Түркістан төріндегі тағылымды фотосапар
«Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған «Түркістан сапары – 2026» фотосапары аясында бір топ фотосуретшілер мен студенттер Түркістан қаласына арнайы келді. Бұл сапардың негізгі мақсаты – белгілі фотограф Нақып Шеріұлы Шинтеміровтың 60 жылдық мерейтойына арналған іс-шараларға қатысу, сондай-ақ Түркістанның тарихи-мәдени көрнекі орындарын фотоөнер арқылы насихаттау болды.

Фотосапар барысында қатысушылар тек суретке түсіріп қана қоймай, жас фотографтарға арналған шеберлік сабақтарын өткізіп, тәжірибе алмасуға ерекше көңіл бөлді. Бұл өз кезегінде шығармашылық байланысты нығайтып, кәсіби дамуға жол ашты.
3 сәуір күні мерейтой аясындағы маңызды шаралардың бірі – Нақып Шеріұлының «Таспаланған тарих» атты фотокөрмесінің салтанатты ашылуы өтті. Көрменің ашылу рәсімі дәстүрлі лента қиюмен басталып, келген қонақтарға ерекше әсер сыйлады.

Іс-шара барысында құттықтау сөз сөйлеген Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова мерейтой иесінің қазақ фотоөнеріне қосқан үлесін ерекше атап өтті. Сонымен қатар Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, “Фотоөнер” қоғамдық бірлестігінің президенті Асылхан Әбдірайымұлы да жылы лебізін білдіріп, шығармашылық табыс тіледі.

Мерейтой аясында «Фотография және жасанды интеллект: шығармашылық пен технологияның тоғысуы» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Дөңгелек үстелде сала мамандары өз ойларын ортаға салып, заманауи технологиялардың фотоөнердегі рөлі туралы пікір алмасты.


Аталған жиында «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің президенті, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аға оқытушысы Асылхан Әбдірайымұлы , PhD докторант, NYFA түлегі, Ақпарат саласының үздігі. Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының асс.-проф., әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінің аға оқытушысы Дәурен Мұхамеджанов (онлайн), ҚазҰУ Баспасөз қызметінің Бас фотографы Марат Жүнісбеков, этнофотограф Оңғарбек Алхаров және фотосуретші Жеңіс Ысқабай өз баяндамаларын ұсынды.
Шара соңында фотоөнер саласына сіңірген елеулі еңбегі үшін «Фотоөнер қайраткері» медалі мерейтой иесі Нақып Шеріұлы Шинтеміровқа табысталды. Сонымен қатар «Сәтті портрет» атты факультетаралық фотобайқаудың жеңімпаздары да марапатталды.
Фотосапар барысында қатысушылар университет қабырғасындағы Наурыз мерекесінің көріністерін тамашалап, ұлттық мәдениеттің байлығын сезінді. Жалпы, бұл сапар тек мерейтойлық шара ғана емес, кәсіби тәжірибе алмасу мен шығармашылық дамудың маңызды алаңына айналды.
Фотосуреттерді түсірген — Али Қошанбаев, Алихан Буранбай
