Белгілі фототілші, «Фотоөнер қайраткері» — Болат Омарәлиев өмірден өтті
Белгілі фототілші, «Фотоөнер қайраткері» — Болат Омарәлиев 76 жасқа қараған шағында өмірден озды. Қаралы хабарды журналист Ержан Жаубай жеткізді.
«Қазақтың фото өнеріне сүбелі үлес қосқан Болат Омарәлиев ағаның да уақыты болыпты. Алла пейіште нұрын шалқытсын!»—деп жазды ол.
«Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі танымал фототілшінің шығармашылығымен «Қазақ фотошежірешілері: Тарих, дерек, өнер» фотоальбомында таныстырған болатын. Альбомда ардагер фототілшінің бірнеше фотосуреті жарияланған. Бірлестік төрағасы Асылхан Әбдірайымұлы 2016 жылы бірлестік отырысының шешімімен Қазақстан фотожурналистикасына сіңірген еңбегі үшін «Фотоөнер қайраткері» медальмен (№10 куәлік) марапаттаған болатын. Фотосуретшінің көз тірісінде «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі шығармашылық фотоальбомына да пікір жазған болатын. Өкінішке орай, облыс тарапынан нақты демеушілік қолдау болмағандықтан, кітап жарыққа шықпады.
Болат Шамаұлы 1948 жылы 15 қарашада Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Қоғалы ауылы, Ызакөл деген жерде дүниеге келген. Еңбек жолын аудандық «Сырдария» газетінде бастаған. 1969 жылдан 2014 жылдың желтоқсанына дейін облыстық «Сыр бойы» газетінде фототілшілік қызмет атқарды. Болат Шамаұлы «Егемен Қазақстан», «Казакстанская правда», «Қазақ әдебиеті» ұйымдастырған фотоконкурстардың лауреаты болды. Ол Қазақстан фотожурналистикасын дамытуға көп жыл сіңірген еңбегі үшін «Фотоөнер қайраткері» медалімен марапатталды. Ресей, Польша, Украина елдерінде бірнеше рет фотокөрме өткізген.
Фото: «Қазақ фотошежірешілері: Тарих, дерек, өнер» фотоальбомы