілеріне деген көзқарас «өзгеше» секілді. Қалай ойлайсыз, неге қазақ фотожурналистерінің суреттерінен халықтың бейнесін көре алмай жүрміз?
— Әлбетте, әрбір мамандық ұлттық мүдде, халықтың мүддесі үшін қызмет етуі тиіс. Фототілшілер де ұлттың мүддесі үшін қызмет атқарады. Иә, фотография — қоғам өмірі, шындығы. Кейде, соны көрсеткен үшін таяқ жейді де. Мысалы, «Рейтер» ақпараттық агенттігінде қызмет атқаратын Шәміл есімді фототілші ең «ыстық» нүктелерге, төтенше жағдайлар болған оқиға ортасынан суреттер түсіргені үшін соққыға жығылды… Қазақ фотожурналистері тек табиғатты түсірумен шектелмейді. Олар да қоғам шындығын түсіреді. Себебі, біздің қоғамның барлық саласында кемшіліктер, олқылықтар жеткілікті. Бірақ, қазақ фотожурналистері ұлттық мүдде үшін қызмет етеді.
— Дегенмен, кәсіби жағынан қазақ фотожурналистеріне деген көзқарас әлі де басқа сияқты…
— Әрине. Мәселен, қазіргі таңда шынын айту керек, орыс тілді басылымдарда фотожурналистерге жалақыны жоғары төлейді. Ал қазақтілді басылымдарда жалақыны төмен төлейді. Әлі де қазақ фотожурналистеріне деген оң көзқарас қалыптаспаған. Бірақ болашақта ондай көзқарас өзегереді деп ойлаймын. Дегенмен, егер фотографтың кәсіби білім-біліктігі болса, ондай маман жерде қалмайды.
Одан соң, Қазақстанда қазақ тіліндегі фототілшілердің ұйымдары жоқ. Қазақы орта тар. Қырғызстанның өзінде фотографтардың ірі Одағы бар. Бізде орыс тіліндегі ұйымдар, бірлестіктер жеткілікті. Мәселен, үлкен компанияларда, мемлекеттік органдарда тағы басқа жерлерде өзге ұлттың фотожурналистері өріп жүр. Ал қазақ фотожурналистері жоқ. Сондықтан да дұрыс көзқарас қалыптаспаған. «Саланы ұлтқа бөлуге болмайды» дейді маған. Алайда, бұл қазақ елі болғандықтан, өз мамандарымызды дамытуымыз тиіс деп ойлаймын.
— Фотоаппаратты алғаш рет қолына алған азаматтарға сапалы сурет түсіру үшін қандай кеңес бере аласыз?
— Алдымен фотоаппаратты таңдағанда, аса танымал «Никон», «Кэнон» секілді фотоаппараттарды таңдаған дұрыс. Одан соң, фотографиядағы ең бастысы – жарық. Сондықтан телефон, бейнекамерамен түсірсе де, жарыққа мән беру керек. Суретке түсіріп жатқанда жарық жаққа қарай емес, жарық артынан түсетіндей етіп суретке түсіру керек. Онымен қоса, қажет емес деген, сәтсіз кадрларды бірден алып тастауға кеңес беремін.
— Естуімше, ұлыңыз өзіңіздің жолыңызды қуып, журналистика мамандығына түспекші екен. Отбасыңыз туралы айта кетсеңіз?
— Екі балам бар. Үлкен қызым ҚазҰУ-дың филология факультетінің 3 курсында оқып жатыр. Ал ұлым биыл мектеп бітірді. Жастайынан тенниспен айналысатын. Бірақ менің ықпалыммен спорт журналистикасын таңдады. Себебі, қазіргі таңда қазақ тілді спорт журналистері аз әрі сапалары да көңілді көншітпейді. Жарымның есімі – Лескүл. Бір қызығы, ол да суретші, фотожурналист. Абай атындағы Қазақ Ұлттық университетінің көркем-сурет факультетін бітірген. Біздің шаңырақ көтеруімізге осы фотожурналистика себеп болды.
— Фотожурналист отбасын, өз жұбайын суретке жиі түсіре ме?
— Иә, отбасымды түсірген суреттер өте көп. Үйімізде том-том альбом фотоларын көрген адамдар таң қалмайды. Өйткені, «екеулерің де фотографсыңдар ғой» дейді.
— Фотожурналистикадан өзге, бос уақытыңызда немен айналысасыз?
— Тенниспен шұғылданамын. Себебі, ол денсаулыққа пайдалы. Қазір көп адамдар күні бойы компьютер алдында отырады. Ал теннистің дененің қимылына, буындарға тигізетін пайдасы өте мол.
— Сіздің азаматтық позицияңыз қалыптасқан, батыл да шыншыл адамсыз. Жаңаөзен ереуіліне қатысты танымал болған фотокөрме өткіздіңіз.
— «Етікші болсаң да, құл болма» деген сөз бар. Құл деген тәуелді болу, мойынұсыну деген сөз. Сондықтан, мен барынша еркіндікті, сөз бен ой бостандығын қолдаймын. Әрбір адам еркін ойлауы тиіс. Мен егер қызмет қуатын болсам, баяғыда Мәскеуде шенеунік атанар едім. Мен ешқашан қызмет мүддесін, ақшаны бірінші орынға қойған емеспін. Мен мамандығымды таңдап, сол арқылы ұлтқа қызмет етуді өзіме міндет еттім.
— Әңгімеңізге рахмет!