Орны бөлек — Орда
Батыс Қазақстан облысының оңтүстік бөлігіндегі Орда ауылында Қазақстанның тарихи дамуында ерекше рөл атқарған орын бар. Жәңгір хан құмды даланың арасына қала, басқаша айтқанда Бөкей ордасының Хан ставкасын тұрғызған. Бұл ХІХ ғасырдың ескерткіштер кешені. Бүгінгі таңда бұл жердегі көпшілік ғимараттар қалпына келтіріліп, мемлекет қорғауына алынған. Хан ордасының орнында қазір сәулет ескерткіші болып табылатын музей кешені тұр.
Бөкей ордасының негізін 1801 жылы Бөкей сұлтан қалаған. Сол 1801 жылы оның Жәңгір атты ұлы дүниеге келді. Жәңгір хан – аты аңызға айналған адам. Дәл сол Жәңгір осы аймақтағы отырықшы өмірдің пайда болуына түрткі болған. Алдымен ол жерде тек хан сарайы ғана болса да, біртіндеп Бөкей ордасының саяси-экономикалық және мәдени өмірінің алғашқы орталығы болған хан ордасына айналды. Билікте болған 22 жылында Жәңгір хан көп жақсы істердің бастаушысы болды. Ол Ордада қазақ-орыс мектебін, мешіт, дәрігерлік пунктті, Қазақстандағы алғаш қазынашылықты ашты. Бұл қазақ даласындағы өте күрделі реформалар еді.
23 бөлмесі бар өз сарайында Жәңгір хан кітапхана мен қару-жарақ бөлмесін жасақтады.
Бөкей ордасы облыс орталығынан 500 шақырым қашықтықта жатыр. Осыған қарамастан жыл сайын бұл жерге жүздеген адамдар келеді. Ресейден де келушілер көп.
Ашық аспан астындағы музей туралы көптеген кітаптар мен ғылыми еңбектер шыққан. Орда туралы айтқанда «алғашқы» деген сипаттама жиі қолданылады, себебі осы жерде Қазақстандағы ең алғашқы аурухана, баспахана, музей, әйелдер училищесі мен зайырлы мектеп, т.б. нысандар ашылған…
2001 жылы Бөкей ордасының 200 жылдығы мен оның соңғы ханы Жәңгірдің 200 жылдығы облыста кеңінен атап өтілді. Ол бар-жоғы 44 жыл өмір сүрген. Бірақ тарихшылар ұлы тарихи тұлғаның бағасын беруде әлі де таласады. Оның тұлғасы әлі де таластар мен қарама-қайшылықтар туғызады, әлі де зерттелуде. Бір жағынан, Жәңгір Исатай мен Махамбеттің бастауымен болған көтерілісті аяусыз тоқтатты, ал тағы бір жағынан өз дәуірінен бірталай алға кетіп, қазақ даласына прогресс әкелді.
Бөкей ханның қазасынан кейін билік басына оның кіші інісі Шығай сұлтан келді. Жәңгір ол кезде әлі кәмелет жасына толмаған еді. Тек 1823 жылы Бөкей ханның жесірі Атанның өтінішімен Александр І Жәңгірді Бөкей ордасының ханы етіп тағайындау туралы жарлыққа қол қойды.
Ставканың орны кездейсоқ таңдалған жоқ. Санкт-Петербургтен келген орыс ғалымдары жергілікті аумақты жақсылап зерттеп, құрылыс тұрғызу құмдардың кесірінен қауіпті деп таныды. Бірақ Жәңгір ойына алған шаруадан кері кетпеді. Мамандардың кеңесімен ордасының айналасына ағаштар отырғызды. Осылайша ол елді мекенді құмдар қозғалысы мен топырақты дауылдардан қорғады.
Жәңгірдің әйелдерінің бірі Фатима – орынборлық мүфтидің қызы болатын. Ол 15 жасында тұрмысқа шыққан. Сол уақытқа дейін еуропаша білім алып үлгерген, бірнеше тілді меңгеріп, жақсы билей алатын. Оның патша әулетімен алмасқан хаттары сақталған. Жәңгірдің отырықшылық өмірге көшу туралы шешім қабылдауына ең алдымен осы Фатима әсер еткен деген пікір бар.
Жәңгір балалардың білім алуын қолдаған. Оның бастамасымен 1841 жылы мектеп ашылды, ол мектепте алғаш рет орыс тілін, арифметиканы, географияны оқыта бастады. Мектепті ол өз қаржысына салдырды. Қазақ хандарының арасында бірінші болып халықтың мүддесін тиімді қорғау үшін алдымен халықтың мәдениет пен білімге деген құштарлығын арттырып, ағарту жұмыстарын жүргізу керектігін түсінді. Ру басылар мен ру бөлімдерінің ірі басшыларын бастауыш мектептері бар мешіттер құрылысы үшін қаржы жинақтауға міндеттейтін жарлық шығарды. Тұрғындар арасында бұл бастама қолдау тапты. ХІХ ғасырдың 30-жылдарында Жәңгір хан өз ордасында орталық мектеп құру мүмкіндігі туралы ойлана бастады. Оның пайымдауынша, мектептер балаларды ресейлік арнайы білім орындарына дайындауға керек болатын. Өмірден өткенше – 1845 жылға дейін хан мектепті өз қаржысымен қолдап, оқушылардан емтиханды өзі қабылдады. Шындығында, ол өзі алғашқы ұстаз болды, ал татар Садриддин Аминов оның көмекшісі болды.
Мектепті бітірушілер Орынбор кадет корпусына түсетінді. Ол жерде білім алғаннан басқа, офицерлік шенге де ие болатынды. Жәңгір ханның өзі еуропаша білімді, бірнеше тілді меңгерген адам болған. Оның жазбаларында: «Біздің балаларымыз, білім ала отырып, қоғамға пайдасын тигізу үшін ғылымның барлығында игереді деп жариялаймын. Бұның барлығы мені қуантады, себебі білімге қол жеткізу – менің халқым үшін асқан бақыт» деген жолдар бар. Жәңгір қазақтардың мәдениеті мен тұрмысының тарихын әспеттейтін музей топтамасын жинақтады. Онда «қару-жарақ бөлмесі» лайықты орын алған. Қазақстандағы музей ісі де осы кезден бастау алған. Ол бөлмеде отбасылық-династиялық қару жинағы болатын.
Сол кездегі ресейлік білімнің алғы шебінде Қазан университеті тұрды. Ханның назары да университеттік қала, Бөкей ордасы аумақтық тұрғыда бағынатын оқу округінің орталығы болып табылатын Қазанға ауды.
Жәңгір І Николайдың тәж кию жоралғысына шақырылды, ол сол мақсатпен Қазанға келді. Сапарын бірден университеттен бастады. Профессор Карл Фукстің жазуынша, «Жәңгір Қазан университетін аралап жүріп, өзін қызықтырған сұрақтарын абайлап қана қойып жүрді. Оның назарын аударған араб және татар монеталарының топтамалары болды. Көптеген араб және татар манускриптерін, әдемі жазылған құран және басқа да баспа кітаптарын асқан қызығушылықпен қарады. Одан соң ханға глобустың не екенін түсіндірілді. Зоология кабинетінде Жәңгір құстардың тұлыптарын қарап шықты. Әңгіме арасында өзінің екі ұлының да өскен соң осы Қазан университетінде тәрбиеленгенін қалайтынын айтып өтті».
– Біздің қазақтардың да өз елдерінде өз мектептерінде оқитын заманы туады, – дейтінді Жәңгір хан.
Жәңгір отырықшылық өмірді қуаттайтын болғандықтан, жерге иелік ету мүмкіндігін енгізді. Қыстақтар салып, ағаш кесуді үйретті, жер өңдеуге қажет құралдарды таңдауды игерді. Ол ұлттық киімді кимеді. Үйінің ішінде заманауи жиһаз тұрды, ол асын үстелге отырып ішті. Асханасында еуропалық тағамдар дайындайтын 4 аспаз қызмет етті. Кешкі астан соң қыздырғыш ішімдіктер беріліп, би ұйымдастырылатын еді. Осы жағдайлар жергілікті халықтың наразылығын тудыратын.
Мұрағаттағы фотосуреттер бойынша бұрынғы қоғамдық ғимараттар қалпына келтірілді: ханның жеке дәрігері болған Сергачевтің флигелі, 1868 жылы салынған педагогикалық училищенің ғимараты, Жәңгірдің сарайының шығыс бөлігі – қару-жарақ бөлмесі, қонақ бөлмесі, асхана. Қару-жарақ палатасындағы әр экспонат – түрлі қылыш-пышақтар, дулыға мен сауыттар, ат әбзелі – барлығы да өнер туындылары. Қонақ бөлмесі мен асханадағы барлық жиһаз, бөлмедегі бұйымдар, тіпті ыдыс-аяқтың барлығы ХІХ ғасырға тиесілі. Тарихшылар мен өлкетанушылардың пікірінше, Жәңгір хан дәл осылай өмір сүрген. Хан мешітінің ғимаратын ерекше атап өту керек. Бұндай сәулет өнерінің туындысын басқа жерден кездестіру қиын дейді білушілер. Бұл ғимаратта еуропа және шығыс стильдері үйлесім тапқаны кездейсоқтық емес. Жәңгір хан өз халқын өзге ұлттармен бірлік пен ынтымақтаста өмір сүруге үйреткен алғашқы еуропалық болып есептеледі. Мешітте Қазақстан егемендігінің қалыптасуы туралы баяндайтын экспозициялардан тұратын Тәуелсіздік музейі орналасқан. Бөкей ордасындағы Хан сарайын көруге жылына мыңдаған туристер келеді. Бұл жер өзінің алыстығына қарамастан, Қазақстан тарихына қызыққан адамдарды өзіне тартып тұратындай. Кешен аумағында қонақ үй бар, бұл жерде керемет тарихи ескерткіштер мен музейлерді аралап, тірі тарихты көзіңізбен көріп, бір кездері Жәңгір ханның Қаласы тұрған мекеннің табиғаты мен көз тоймас сұлулығын тамашалап, бірнеше күн өткізуге болады.
Мәтін: http://ibirzha.kz
Суреттерді түсірген-Мейірбек Тажкуранов, photooner.kz.
Батыс Қазақстан облысы.