«Объектив – менің әлемім!»

 «Объектив – менің әлемім!»

«Сурет деген – бір сиқыр». «Сұлулық – сурет тілінде». Мұндай әдемі тіркестерге  облыстық «Atyraý» газетінің 100 жылдық мерейтойы аясында өткен басылымның фототілшісі, республикалық, облыстық шығармашылық байқаулардың жеңімпазы Ерлан Алтыбаевтың 50 жасқа толуына арналған «Объектив – менің әлемім!» атты фотокөрмесінде көз жетті.

Айтулы шараға «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Журналистика» факультетінің оқытушысы, «Фотожурналистика» оқулығының авторы Асылхан Әбдірайымұлы, әр жылдары республикалық «Қазақстан пионері», «Халық кеңесі», «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш», халықаралық «Түркістан» газеттерінің фототілшісі болып жұмыс істеген, бүгінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің жеке фотографы, 20 шақты фото және кітап-альбомның авторы, Журналистер Одағының лауреаты Шүкірәлі Шахай  бастаған фотографтар, жазушы-журналистер,  қоғам құрметтілерінің шоғыры қатысып, естелік әңгіме, жылы лебіздерімен бөлісті.   Сондай ақ, Атырау университетінде қазақ фотографиясының дамуына зор үлес қосып жүрген «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің Президенті Асылхан Әбдірайымұлы және «Құрмет» орденінің иегері Шүкір Шахайдың қатысуымен журналистика мамандығының студенттеріне шеберлік сағаты өтті.

Әлемді объективіне сыйдырып, даланы жанарымен ғана емес, жүрекпен де көре білетін шығармашылық иесі – фотограф. Қас-қағым сәтті көшіріп ала қоятын қырағы көз танымал фотоөнердің шебері Ерлан Алтыбаев уақыттың ырғағына көніп, ығынан жақұт іздеген фотоқұрылғыны меңгеріп қана қоймай, әр сәттен сәуле сауып, секундтан тарих жасаудың ұстасына айналғанын аңғаруға болады.

Біз өнертанушы емеспіз, қарапайым көрермен ретінде Ерлан Сәкембайұлының кейіпкердің ішкі толғанысын шебер көрсете алатынын байқадық. Сонымен қоса, адамның ішкі жан дүниесіндегі рухани толқыныспен үндестік табатын нәзік сезімге құрылған, ортаны түйсіну, сезіну арқылы жаратылысқа басқаша көзбен қарайды. Рас, тірі тарихтың өзін көргендей, сол кезде жүргендей әсерде  қаласың…

Шара шымылдығын түрген «Атырау-Ақпарат» ЖШС бас директоры Жасын Біркенов  мерейгердің журналистикадағы еселі еңбегін ескерусіз қалдырмай, облыс әкімінің құттықтауы мен  медиахолдингтің Алғыс хатын табыстады. Ал, облыстық  мәслихаттың Алғыс хатын облыстық мәслихат депутаты, тұрақты комиссия төрағасы Қайрат Қоныс тапсырды. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешев «Atyraý» газетінің 100 жылдық мерейтойымен және фотокөрменің ашылуымен құттықтап, Ерлан Алтыбаевтың кеудесіне Хиуаз Доспанованың 100 жылдығына орай  шығарылған төсбелгіні тақты.  Махамбет ауданының әкімі Қайрат Нұрлыбаев, «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылхан Әбдірайымұлы, Журналистер одағының лауреаты Шүкірәлі Шахай, медиахолдинг ардагерлер кеңесінің төрағасы  Нұрлан Қабыловтар «Ерланның суреттері – бұл ресми бейнелер ғана емес. Онда кейіпкердің фото авторымен сыр-сұхбаты айқын аңғарылып тұрады» деп баға берді. Ал, мемлекет және қоғам қайраткері, Атырау облысының Құрметті азаматы, белгілі кәсіпкер Төкен Жұмағұлов суреткер еңбегін ерекше бағалайтынын, өнеріне құрметінің өзгеше екенін жеткізді.

– Облыстың қарқынды дамуы, өңірдегі өзгерістер мен жаңалықты суретіне сыйдырып жүрген  өнер иесінің шығармашылығы да өзгеше. Өнер кеңістігіне өзінше үлес қосқан суреткерді дүйімжұртқа еңбегін ұсынған қуанышты күнімен құттықтаймын, — деп ақжарма тілегін арнады.

Көрмеде фотограф шығармашылығынан ең үздік 120 туынды көрермен назарына ұсынылды. Мұнай-газ өнеркәсібі, табиғат қорғау, Атырау өлкесі мен журналистикасының тарихы суреткер объективінен тыс қалмаған екен. Зер салып қараған жанға фототілшінің суреттеріндегі табиғаттың ғана емес, өндірістің  көріністері де «сөйлей» жөнеледі. Айта кетелік, көрмеге Ерлан Алтыбаевтың ғана емес, облыстық «Atyraý» газеті редакциясында бұған дейін еңбек еткен фототілшілердің де фото-суреттері қойылды. Көрмені тамашалауға келген көпшілік фотографтың суреттеріне шынайы, сапалы, өміршең туындылар деп баға берді.

Ақ таңның шуағынан сыр ұғып, сам жамыраған шақтың шырағына үңілген жанның әлемі бөлек, әуені басқа болады. Сан жылдардың жетегінде асқақ арманының үмітін үкілеп, желтоқсанның желді ызғар күнінде «Объектив – менің әлемім!» атты фотокөрмесінің ұйымдастырылуы – еленген еңбектің жемісі.

Жұртшылықтың Ш.Сариев атындағы өнер музейіне қойылған көрмені бір апта бойы тамашалауына мүмкіндігі бар.

Ал Атырау университетінде Асылхан Әбдірайымұлы және Шүкір Шахайдың қатысуымен журналистика мамандығының студенттеріне өткен шеберлік сағаты өңірлік фотожурналистика саласына ерекше серпін болды.

«Фотография – сурет арқылы тарихты жазу» деп ұғындыратын осы өнердің майталмандары кездесу кезінде студенттерге қоғамда болып жатқан әр сәтті әдемі жеткізе білудің қыр-сырын, көзге іліне бермес сұлулықты көрсете білудегі ұтқырлық пен байқампаздыққа үйретіп, фотоөнер – жәй ғана қызығып қарайтын емес, кәсібилікті қажет ететін ғылым екенін түсіндірді.

Фототілшілермен кездесуге «Атырау» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Назарбек Қосшиев, бас редактордың орынбасары Азамат Базарбаев пен белгілі фототілші Ерлан Алтыбаевтар қатысып, студенттерге бұл кездесудің маңызын жеткізіп, журналистика мен фотография бір-бірін толықтырып тұратын үлкен сала екенін атап айтты.

Теория мен практика байланысқан шеберлік сағатында студенттер айтылған кеңестер бойынша білімдерін толықтырып, фотография саласы бойынша өздерін  сынауға да мүмкіндік туды. Кездесу кезінде Асылхан Әбдірайымұлы бір топ студенттерге өзі жазған «Фотожурналист анықтамалығы» атты оқу-анықтамалық сөздігі мен сертификат табыстап және университеттің  ғылыми кітапханасына да фотография өнері туралы жазылған бірнеше кітаптарды сыйға берді.

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Оқи отырыңыз!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *