Фотошежіреші

 Фотошежіреші

Білместігім шығар, фотоөнерге өмірін арнап келе жатқан жерлесіміз — Қалиқұмар Қабдешев ақсақал туралы бұрын-соңды естімеппін. «Марқакөлдің тумасы, Қонаевтың жанында фотожурналист болып қызмет етті» дегенде ғана елең ете қалдым. Елең ете қалғаным, о заманда фотоаппарат ұстаған қазақ ілеу де біреу-тұғын. Ақсақалмен әңгімелескім келді. Әй, бірақ жуық арада Алматыға жол түсе қоюы екі талай еді. Сөйтсем, «адам айдаса бармайсың, дәм тартса қалмайсың» деген рас екен. Аяқастынан  ақсақалдың Алматыда өтіп жатқан көрмесін көріп, шаңырағында қонақ болдым.

«Қазақфильмде» қызмет еткен

Көрмеге еңбек адамдарының, айтулы тұлғалардың ақ-қара түсті портреттері қойылыпты. Әр фотосы — бір тарих. Театрдан түсірген суреттері де бір төбе. Көрмені көріп шыққан соң ақсақалдың үйін бетке алдым. Сексеннің сеңгіріндегі Қалиқұмар ата «Марқакөлім көшіп келгендей болды» деп құшақ жая қарсы алды. Төріндегі Марқаның суретіне қадала қарап тұрып. — Аңсарыңыз ауылға ауып тұр екен-ау, Алматыға қалай келіп жүрсіз, — дедім.

— Біз Әлиқұмар, Қалиқұмар, Зарқұмар есімді үш ағайынды едік. Әкем 1943 жылы Сталинград түбінде қайтыс болды. Анам фермада сауыншы. Үйде екі апам бар. Өз апам ғұлама еді. Ертегі-қиссаларды жатқа білетін, — деп барып дастарқанға жайғасты. Маған орынды төрден ұсынды. Танымдық әңгіме айтарын сезіп тұрмын, диктофонымды қостым.

— Кішілеу кезім. Бірде ауылға Зайсан қаласынан спектакль қоюға әртістер келді. Шығаншиде қойылым қоятындай жер жоқ, біздің үйдің қабырғасына киіз үй тікті. Сонда қыздардың кемпір, жігіттердің шал болғанын көріп таңғалдым. Театрға деген қызығушылығым сол кезде оянса керек… Кейін Садық Түкібаев басшылық ететін Жаңауыл орта мектебіне ауыстым. Садық мұғалім дәл Сталин құсап киінетін. Сабырлы, кең адам еді. Өзі тарихтан сабақ берді. Мектепке де «Казпи» мен «Казгуды» бітірген мұғалімдерді әкеледі. Сол тұстары сурет салуға құмартып, Шишкин, Айвазовскийдің картиналарын көшіріп сала бастадым. 1957 жылы 10-сыныпты бітірдім. Суретші болайын десем, ағам мал дәрігері бол деп «заведке» жіберді.

—  Сонда суретші де, мал дәрігері де болған жоқсыз ғой. Қайтіп фототілші болып кеттіңіз, — дедім мен шыдамсыздана.

— Фототілші дегенің дұрыс. Кейбіреу фотограф деп шатастырып жатады. Екеуі екі бөлек бағыт. Фототілші ол ақпаратты фотосурет арқылы береді, — деп түсінік беріп өтті де, әңгімесін әрмен қарай жалғастырды.

— 1963 жыл. Осында, Алматыда екінші курста оқып жүрмін. Сабақтан соң Абай даңғылымен келе жатсам, Шәкен Айманов кино түсіріп жатыр екен. Бір әйел шақырып алып, массовкаға кіргізіп жіберді. Айманов өзі айғайлап тұр. Мені әрі-бері жүргізді. Біткен соң үш сом ақша берді. Сұрастырсам, «Перекресток» деген фильм екен. (Кейін бұл фильмді «You Tube» желісінен тауып алып көрдім).  Содан әлгі әйел ертең сағат онда фотоларымды алып, «Қазақфильмге» келуімді өтінді. Айтқандай, үш-төрт жігіт бардық. Бір уақытта Шәкең өзі келді. Сөйлестік. Содан хатшы қызға «не штатный актер» деп бекіт деді. Әлгі қыз бізді кәдімгі пойыздың вагоны тұрған павильонға алып барды. Іле-шала соңымыздан бұйра шашты бір жігіт кіріп келді де, «Асанәлі» деп қолын берді. Бұл жерде пойызбен тың жерлерді игеруге кетіп бара жатқандай болып, «Мальчик мой» деген фильмге түстік. («You Tube» желісінде бұл фильм де бар). Кейін дубляж цехында жұмыс істей бастадық. Сөйтіп жүргенде, Өзбекстанның Наманган қаласына әскерге аттандым. Әскери өмірім қызықты өтті. Ала жаздай топографиялық карта жасау үшін Қазақстанды араладық. Менің міндетім – өзен-көлді, тау-тасты суретке түсіру еді. Көбінесе жаяу жүрдік. Еліміздің барлық жерінде болдым. Бірақ дәл Шығыстай сұлу табиғат жоқ. Пах-па-а-ах шіркін, — деп күрең шайынан бір ұрттады.

— Үш жыл әскерде жүріп түсірген фотосуреттерім «Красная звезда» газетіне шықты. Оны Шутов деген фотограф көріп, Орталық Азиядағы әскери баспаға шығартып отырған. Өзіме де фотоальбом жасап алып, қарашада әскерден босадым. Фототілші деген құжат берді. Елге келе сала «Жетісу» газетінде істейтін Марат Тұраров досым фотосуреттерімді көріп, «заведті таста» деді. Не керек, мені Журналистер Одағы ашып жатқан фотостудияға алып барды. Ақпанбетов бастаған комиссияның іріктеуінен өттім. Бірақ үйге барып келуімді өтіндім.

Асанәлінің альбомы

— Оқудан ше, шығып кеттіңіз бе? – деймін ғой…

— Жұмысқа шақырту алған соң оқудан үндемей шығып кеттім де, Марқакөлге кеттім. Сол барғаннан ауылда қалып қойдым. «Дом пионеровтан» фотостудия жасап алдым, «Шамшырақ» газетіне жұмысқа кірдім. Передовой жұмысшылардың фотосын «Коммунизм туына», «Социалистік Қазақстанға» шығарып жүрдім. Кейде Өскеменге ұшып барып, фотоларға ретушь жасап кететінмін. 1973 жылы бала-шағамды алып, өнер ордасы Алматыға көштім. Көшкенім, аудандық партия комитетінің және «Шамшырақ», «Маяк» газеті ұжымының  жолдамасымен  журналистика факультетіне оқуға түстім. Бара сала жатпай-тұрмай еңбектендім. Бір күні театрдағы қойылымдарды түсіріп жүріп, Асанәлімен кездесіп қалдым. Көріспегелі он жыл өтіпті. Бір-бірімізді бас салып құшақтай кеттік. Содан бері араласып келеміз.

Аллаһу әкбәр айтысып, дастарқаннан тұруға ыңғайландық. Ақсақал ақ батасын берді. Салиқалы сұхбат Қалиқұмар ағаның жұмыс бөлмесінде жалғасты. Сөредегі көп кітаптың жоғарғы жағында Әзірбайжан Мәмбетов, Асанәлі Әшімов, Досхан Жолжақсыновтың фотоальбомдары тұр. Қалиқұмар аға өзі жинақтап шығарған екен. Еппен алып, Асанәлінің альбомын маған ұсынды. Әйгілі әртістің сахнадағы өмірі осында жинақталыпты. Асанәлі Әшімовтің «өнердің ішіндегі ең ұзап кететіні фото. Біз ойнаған рөлдер сол заманмен кетті. Ал фото қалды» дегені осы екен ғой.

— Асанәліні — Кебек, Фарида Шәріпованы — Еңілік рөлінде түсірдім. Ол фото «Қазақ әдебиетіне» шықты. Оны көрген театрдың сол тұстағы директоры Райымбек Сейтметов жарнамалық суреттер түсіріп беруімді өтінді. Сол күннен бастап бүгінге дейін спектакльдерді түсіріп жүрмін. Әсіресе, әртістердің образға кірген сәттерін, эмоцияларын аппаратқа басып алғанды ұнатамын, — дейді ардагер фотожурналист кітаптағы суреттерге сүйсіне қарап.

Ақ-қара түсті суреттердің уақыт өткен сайын құны артады

Көне суреттерді ақтарып отырып, Серке Қожамқұловтың фотосы көзге оттай басылды. Ол кісіні білмейтін қазақ жоқ шығар. «Амангелді», «Біздің сүйікті дәрігер», «Алдар көсе» сынды алтын қордағы фильмдерде ойнаған актер ғой.

— Бұл кісімен де араластыңыз ба? – дедім таңдана. Таңданғаным, сол заманда комедиялық рөлдерді құлпыртып-құбылтып ойнаған Серке Қожамқұлов қазақ киносында ойып тұрып орын алатын ірі тұлға еді.

— Серағаңның біз баласындаймыз. Сондықтан да шығар, бәлендей араласымыз болған жоқ. 1979 жылы ағамен театрдың алдында кездесіп қалдық. Көлденеңдеп барып амандастым. «Әй сенбісің? Бүкпей айтшы осы, кеше қалай ойнадым?» деді. Елу сегізінші жылы алғаш театрға келгенімде сіз Еспенбеттің рөлін сомдап жүрдіңіз. Сол кездегі шеберлігіңізді қайталадыңыз деп ойымды айттым. «Сөзің мірдің оғындай екен. Өнерің үстем, өмірің ұзақ болсын» деп батасын беріп, құшағына қысты да, білегіне ілген таяғын екі-үш рет айналдырып жүріп кетті. Соңғы көруім сол екен, желтоқсанның 31-де қайтыс болды.

Ақсақал әйгілі әртістің суретіне қарап үнсіз ұзақ отырды. Келмес күндері еске түссе керек. Әңгіменің ауанын басқа арнаға бұрмақ ниетте. — Журналистер Одағында да фототілші болып қызмет еттіңіз, — деп келесі бір тақырыптың ұшын шығардым. Қалиқұмар Қабдешұлы Одақтың жанынан құрылған «көркемсурет фотостудиясында» фототілші болып жүрген кезде XXV,  XXVI съездерді суретке түсірген. XXVI съезге тұңғыш қазақ фототілші болып қатысқан да осы кісі. Мені қызықтырып отырғаны, Қонаевтың қасында жүрген сәттерінен естелік айтса дегенім ғой.

— Мәскеуге, партияның XXVI съезіне бардық. Ат шаптырым залда фото түсіруге ыңғайлы орын қарастырып тұрған едім. Жалт қарасам, Дінмұхамед Ахметұлы келе жатыр. Таяп келіп амандық-саулығымды сұрасты да «қазіргі түсірген суретің — сурет, ертең тарих» деп арқамнан қақты. Тағы бірде Алматыға әр елдің I хатшылары жиналды. Брежнев пен Қонаев 28-панфиловшылар саябағына гүл шоқтарын қоятын болды. Аппараттарымызды сайлап, күтіп тұрмыз. Көп ұзамай келді. Дінмұхамед Ахметұлы қарапайым ғой. Біразымен әңгімелесіп үлгірді. Алдыңғы қатарда обкомның хатшылары, кейінгі қатарда Бошай Кітапбаев тұрған. Димекең Кітапбаевпен арнайы амандасып, сөйлесті. Сонда Бошекеңнің беделін байқадым. Ал Қонаевты түсірген суреттерімнің көбі мемлекеттік мұрағатта жатыр. Бұйырса, қолда бар фотолардың ішінен таңдап, фотоэнциклопедия жасаймыз. Ақ-қара түсті суреттердің уақыт өткен сайын құны артады. Тағы бір айтайын дегенім, осы жасқа дейін азды-көпті еңбек еттік. Енді сол суреттерді жинақтап, топтастырып Өскеменде, Марқакөлде шығармашылық көрмемді өткізсем арманым жоқ еді, — деп ағынан ақтарылды ақсақал.

Әрине, өз елінде дүркіреп көрмесі өтіп жатқанға не жетсін?! Әйтпесе, Қалиқұмар ағаның көрмелері ерте кезде Үндістан, Цейлон, Мальдив, Болгария, Румыния, Чехославакия, Азия, Еуропа елдерінде өткен. Бұдан өзге де жетістіктері ұшан-теңіз. Оның бәрін тізіп қайтеміз?! Ең бастысы, Марқадан шыққан фотошежіреші ағамызбен мақтанбаймыз ба?!.

Мерей Қайнарұлы, photooner.kz

Оқи отырыңыз!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *