Мың рет естігенше бір рет көр немесе Асы жайлауына жасалған фотосапар жайында

 Мың рет естігенше бір рет көр немесе Асы жайлауына жасалған фотосапар жайында

Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы ең танымал жайлау – Асыға екі күндік арнайы фотоэкспедиция жасалды, — деп хабарлайды photooner.kz.

«Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі жыл сайын көктем-жаз мезгілдерінде еліміздің ең көрікті жерлеріне арнайы фотоэкспедиция ұйымдастырып тұрады. Бұл жолы да дәстүрден жаңылмай «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі президентінің міндетін уақытша атқарушы Досжан Балабекұлы бас болып, бірлестік мүшелері — Қуанышбек Қари, Дәурен Мақсұтханұлы, Нұрлан Асқарұлы және Айым Бахыбек Асы үстіртіне екі күндік фотосапар жасап қайтты.

Кеше кешкі салқынмен Алматыдан шыққан фотоэкспедиция мүшелері Есік қаласының ішімен жүріп отырып, Түрген кентіне жеткенде оңға қарай шатқалға бұрылып, сонда орналасқан «Іле Алатауы» Мемлекеттік Ұлттық табиғи паркінің экопосты арқылы өтіп, таңға жуық Асы үстіртіне келіп жетті.

Өткен аптадағы жауын-шашынның мол түсуінен бе, әлде шынымен де тозығы жеткен бе, Батан ауылынан асқаннан кейінгі жолдың сапасы өте нашар. Көлік тізгініндегі Қуанышбектің айтуынша Батан мен Асының арасындағы тау ішіндегі жол Кеңес кезеңінде ішінара асфальттанған керемет жол болған екен. Енді сол жолды қалпына келтіріп жөндеп, асфальттап қойса туристердің көптеп келуіне өз септігін тигізер еді…

Аты әлемге жайылған Асы үстірті сонау көне замандардан бері Еуропа мен Орталық Азиядан Қытай мен Үндістанға керуен жолдары өтетін аумақ ретінде белгілі. Бұл үстірт аспанға шаншылған таулармен қоршалған, бірегей флорасы мен фаунасы және қоршаған шыңдардың панорамалық көрінісі бар таңғажайып табиғи кеңістік. Сонымен қатар, ол мал шаруашылығы және жергілікті туризм орны ретінде қызмет етеді.

Асы үстірті — субальпілік шалғындардың керемет үлкен тау аралық аңғары. Бұл табиғаттың тамаша туындысының биіктігі теңіз деңгейінен 2200-2600 метр. Мұнда таңғажайып пішінді ағаштарды, әдемі гүлдерді, көркем төбелерді, тегіс жерлерде жайылып жүрген жылқы табындарын, мүк басқан тастарды, мөлдір суы бар бастаулар мен өзендерді көруге болады.

Таң бозынан Асы үстіртінің саф ауасымен бір тыныстап алып, фотосуретшілер өз жұмыстарына кірісіп кетті. Бірі атақты үстірттегі ҚР ҰҒА академигі Төкен Омаров атындағы Асы-Түрген обсерваториясын нысанаға алса, бірі Асы өзенін бойлай орналасқан малшылардың жайлауын, ондағы өріске беттеген малдарды түсіріп бастаса, енді бірі осы маңдағы жұпар иісі жаныңа әсер ететін, хош иісті сан мыңдаған гүлдерді фотообъектив арқылы сыртылдатып түсіріп кетті.

Асы-Түрген астрономиялық обсерваториясы — аспандағы сан мыңдаған жұлдыздарды тамашалауға болатын әлемдегі ең үлкен телескоптардың бірі. Оның жан-жағы бүгінде қоршалып, екі қабатты қонақ үй салынып жатқанын көрдік. Алдағы уақытта бұл жер жер жүзінің түпкір-түпкірінен келетін туристердің сүйікті мекеніне айналады деп күтілуде.

Асы өзені ағып жатқан Қызыл жартастарға жеткенде, бұл жер аялдауға және шатырлы лагерь құруға өте ыңғайлы жер екенін сезінесіз. Өзен бойында қола дәуірі мен ерте темір дәуірінің діни және тұрмыстық эпизодтарын бейнелейтін жартас суреттері – петроглифтері бар қорғандар да бар.

Осы мақаланың авторы біз де осы Үстірт жайында, ондағы Обсерватория мен керемет жайлаулар жайында талай рет естіп келіп едік. Бірақ осы күнге дейін дәм тартпаған екен. Содан болар осы жаққа фотосапар болады дегенді естігенде қатты қуандық. Ондағы мақсат дана халқымыз айтатын «мың рет естігенше бір рет көрген артық» деген тәмсілді ойға алып, фотоаппаратымызды, оның түрлі асай-мүсейлерін жинастырып алып, жолға жиналдық.

Бұл мекен жабайы табиғатты тамашалауға, серуендеуге және суретке түсуге тамаша орын екен. Түске қарай осыны білетін келуішлердің қарасы күрт көбейді. Көбісі шетелдіктер, жол талғамайтын жеңіл көліктермен, мото және квадроциклдермен келгендер де жетерлік. Барлығының қолында бір-бір фотоаппарат, жан-жағына қарап түсіріп, таңданысып, таңдай қағып жүр. Оларға қарайсың да қызығасың, бір жағынан осындай сәтте кеудеңді мақтаныш сезімі кернегенін сезбей де қалады екенсің.

Тұмса табиғаты бар егемен еліңнің болғанына, көк майса жайқалған жеріңнің болғанына шүкір дейді екенсің, сондықтан да бүгінгі Құрбан айт күні бір дұға жасап қойдық.

P.S: Асы үстіртіне барып көрмегендер болса, артық болмас деп, интернет кеңістігіндегі мына мәліметтерді де келтіре кетсек артық болмас. Асы — Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы Түрген шатқалы мен Бартоғай су қоймасы аралығындағы үстірт. Шығыстан батысқа қарай 40 шақырымға созылып жатыр, ені 7 шақырым. Үстірт солтүстігінде Қараш жотасы мен Бақайдың тауларымен, оңтүстігінде Сарытау жотасымен, батысында Түрген шатқалымен, шығысында Шелек шатқалымен, одан әрі Бартоғай су қоймасының аңғарына түсіп аяқталады.

Артық болмас білгенің…

Өзіңізбен бірге міндетті түрде қосалқы дөңгелектер мен шиналарды алыңыз — жолда, жоғарыда айтылғандай, тас шұңқырлар бар.

Биік таудағы шалғында түнеу мен демалудың ең жақсы нұсқасы шатырлы лагерь болады, сондықтан автономды өмір сүру үшін толық жиынтықты алу керек. Өзіңізді ыңғайлы треккинг аяқ киімімен, ауыстыратын және жылы киіммен, бас киіммен жабдықтауды ұмытпаңыз. Тамақ пен суды өзіңіздің күшіңізге, талғамыңызға және қалауыңызға қарай есептеп алу керек.

Табиғаттағы демалысыңыз сәтті болсын!

Дәурен Мақсұтханұлы, фотожурналист.

Фотосуреттерді түсіргендер Дәурен Мақсұтханұлы, Досжан Балабекұлы, Айым Бахыбек

 

 

Оқи отырыңыз!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *