«Фотосын» шебері

 «Фотосын» шебері

Алматы. 11 сәуір, 2016 жыл. -Айқын. Алматыда Ұлттық кітапхананың мәжіліс залында «Тәуелсіздік тағылымы» атты жобасы жөнінде баспасөз мәслихаты өтті. Шараны «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі өткізіп отыр.

Баспасөз мәслихатында алғы сөз алған «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылхан Әбдірайым жобаның мақсат-міндеттері, жүргізілу тәртібі мен қорытындысы турасында кеңінен айтып өтті. Айталық, ұлттық жоба «Ел мақтаныштары» («Гордость страны») фотокөрмесі, «Turkestan — 2016» Халықаралық фотоэкспедициясы, «Менің Елім Қазақстан» (Моя Родина Казахстан) фотобайқауы, «Тәуелсіздік тағылымы-25» («Избранное из истории Независимости-25») фотокөрмесінен тұрады.
Ардагер-фотожурналист Нұрманбет Қизатұлы: «Суретті көбіміз қағаздың бетіне түскен сәт деп қанай ойлаймыз. Ғалымдар, «жарықпен ойнау»,-деп түсіндіреді суреттің мағынасын. Сол жарықты ойната, ойландыра біліп, сырын ашып, құдіретін таныта білетін фотосуретшінің еңбегі ғана, көрмеден орын алатыны белгілі. «Сурет» деген жай ғана қасымызда жүрген ұғымды, бір сәт өзіндік ой жүгіртіп, зерделеп қарайтын болсақ, ол тұнып тұрған ғажайып. Ал сол ғажайыптарға үлес қосып жүрген қазақ фотожурналистерінің де еңбегі баршылық. Біз осы жолда тер төгіп, үлкен жобаларға мұрындық болып жүрген, жалғыз ұлттық фотоөнердің жанашыры «Фотоөнер» бірлестігіне алғыс білдіреміз»,-деп ақ тілегін білдірді.
Баспасөз мәслихатында бір жыл бойы үздіксіз өткен «Фотосын» байқауының жеңімпаздар есімі анықталды. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен, тіпті алыс-жақын шет мемлекеттерден де қандастарымыз қатысқан болатын. Қорытындыға 10 фотожурналистің еңбегін, «Фотоөнер» бірлестігінің 60-қа жуық мүшесінің дауыс беруі арқылы, жеңімпаз есімі анықталды. Сонымен, мәртебелі сайыстың жеңімпазы болып, ҚХР-ның азаматы, шебер фотограф, «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің Қытайдағы белді мүшесі Бақытхан Әсетұлы марапатталды. Бірлестік тарапынан жеңімпазға арнайы диплом мен кубок және ақшалай сыйлық табысталды.

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ
Суретті түсірген автор

Оқи отырыңыз!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *