Ұлттық фотоөнер әлемдік кеңестікті игереді — Сағатбек Медеубекұлы

 Ұлттық фотоөнер әлемдік кеңестікті игереді — Сағатбек Медеубекұлы
Алашқа «Асылханның фотосы» деген атпен қоғамдық-саяси «Жас Алаш» газеті арқылы әйгілі болған фотограф, фотозамансөзгер Асылхан Абдырайымұлын факультетке жұмысқа шақырдым. Асылхан тілегімді қабылдады. «Ол оппозициялық басылымда ғой» деп тартыншақтағандарға Асылханның азаматтық ұстанымын, кәсіби шеберлігін және дәл сондай кадрлар дайындауымыз керектігін, журналистика факультетінде фотожурналистиканы қазақ тілінде оқыту қажеттігін айтып жатып өтінішімді өткізгенім қандай жақсы болған деп қуанамын және өтінішімді қабылдаған басшылыққа да разы болам.
Асылхан ұлттық фотожурналистикаға маман даярлау ісіне бел шеше кірісті. Оның дәрістеріне басқа факультеттерден де студенттер келіп тәлім алды. Көп ұзамай біз факультет жанынан фотозамансөзгерлер клубын аштық. Айына бір рет факультетке Алматыдағы кәсіби фотографтар келіп шеберлік сағаттарын өткізіп тұрды. Алдымен өз ара тәжірибе алмасу ретінде өтіп тұрды. Кейін бұл жас буын фотографтардың жұмыстарын талқылау сабағы ретінде жүрді де ол арнайы дәріс санатында студенттерге де өтілетін болды.
Фотографтар қазақ диаспорасынан да шақырылды. Клуб іргесі кеңейді. Енді оны «Фотоөнер» қоғамдық бірлесітігіне айналдыру мәселесі туындады. Бірлестік құрылтайшыларының қатарында мен де болдым. Асылхан бұл жұмысты да аса үлкен жауапкершілікпен атқарды.
Осыдан он жылдан астам бұрын Журналистка факультеті жанынан құрылған бірлестіктің атқарған жұмыстары ауыз толтырып айтарлықтай. Бірнеше мәрте республикалық және халықаралық фотоэкспедиция ұйымдастырды. Бірнеше қазақ фотошежірешілер шығармашылығына арналған фотоальбом даярлап, жарыққа шығарды. Олардың таныстырылымын өткізді. Бірнеше оқу құралын білім беру айналымына қосты. Мұның бәрінің басында Асылханның өзі жүрді. Шараларға өзі ұйытқы болды, альбомдарды өзі құрастырды, оқу құралдарына өзі автор болды.
Енді бірлестіктің алдында заман ағымына, уақыт сұранысына қарай жаңа міндеттер атқару керек болды.
Кешегі, иағни 16 наурыз өткен жыйналыс сол бағытта жаңа қадамдар жасау ниетінде өтті. Болашақта халықаралық ауқымда әрекет ету үшін алдымен түркі әлеміндегі әріптестермен тығыз байланыс орнату жөнінде ұсыныс айтылды. Әлемдік фотографияның 200 жылдығының аясында шетелдік әріптестердің басын қосатын үлкен форум өткізу туралы да ұсыныс жасалды.
Жыйынға республиканың түкпір-түкпірінен фотожурналистикаға, фотоөнерге белсене атсалысып жүрген әріптестер онлайн қатысып, өз пікірлерін ортаға салды. Бірлестікке жаңа мүшелер қабылданды. Бірлестіктің жарғысына өзгертулер мен толықтырулар енгізілді, жаңа логотип талқыланды. Жаңа серіктестермен келісімшартқа отыру және авторлық құқық қорғау қоғамымен халықаралық ауқымда бірлесе әрекет ету жолдары айтылды. «Фотография» мамандығы бар жоғары және арнаулы білім беретін оқу орындарында білікті кадр даярлау мәселесі де талқыланды.
Келешекте ұлттық фотоөнер әлемдік кеңістікті игеретініне зор сеніммен тарадық.
Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ,
өнертанушы-ғалым, журналист
Фото: Дәурен Мұхамеджанов 

Оқи отырыңыз!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *