Серік Мұқышұлы: Мен таңдаған жол–деректі фото

 Серік Мұқышұлы: Мен таңдаған жол–деректі фото
Серік МҰҚЫШҰЛЫ, Алтай аймақтық фотосуретшілер қоғамы төрағасының орынбасары, Қазақстан «Фотоөнер» қоғамдық-бірлестігінің мүшесі:

– Сіз түсірген суреттердің көпшілігі қазақ халқының ұмыт болып бара жатқан этнографиялық өмірімен тығыз байланысты. Өзіңіз туып-өскен Алтай аймағындағы қазақтар тіршілігін сурет­тейсіз. Халық та сізді осы қырыңыздан жақсы таныды. Ал осы «фотоөнер» деп аталатын құдіретті өнерге қалай келдіңіз. Бұл балалық арман ба, әлде жүре келе пайда болған қабілет пе?!
– Осыдан жиырма үш жыл бұрын Қытайдың Алтай өлкесінде қолында фотоаппараты бар қазақтар жоқ болатын. Бірақ ішкі аймақтан келетін қытай фотографтарының көптігі сонша­лық, біздің өңірге жиі-жиі бас сұға­тын. Бір жолы, жайлаудағы ауылға кетіп бара жатқанда, жиырма шақты қытай қазақтарды билетіп, фотоға түсіріп жатыр екен. Бір айдан кейін осы сәт бейнеленген суретті басылым­дардан көріп қалдым. Газетті ашып, суретке берілген анықтаманы қарасам – «ұйғырдың биі» деп жазылыпты. Осыны көргенде, қазақ фотограф болмайынша, басқа ұлт – біздің ұлтты дұрыс насихаттай алмайды, өнеріміз­бен мәдениетімізді талан-таражға түсіреді деген ой туындады. Дәл осы көзқарастан кейін, «фотоаппарат алу керек» деген ұлттық намыс пайда болды. Міне, сол кезден бастап қо­лыма фотоаппарат алып, ұлты­мызды насихаттау үшін ерінбей еңбек етуге бел будым. Әрине, бұл ауыр, әрі қызықты өнер. Осының барысын­да көптеген өнер үйрендім. Қазірге дейін осы жолдан шегінбей, қытайдағы «қазақ фотографы» деген атты жалғас­тырып келемін. Аллаға шүкір, мақсат­тарым өз қарқынымен іске асып келеді.
– Кез келген фотографтың жаны сүйетін тақырыбы болады. Сіз қай тақырыпта фотосурет түсіресіз?
– Бұл сұрақты өте дұрыс қойды­ңыз. Фото түсіру – құдіретті өнер. Алғашында фотоаппартты қолға алғанда, әрқандай көркем сұлулыққа ұрынып тұрасың. Дүниедегі барлық сұлулықты фотоаппаратқа тартқың келеді. Бар нәрсеге елден ерекше ие болғың келіп тұрады. Фотоөнердің қиындығы мен қызығы да сонда. Біраз уақыт өткеннен кейін өте көркем нәрселер табылмайды. Елдің барлығы іздейді, соған таласады, сосын олар­дан асуың керек, бірақ оның бә­рінен аса алмайсың. Менің алғаш­қы 10 жылға жуық уақытым көз сүріндіретін тамаша суреттер түсіруге арналды. Ал кейінгі 10 жылда фотоап­паратты – ұлт мәселесіне бағыттадым. Қытайдағы қазақ ұлтының тағдыры менің деректі фото бағытындағы үлкен жұмысыма айналды. Қазіргі Қытайдағы қазақ­тардың 30-40%-ы көші-қон дәстүрі­мен келе жатыр. Бұл кісілердің тағдырын тек біз қазақ қана білеміз. Олардың көші-қонында қандай өмір болады, көңіл күйлері қалай, бала-шағасы, өмірі, тұрмысы қалай?! Мұны басқа ұлттар біле бермейді. Оған ешкім де үлкен мән бермейді. Бірақ мен осыған қатты назар аудар­ғым келді. Ұлтымның осы дәстүрі келешекте жоғалып кетуі мүмкін. Қазағымның осы көші-қон өмірін, мәдениетін бұзылмаған қалпында сақтау, соның соңына түсу, оны көпшілікке фотоөнері арқылы жеткізу – парызым, әрі борышым, міндетім. Оны әрі қарай жалғастыру да үлкен мақсатым. Біздің Алтай аймағында сақталып қалған салт-дәстүріміз өшкенше, қолымнан шамам келгенше, осы деректі фотоөнер бағы­тындағы ұлттық парызымды сөзсіз жалғастырамын.
