«Шежірелі Маңғыстау»: Кәсіби фотографтар киелі өлкенің көрікті жерлерін фотоға түсіріп қайтты
АҚТАУ. ҚазАқпарат — Елімізге белгілі фотосуретші Асылхан Әбдірайымұлы бастаған «Фотоөнер» ҚБ мүшелері Маңғыстаудың керемет жерлерін аралап, фотоға түсірді. Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде мәлім болды,-деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
7-10 маусым аралығында өткен фото-экспедицияның негізгі мақсаты — әр өлкенің тылсым табиғатын, әдемі, көркем жерлерін, ұлттық өнерін, дәстүрі мен мәдениетін көрсетіп, шет мемлекетке таныту.
«Фотоөнер» ҚБ мүшелері 4 күн ішінде Түпқараған, Маңғыстау, Қарақия ауданында болып, алғаш рет өңірдің киелі жерлеріне таңғы және түнгі әдіспен фото-түсірілім жасады. Бозжыра, Ыбықты, Тамшалы, Жығылған, Саура, Шерқала, Айрақты секілді Маңғыстаудың сырлы жерлерін (14 нысан) экспедиторлар фотоға түсірді. «Маңғыстау табиғатының көркемдігіне көз тоймайды. Салт-дәстүрді өте берік ұстанған жер. Түйе шаруашылығы дамыған. Шұбаттың отаны саналады. Осының бәрін болашақ ұрпаққа қалдырғымыз келеді. Мың сөзді бір суретпен жезгізу — бар мақсатымыз»,- деді Түркістан облысының фотографы, «Фотоөнер» ҚБ мүшесі Мақсат Шағырбай. Экспедиция мүшелері Маңыстаудың кереметтерімен қоса сапардың соңғы күнін Ақтау қаласының каспий жағалауындағы көрініске арнады. Шахар тұрғындарының теңіз жағасындағы серуенін, жастардың шырқаған әнін, бөбектердің бақытты күлкісін сәтті кадрға түсірді. Экспедиция барысында жас фотографтарға шеберлік сағатын өткізу жоспарланған болатын. Карантинге байланысты бұл шара кейінге қалдырып, болашақта онлайн түрде өтетін болды. Осылайша әр аймақта өткізілген «Фотоөнер» ҚБ мүшелерінің 7-экспедицясы киелі өлкеде өткізілді.
«Фотография — бір ұғым болғанымен оның жанры әртүрлі. Біздің құрамдағы шебер мамандардың бірі табиғатты, бірі адамның бейнесін, енді бірі туристік әлеуетін фотоға алды. Шетелдің керемет жерлері мен нысандарын ғаламтордан іздегенде кәсіби суреттерге тап боласың. Ал, бізде көбінесе әуесқой түсірген сапасыз суреттер шығады. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін де аталған жұмысты қолға алдық»,-дейді Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының ұстазы, Алматы қаласының «Фотоөнер» ҚБ жетекшісі Оңғарбек Алхаров.
Фото-экспедицияға, сондай-ақ, «Фотоөнер» ҚБ мүшесі Ернұр Манапқанұлы, Батыс Қазақстан облысы «Фотоөнер» ҚБ төрағасы Мейірбек Тажкуранов, Маңғыстау өңірлік «Фотонер» ҚБ жетекшісі Серік Майемеров, «Фотоөнер» ҚБ жас мүшесі Салауат Жәнібекұлы қатысты. Маңғыстау облысы әкімдігі және Маңғыстау облысының инвестициялар және туризмды дамыту басқармасының ұйымдастыруымен өткен «ШЕЖІРЕЛІ МАҢҒЫСТАУ» фото-экспедициясындағы сапардан түсірілген суреттерді photooner.kz сайтынан және республикалық БАҚ беттерінен тамашалай аласыздар. Айта кетейік бұл шара алдағы уақытта жалғасын табатын болады.