«QAZAQ ETHNOGRAPHY» атты этнофотокөрме SDU университетінде ашылды

 «QAZAQ ETHNOGRAPHY» атты этнофотокөрме SDU университетінде ашылды

Бүгін, яғни 18.04.2025 ж. SDU университетінде «Фотоөнер» республикалық қоғамдық бірлестігі фотосуретшілерінің «QAZAQ ETHNOGRAPHY» атты этнографиялық топтық фотокөрмесі ашылды,- деп хабарлайды photooner.kz.

SDU университетінде (Алматы облысы) ашылған ерекше фотокөрме «Өзгермелі әлемдегі Орталық Азия: аймақтық субъектілік, құқықтық сын-қатерлер және медиа ландшафт» («Central Asia in a changing world: agency, legal challenges, and media landscape») атты құқық және әлеуметтік ғылымдар бойынша ІІІ халықаралық конференция (ICLSS-2025) аясында өткізіліп отыр.

Алатаудың баурайындағы жаңашыл жоғары оқу орнындағы көшпелі этнокөрмені ұйымдастырушылар: SDU университетінің құқық және әлеуметтік ғылымдар факультеті мен «Фотоөнер» республикалық қоғамдық бірлестігі.

Ашылу салтанатында оқумен қатар ұлттық өнерді де дәріптеп жүрген университет студенттері домбырамен құйқылжыта күйден шашу шашты.

Көрменің көгілдір таспасын қию рәсіміне «TURKSOY» халықаралық ұйымы Бас хатшысының кеңесшісі Қайрат Мұқанов, Фотоөнер» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Асылхан Әбдірайым, SDU университеті Құқық және әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы Мадияр Саудбаев және халықаралық конференцияға түрлі шет елдерден келген мәртебелі меймандары қатысты.

Ресми рәсімнің соңында SDU университеті атынан Құқық және әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы Мадияр Құдайбергенұлы сөз алып: «Біздің ұсынысымызды қабыл алып, ұлтымыздың салт-дәстүрін шетелдіктерге таныстыруға тамаша тарту жасағандарыңыз үшін оқу орнымыздың және факультетіміздің атынан сіздерге алғыс білдіргіміз келеді» — дей келе, көрмеге қатысқан фотожурналистер мен фотосуретшілерге арнайы Сертификаттар табыстады.

Бұл «QAZAQ ETHNOGRAPHY» атты көшпелі фотокөрмеге бірлестіктің бірнеше белсенді фотосуретшісі өз жұмыстарымен қатысты, атап өтер болсақ: Асылхан Әбдірайымұлы (Алматы), Мақсат Шағырбай (Шымкент), Оңғарбек Алхаров (Алматы), Мерей Қайнарұлы (Өскемен), Дәурен Мақсұтханұлы (Алматы), Ернұр Манапханұлы (Алматы), Аяужан Өтеулинова (Өскемен), Самалбек Каметов (Алматы), Мейірбек Тажкуранов (Орал).

«QAZAQ ETHNOGRAPHY» атты этнофотокөрмеге қойылған 40-қа жуық туындының мазмұнына тоқталсақ, олар қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, ұлттық киімдері мен салт-дәстүрін, көркем табиғат көріністерін көз алдыңызға әкеледі. Бір сөзбен айтқанда ұлтымыздың сән-салтанаты мен көктемгі жаңару рухын бейнелеп, көркемдігін айшықтайтын ерекше шығармашылық жоба.

Фотокөрмеде авторлардың объективі арқылы қазақ мәдениетінің терең тамыры мен бүгінгі заманмен тамаша үндестігі көрініс тапқан. Сондықтан да болар, көрмені тамашалаушы шетелдіктер өте ынтызарлықпен қарап тамсанып, қазақ фотоөнершілерінің шеберлігін жоғары бағалап, тіпті смартфондарымен суретке де түсіріп алуда.

Айта кетейік, бұл фотокөрме келесі аптаның соңына дейін жалғасады, сондықтан SDU-ға жол түсіп жатса, «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің этнофотокөрмесін армансыз тамашалауға болады.

Дәурен Мақсұтханұлы,

Көрменің кураторы, фотожурналист,

PhD докторант.

Фотосуреттерді түсіргендер

Дәурен Мақсұтханұлы, Айым Бахыбек, Әмір Жәнібек 

 

Оқи отырыңыз!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *