Орталық Азияның тарихи географиясы ғалымдардың басын қосты

 Орталық Азияның тарихи географиясы ғалымдардың басын қосты

3 маусымда Алматыдағы Ұлттық кітапханада Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Еуразия ғылыми-зерттеу институты Ұлттық Ғылым академиясының қолдауымен «Орталық Азияның тарихи географиясы: уақыт, кеңістік, жады» атты ІІ Халықаралық ғылыми конференция өткізді, — деп хабарлайды photooner.kz.

Бұл халықаралық ғылыми іс-шара  Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі қаржыландырып отырған «Орталық Азияның тарихи географиясы» атты іргелі ғылыми бағдарламаны іске асыру аясында ұйымдастырылып отырғаны айтылады.

Ғылыми конференция орта ғасырлар мен жаңа заман кезеңіндегі көне тарихи карталар, картографиялық және тарихи-географиялық деректердің негізіндегі Орталық Азияның географиялық кеңістіктегі саяси, әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени өзгеруі мен дамуын, тарихи-мәдени және географиялық ландшафттар эволюциясының бейнеленуін, қоршаған орта туралы түсінік пен білімнің жинақталуы мен кеңеюін, тарихи географияның дәстүрлері мен жаңа зерттеу бағыттарын талқылауға арналып, ашық ғылыми пікір алмасу мен байланыс құру мақсатын көздейді.

Конференцияның мазмұны көп қырлы, тарихи географиямен түйіндес ғылымдардың өзекті салаларын, отандық және шетелдік ғалымдардың басын біріктіру арқылы аймақтың тарихи дамуы, кеңістік серпіні мен мәдени байланыстары туралы кеңірек түсінік қалыптастыруға бағытталған жан-жақты талқылауды қамтиды.

Конференцияның жұмысына Австрия, Португалия, Ұлыбритания, Чехия, Түркия, Иран, Моңғолия, Жапония, Ресей, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Қазақстан елдерінен белгілі ғалымдар мен жас зерттеушілер қатысты.

Жиын барысында Орталық Азия аймағындағы тарихи, археологиялық, мәдени қабаттар жайы талқыланып, бүгінгі саяси қыры да сөз болды. Отырыста көбірек мән берілгені де негізінен тарихи тақырыптар болды. Ғалымдар өздерін толғантқан тиіст тақырыптар бойынша пікір таластырып, қортынды, нәтижелерімен де таныстырды.

Былтыр дәл осы уақытта  «Орталық Азияның тарихи географиясы» халықаралық ғылыми-конференциясының алғашқы отырысы өткен болатын. Мұндай жиындарды тұрақты түрде өткізу біртіндеп дәстүрге айналып келеді. Басқосу барысында да ғалымдар қалыптасқан мәселелерді бірігіп тақылап шешудің маңызына тоқталды.

Суреттерді түсірген — Қуанышбек Қари

Оқи отырыңыз!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *