Шәңгерей түсірген фотолар

 Шәңгерей түсірген фотолар

Жәңгір ханның немересі, белгілі ақын, ағартушы Шәңгерей Бөкеевтің қазақтан шыққан тұңғыш фотограф екендігі ара-тұра айтылып жүр. Бірақ өкінішке қарай, Шәңгерейден қалған осы мұра әлі толық жинақталып, зерттелген емес.

Шәңгерей сан қырлы адам болған. Ол 1847 жылы Бөкейлікте, Жасқұстағы Хан ордасында дүниеге келген. 5 жасында әкесі Сейіткерей қайтыс болғанымен, хан-сұлтан тегі еш нәрседен мұқтаж қылмаған. Әуелі Астраханда реальдық училищені бітіріп, кейін Орынбор кадет корпусына түседі. Бірақ ол жерде екі-ақ жыл оқып, шығып кетеді. Сосын Самара губерниясында «мировой судья» болып аз уақыт жұмыс істепті. Бірақ көп ұзамай бұл қызметін де тас­тап, еліне қайтады. Бір қызығы, бұдан кейін кеңсе жұмысына араласпай, өз қалауынша өмір сүрген. Атасы Жәңгір ханның ордасы – Көлборсыны меншіктеп, сәнді үй салдырып, бау-бақша егіп, асыл тұқымды мал өсіріп, сән-салтанатты өмір кешкен. Самар губерниясындағы дворяндардың тізіміне енген. Аңшылық, саятшылықты сүйген дейді. Шәңгерейдің өлеңдері терең пәлсапаға толы. Жанына ақын-жыршы, күйшілерді жинап, әдеби кештерді жиі ұйымдастырғаны айтылады. 1911 жылы Бақытжан Қаратаев, Ғұмар Қараш, Елеусін Бұйрин бастаған бөкейлік қа­зақ зиялылары «Қазақстан» газетін шы­ғарғанда, бас демеушісі – дәл осы Шәң­герей болған. «Қазақтың тұңғыш гәзетінің байғазысы» деп 500 сом бер­гені сол газетте жазулы. Ал Ғұмар Қа­раш 1911-1912 жылдары Уфа, Қазан бас­паларынан шығарған «Көксілдер» және «Шайыр» жинағы да Шәңгерейдің қар­жылай қолдауымен басылған болатын. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның Шәңгерейді ерекше құрметтегені, арнайы барып сәлем бергені, үнемі сәлем айтып, халін біліп отырғаны, қазақтың бас адамдарына жолдаған жеделхаттар адресаттар тізімінде Шәңгерей де болатыны тегін емес.

Енді Шәңгерейдің фотоөнеріне ке­лейік. Деректерге қарасақ, 1901 жы­лы Бөкей ордасының 100 жылдығы аталып өткенде Петерборға қонақ ретін­де шақырылған Шәңгерей Бөкеевке Ни­ко­лай ІІ патша барлық құрал-жаб­ды­ғымен фотоаппарат сыйлаған екен. Аз уақытта қазаққа таңсық бұл өнерді де мең­ге­ріп алған Шәңгерей өз заманынан сыр шертетін ғажап құнды суреттер қалдырған.

Республикалық «Фотоөнер» қоғам­дық бірлестігінің төрағасы, белгілі фотограф Асылхан Әбдірайымұлы ұлттық фотоөнердің бастауында тұрған тұлға жайында толымды зерттеу болуы қажет деп санайды. Алайда Шәңгерей түсірген, бізге жеткен фотосуреттің нақты саны белгісіз. Ол суреттер түрлі қорларда, музейлер мен архивтерде, ұрпақтарының қолында шашылып жатыр. Кезінде зерттеуші Мұстафа Смағұлов біраз дерек жинағанымен, кеңестік цензура «хан тұқымын» жарнамалауға мұрсат бермеген. Зерттеуші Мақсат Тәж-Мұрат ағамыз «Шәңгерей» кітабында, газет мақалаларында ақынның осы қыры жайлы алғаш жазып, халыққа таныстырғаны есімізде. Бүгінде Бөкей ордасындағы «Хан ордасы» тарихи-мәдени, ар­хи­т­ек­туралық-этнографиялық музей-қоры­ғы кешенінде бір ғимарат Шәңгерей Бөкеевке арналып, оның фотографтық қыры туралы да мәліметтер қойылған.

Ал енді Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында сақталған мына бір суреттерге назар аударайық. Бұл суреттерді музей қорынан оралдық өлкетанушы Нұржан Төлепов көріп, бізге ұсынған еді.

Бұл түпнұсқа суреттерді музейге 1980 жылы зерттеуші Мұстафа Сма­ғұ­лов тапсырған екен. «Шәңгерей ауылының балалары» және «Дәулетше Күсепқалиевтің жақындары мен туыс­тары» деп аталған суреттердің ХХ ға­сыр­дың басында түсірілгені жазылса, «Шәң­герей үйінің алдында тұрған бие сауушылар» атты фото нақты 1912 жылы таспаға басылғаны көрсетілген. Үш сурет­ті де Шәңгерей Бөкеев түсірген. Бұл суреттерді бірқатар зерттеуші­­ге көрсетіп, бұрын еш жерде жария­ланбаған-ау деген ойға келіп отырмыз.

Бірінші сурет: «Шәңгерей Бөкеев ауылының балалары» (Детвора аула Шангерей Букеева). ХХ ғасырдың басы. Музей қорындағы тіркеу нөмірі №129796.

Сурет сыртында Әбіл, Медет, Мұқас, Әнуар, Қален, Мақсат, Бәке деген балалардың есімдері де жазылыпты.

Екінші сурет: «Дәулетше Күсеп­қалиевтің жақындары мен туыстары» (Близкие и родственники Даулетшаха Кусепкалиева). ХХ ғасырдың басы. Музей қорындағы тіркеу нөмірі №129806.

Біраз бүлініп, тозыңқырап қалған бұл суреттің бетіне, әр адамның тұсына араб әріптерімен есімдері жазылған екен. Бірақ ол да өшіп, толық көрінбей қалған. Анық көрінетіні – сол жақта орындықта отырған, басына пилотка тәрізді баскиім киген дәрігер Дәулетше Күсепқалиев. Бұл суретті реставра­ция­дан өткізіп, өзге тұлғаларды анықтау – зерттеуші, ғалымдардың міндеті деп білеміз. Мақсат Тәж-Мұрат ағамыздың пікірінше, суретте Күсепқали Орманов, Мұхамедкерей сұлтан, Салауаткерей, сыбызғышы Уәли Ысқақов, домбырашы Макар Жапаров, мұғалім Сейітқали Меңдешев, гимназист Зұлқарнайын Нұралыханов, т.б. болуы мүмкін.

Үшінші сурет: «Шәңгерей үйінің алдында тұрған бие сауушылар» (Доярки кумысолечебница на фоне здания дома Шангерея Букеева). 1912 жыл. Музей қорындағы тіркеу нөмірі №129786.

Сурет сыртында «Хутор Шангерей, Савинский волость, Новоузенский ра­йон, Самарской губернии. Фото Шан­герея Букеева» деп жазылыпты.

P.S. Міне, біз Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында сақталған ерекше құнды жәдігерлермен оқырманды таныстырып отырмыз. Республикалық «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылхан Әбдірайымұлы айтқандай, қазақтың тұңғыш фотографы Шәңгерей түсірген тарихи суреттерді түгел жинақтап, фотоальбом шығару қажет-ақ. Мүмкін бұл істі қолдайтын демеушілер де табылып қалар.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

Батыс Қазақстан облысы

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Оқи отырыңыз!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *