Мақсат Тұрсынбайдың шеберлік сағаты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде кезекті шеберлік сағаты өтті. Бұл жолы тәжірибелі фотограф әрі маман Мақсат Тұрсынбай өз іс-тәжірибесімен бөлісіп, факультеттің екінші және төртінші курс студенттерімен кездесті. Іс-шара сән-журналистикасы мен фотографияға қызығушылық танытып жүрген жас мамандарға тамаша мүмкіндік сыйлады, — деп хабарлайды photooner.kz.
Шараны факультет деканының құттықтау сөзімен ашып, студенттер мен қонақтарды ерекше әсерге бөледі. Ол Журналистика факультетінің жетістіктері мен ҚазҰУ-дың тоқсан жылдық мерейтойын атап өтіп, қонаққа өз ризашылығын білдірді. Декан сонымен бірге Мақсат мырзаның қыркүйектен бастап қара шаңыраққа отыз алтыншы болып шеберлік сағатына шақырылған құрметті қонақ екенін тілге тиек етті.
Шеберлік сағатының ұйымдастырушысы Асылхан Әбдірайымұлы өз сөзін аяқтаған соң, Мақсат Тұрсынбайға сөз берілді. Фотограф студенттерге өзін таныстырып, өз жолының қалай басталғанын әңгімеледі. Жасы отыз жетіде екенін айтқан Мақсат мырза, Алматыдан екенін және бұл салада жұмыс істеп жүргеніне біраз болғанын жеткізді. Он жасында ата-анасы алып берген камера оның болашақ кәсіби тағдырына алғашқы қадам болғанын атап өтті. “Фотография — менің тағдырым,” — дейді ол. Әрі бұл салаға деген шынайы махаббаты екі мың алтыншы жылы басталғанын жасырмады.
Жұлдыздар отбасы секілді танымал журналдарда жұмыс істей жүріп, ол тәжірибесін молынан жинақтап, жас мамандарға ерекше кеңестер берді. Әр фотографтың қашанда екі фотоаппараты болуы қажет деген кеңесін ерекше атап өтті. Өйткені бұл – шынайы кәсіпқойлықтың белгісі.
Жас мамандарға арналған кездесуде Мақсат Тұрсынбай танымал тұлғалармен жұмыс істеген тәжірибесімен де бөлісті. Оның кадрларында Ақерке Тәжібаева, белгілі хирург, жеке бренд жасаушы Өктем Алтаев пен Асан Молдабаев секілді адамдардың бейнесі көрініс тапқан. Әр сәтті өз көзімен көріп, жүрегімен түсіре білген фотограф олардың жеке брендін де көркем етіп көрсетуге ерекше мән береді.
Шара Мақсат Тұрсынбайдың студенттерге жасаған фотосессиясымен жалғасты. Суретке түсіру барысында жарық қалай қойылу керек, ракурсты қалай алған жөн деген секілді бірнеше кеңесімен бөлісті. Оған қоса, студенттерге практика жүзінде қалай болатынын түсіндірді.
Кездесудің соңында студенттер кәсіби фотоөнердің нәзік қыр-сырларына қанығып, маманның ақыл-кеңестерінен шабыт алды. Мақсат Тұрсынбайдың сөздері жастарға жігер беріп, арман-мақсатқа ұмтылудың маңызын ұқтырды. Шеберлік сағаты білімге құштар жастардың жүрегінде ұзақ сақталары сөзсіз.
Назерке Альбертқызы
Олжас Павлик (фото)