Фотожурналистика: Көзге көрінбес өнердің күші

Фотожурналистика – бұл сәттің маңызын дәл түсіріп, оқиғаның шынайылығын жеткізе білетін ерекше өнер. Бір ғана кадрда бүкіл тарихтың бейнесін беруге болады. Осы орайда, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінің студенттері үшін, жуырда «Фотожурналистика пәні» аясында ұйымдастырылған кезекті кездесу үлкен тәжірибе мен шабыт сыйлады, — деп хабарлайды photooner.kz.
Біз, болашақ журналистер, «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің басшысы, белгілі фотожурналист, ұстазымыз Асылхан Әбдірайымұлының жетекшілігімен Алматыдағы «Принтмедиа технологиялар колледжі»-нің фотостудиясының жетекшісі, оқытушы, белгілі этнофотограф Оңғарбек Алхаровпен жүзбе-жүз кездесіп, оның шығармашылығы мен тәжірибесінен тағылым алдық.
Оңғарбек Алхаров – қазақ этнофотографиясының дамуына зор үлес қосып жүрген кәсіби фотограф. Ол қазақтың ұлттық болмысын, салт-дәстүрі мен тұрмысын бейнелейтін ерекше туындыларымен танымал. Оның еңбектері тек Қазақстанда ғана емес, халықаралық деңгейде де үлкен сұранысқа ие. Алхаров этникалық фотосуреттер арқылы қазақ мәдениетінің бай мұрасын дәріптеп, әрбір кадрға ерекше мағына береді.
Кездесу барысында Оңғарбек Алхаров өзінің шығармашылық жолы, қызықты оқиғалары мен фотосуреттегі ерекше тәсілдері туралы әңгімеледі. Бізге жарықтың суретке әсері және оны дұрыс пайдалану, фотокомпозиция құрудың негізгі ережелері, қазақ этнофотографиясының дамуы мен өзектілігі туралы құнды ақпараттар берді. Кездесудің теориялық бөлігі аяқталған соң, біз тәжірибелік жұмысқа көштік. Әр студентке фотокамера беріліп, портреттік түсірілім жасау мүмкіндігі ұсынылды. Оңғарбек Алхаров ағайымыз бізге жарықтың дұрыс түсуін, кадрды дұрыс орналастыру және фото түсірілімдегі маңызды техникалық аспектілерді қарапайым тілмен түсіндірді. Біз фотоөнердің қарапайым, бірақ көзге байқала бермейтін қыр-сырларын ұғынып, шынайы шеберліктің қандай болатынын сезіндік.
Фотокамераны қолымызға алып, алғашқы түсірілімдер жасаған сәтіміз – үлкен шабыт пен толқынысқа толы ерекше кезең болды. Бір сәттік кадрда тұтас бір оқиғаның тарихы мен сезімін жеткізу шеберлігін меңгерудің алғашқы қадамдарын жасадық. Достарымыздың бірінен бірі өтетін керемет кадрлар жасағанын көріп, бәріміздің көңіл-күйіміз ерекше көтерілді.
Бұл кездесу біздің фотожурналистикаға деген қызығушылығымызды одан әрі арттырды. Әрбір кадр – өнер, әрбір сурет – оқиға, ал әрбір фотограф – тарихты таспаға түсіруші. Кездесуден алған әсеріміз ұмытылмас болып қалады, бәлкім, осы кездесудің арқасында болашақта еліміздің танымал фотожурналистері, фотошеберлері арамыздан шығар.
Осы мүмкіндікті сыйлаған ұстаздарымыз Асылхан Әбдірайымұлы мен Оңғарбек Алхаровқа шынайы алғысымызды білдіре отырып, мұндай кәсіби кездесулердің жиі ұйымдастырылуын қалаймыз. Себебі теориялық білім мен тәжірибенің үйлесімі – нағыз шеберліктің бастауы.
Ақтолқын ИГЕРДІ
Фотосуреттерді түсірген: Аружан Вахапова,
Жансая Әреджан, Аяна Нұрлыбай.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
журналистика факультетінің 2-курс студенттері