– Мықты фотограф болу үшін не істеу керек? Қандай қағидалар бар?
– Фотограф болу үшін, әрине, қағидалар көп. Менің ойымша, мықты фотограф болу үшін ең үлкен нәрсе – рух мықты болу керек! Фотогра­фияның көркем, техникалық, деректі фото секілді жанрлары бар. Осының ішінде мен таңдаған жол – деректі фото. Өміршеңдігі ең жоғары, өмір бойы жалықпайтын, әрі қарай жалғастыра беретін – жанр осы. Бұдан әрі қарай мәңгі жол таба бересің. Өйткені ұлт тағдыры – дүние тағдыры. Тек қана осы жанр – әрі қарай жетелей береді. Басқа жанрлар дәл осындай өміршеңдікке жетпейді. Бұл, міне, қағида! Негізі, фотоөнері – алу, сызба өнері – қосу. Фотографияда шынайы дүние болуы міндетті, оған қосуға болмайды. Осы қағиданы да ұстану керек.
– Сіз беделді фотограф бола оты­рып, шәкірт тәрбиелеу жұмысына да тер төгіп келесіз. Әрі тегін дәрістер оқып тұрасыз. Шәкірттеріңіз турасында аз-кем тоқталсаңыз? 
– Бұл өз алдына бөлек әңгіме. 2006 жылы Қытайдағы біз тұратын Шыңжанның орталық қаласы Үрімшіде ең ірі әдеби-көркемөнер­шілердің құрылтайы болды. Соған ұсыныспен қатысып қайттым. Бұл жерде екі оқиға өте қатты әсер етті. Бірі – үлкен тәжірибелі қытай фото­графтарымен кездесу болды, екіншісі – әрі қарай өзімді шыңдай беруге және шәкірт тәрбиелеуге себеп болған бір нәрсе, сол құрылтайда Қытайда тұратын 1,5 миллионнан астам қазақтың Шыңжан фотограф­тарының мүшелігінде тек қана алтау ғана екенін жариялағанда, сол жерде басымды көтере алмадым, намыстан­дым. Басқа ұлт өкілдерінің алдында ұялдым.
Сол күні «Қазақ фотограф» деген есім, бар ма, жоқ па?!» өзіме сұрақ қойдым. Содан бастап бұл ой маған маза бермеді. Расымен де, бұл қазақ фотоөнермен айналысқысы келмей ме? Бұлардың бойында ондай қасиет жоқ па?! « – Жоқ, олай бола қоймас» деген үмітпен, әрбір ретте фотошығар­машылық сапарға шыққан сәтте ойым екеу болды. Бір ойым – еркін шығармашылықта, екіншісі – қасы­мызда жүретін қазақы бауырла­рымыз­дың фотоға қызығатыны бар ма екен деген ой. Жүрген жерімнің барлы­ғынан, екіден, бірден іріктеп отырдым. Олар да өте қуанды. Мен де шексіз қуанышымды жасыра алма­дым. Содан бері қарай, міне, он жылдың жүзі болды. Менен 40 шақты шәкірт шықты.
Қазіргі уақытта, Қытайдағы қазақ­тардың ішінде фотоөнеріне қызы­ғатын, осымен айналысатын кісілердің саны – 70-ке жетті. Осының 50-ге жуығы біздің Алтай аймағында тұрады. Осылардың көпшілігінің фотоөнерде тік тұрып кетуіне тікелей әсер еткеніме қуаныштымын. Сол жігіттермен әңгімелесіп отырып: «Кезінде біз ұстаздардың артынан қуып жүріп үйренуші едік, ол үйретпесе, жалынып жүріп үйренуші едік, қазіргі кезде біз сендерді қуып жүріп үйрететін болдық» деп айтып қоямыз. Расында, жігіттеріміз бақытты. Біз жиырма жыл бойы жапа шегіп, машақатты, қаншама қиындықтарды көріп, түйген түйінімізді екі-ақ күнде үйретіп бере салатын сендер неткен бақытты едіңдер деп оларға там­санам. Аллаға шүкір, жігіттеріміз жетіліп, өсіп келе жатыр. Міне, алды Қазақстанға келіп, өткен 2015 жылы «Фото­өнер» қоғамдық бірлес­тігі өткізген үздік фото­шебері атанып, басты жүл­дені жеңіп алды. Одан кейінгі қазақстандық фото­байқау­лар­ға қатысып жатыр. Осының бәрі енді біздің жігіттердің жетісітіктері деп ойлаймын.
– Көріністі дұрыс түсіру, сурет арқылы ой салу мәселесіне тоқталсақ…
– Әдеби шығармада да, фотосу­ретте де бір мә­селе бар. Ол оның жал­ғыз – ойға бағытта­луы. Бір мақала жазса – айтқан ойы шашыраңқы, оқиғалары түсініксіз, тарам-тарам болып келетін болса, оны редакция сол кезде-ақ, жаратпай тастайды. Ал бір ой жақсы суреттейді, мақаланы оқып шыққанда жаның сүйсінеді. Біздің фото да дәл сондай. Ең әуелі – дұрыс, әрі жалғыз идея болуы керек. Суретте тек бір ғана мазмұн болуы қажет. Екі мазмұн таласса, қайсысы­ның сөйлеп тұрғаны белгісіз болады. Композиция дейміз, сөзсіз ол шын мәнсінде, автордың ойы. Сен көріністі қай жерінен пішіп алғың келеді, ол да автордың ойы. Ең ма­ңыздысы, фотосурет таза болуы керек. Көрген кісіге, фотоаппаратты, фотоөнерді түсінсін, түсінбесін, бір қараған кезде ұғынықты болуы керек. Біздің қазақ айтады: «сурет те сөйлейді» деп. Суретіңіз – сөйлеу керек. Тек сонда ғана автордың ойы шешіледі. Мұнда айтылатын үш нәрсе: ең алдымен жақсы бір тақырыпты, нысанды көру керек, екінші соны дұрыстап түсіре алу керек, үшінші сол түсірген суретіңде ой арқылы халыққа соны жеткізу керек. Сосын халық сенің ойың­дағыдай айтып бере алса, мақсат орындалғандығы. Егер халық түсіне алмаса, фотографтың дұрыс жеткізе алмағандығы.
– Фотоөнерінен табыс табуға бола ма? 
– Болады десек те, болмайды десек те, қате емес. Өйткені осы сұрақ­қа өзім мысалмын. Шыны керек, осы өнерде жиырма үш жылдан жылдан бері жүрмін. Оның соңғы үш жылда ғана табыс таптым. Тек қал­тадан ақша шығады, қайтып кірмейді. Сол үш жылда кейбір фотобай­қауларға қатысып, ақшалай сый­лықтар иегері атандым. Ал біздің ішкі Қытай жақта мұны табыс көзі ретінде пайдаланатын фотографтар бар. Олар мұны арнайы ақша табудың кәсібі етеді. Әрине, оны істегісі келсе де, фотографтың қолы­нан келеді. Демек, осы кезде фото­өнерді әлеу­меттік желілерде, қоғамда, мемлекет тарапында, әлемдік деңгейде қажет етеді.
– Кейбір азаматтар «бір үйге бір өнер адамы да жетеді» дейді. Бұл тұрғыда не дейсіз?
– Мен бұл пікірге қарсымын. Үйрету керек. Өзім ұзақ жылдар бойы жинап-теріп, үйреніп, түйіп-түсінге­німді балаларыма үйреткім келеді. Бірақ қазіргі кезде бір өнерді бір адам­ға жүктеп беру қателік болып жатыр. Сол адам, сол бала өнерді өзі табиғи түрде қабылдау керек. Табиғи түрде қабылдамаса, оны зорлықпен үйрету­ге еш болмайды. Екі қызым бар, бірақ олардың таңдағаны бұл өнер емес! Бірақ бұған іштей елжіреймін. Біздің ұжымда 70-тей шәкіртім бар. Шамам жеткенше, соларға үйретіп жатырмын.
– Әлемнің қандай мықты фото­графтарын атай аласыз?
– Мен адам аттарына шорқақпын. Алғаш деректі фотомен айналыс­қанда, француз фотографының (аты есімде сақталмапты) деректі фотоға арнаған фотоальбомына қатты қызығып, осы өнердегі шығармашы­лығына тәнті болдым. Ол кісіні өте қатты қадірлеймін. Енді бірі – Қытайда 2015 жылдың күзінде фотографтардың үлкен көрмесі өтті. Көрмеге арнайы шақырумен қатысып қайттым. Шығармаларым да қо­йылды. Сол жерде National Geographic журналының әйгілі фотогра­фы, жапондық Михайл Ямашита мыр­замен таныстым. Ол кісіні сырт­тай бұрыннан танитынмын. Әсіресе, кәсіби фотожурналдардың мұқаба­сында портреті жарияланып тұратын. Бір кездері ол Қытайдағы фотограф­тардың конференциясында: «Мен Қытайға келгенде ең керемет табиғат өңірлеріне барсам, суретке түсірсем деп армандайтынмын. Бір жолы қытайлық басылымның мұқабасынан өте керемет табиғат суретін тамаша­ладым. Ол Қытайдың Сычуань деген өлкесінің бір саяхат ауданы екен. Армандап, сол мекенге барып қайт­тым. Бірақ дәл журналдағыдай табиғатты ол жерден таба алмадым. Содан қытай фотографтарынан қатты көңілім қалды. Сіздер осы деңгейде, осы сәулемен, осы білімде­рі­ңізбен, мемлекеттеріңізден есік аттап шыға алмайсыздар. Біздің журнал тек жанды, шынайы, деректі фотолар өлшемімен ғана қарайды. Оған еш уақытта жасандылық қажет бол­майды» деп өкпе-назын айтқан еді.
Жасанды сурет, еш уақытта кітапқа жарияланбауы керек. Оның тек өз орны бар. Қажет еткен кісі, са­тып алып, өз үйіне іледі. Оны еш уа­қытта әлеуметтік орындардағы басы­лымдарға шығаруға болмайды. Дәл солай ұрысқан болатын. Содан кейін мен Михайл Ямашита мыр­заның осы сөзін ерекше құрмет санаймын. Ол «табиғи жарықпен түсіру керек, жасандылық жасамау керек» деген. Осы кісімен жолығып, сұхбаттасам деп армандап, өзіме ұстаз тұтып жүретінмін. Ойламаған жерден жоғарыда айтқан әлгі 30 мемлекеттің фотографтарының басын қосқан көрмеде жолықтырып қалдым. Еркін әңгімелесіп, ол кісінің бұры­нырақта айтқан әңгімесін өзіне айтып бердім. Ол кісі менің айтқандарыма разы болды. Менің суреттерімді көрмеден көріп: «Сенің бұл таңдаған жолың фотографиядағы – өрлеу жолы. Бұл жолды таңдайтындар көп емес. Еш уақытта жолыңнан тайма» деген еді. Сол сөзі мені біразға дейін ерекше рухтандырып, биіктетіп тастады.
– Қазақ фотографтарына тілегі­ңіз…
– Қытайда менің жүрегімді тулатып, желпіндіріп жүретін бір мәселе – «қазақ фотограф» деген есім аталғанда ұйқым келмейді. Сөзсіз, бұл өнерді қазақтар да дамыту керек. Біздің қытайда бұл өнерде бізден озық екі ұлт тұр. Бірі – ұйғыр ұлты. Біздің Шыңжанда 10 миллионға жуық ұйғыр ұлты бар. Бұлардың фотограф­тары мемлекет деңгейінде жоғары ба­ғаланады. Ал қытайлардың деңгейі халықаралық деңгейге жеткен. Біз солардың соңынан қалмауымыз керек. Ертеңгі күні олардың қатарына қосылуымыз керек. Аз ғана жылғы жетістіктерге қарасақ, біз ұйғыр ұлтына аздап жетіп қалдық.
Қазақстанға келген кезде, Асылхан Әбдірайым екеуіміздің айтатын тақырыбымыз осы мәселе. Қазақ фотографының ертеңі қандай болмақ? Оған қандай әдіс-амал қолдану керек? Қандай еңбек ету керек? Екеуміздің ойымыз ойламаған жерден 2014 жылы бір жерден шыққан. Қазірге дейін Асылханмен ортақ әңгімеміз, талқылайтын жұмысымыз осы. Ендігі мәселе қазақ фотографтарының деңгейін халықаралық дәрежеге көтеру. Сонда ғана арманымыз орындалады деп ойлаймын!

Сұхбаттасқан Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ

 

Оқи отырыңыз!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *