Тарих та, табиғат та суреттелген

 Тарих та, табиғат та суреттелген

ҚазҰУ-да мемлекеттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы «Қазақстанның киелі жерлері» бағыты бойынша журналистика факультеті мен «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Киелі Алтай» фотокөрмесі ашылды.

Фотокөрмені «Фотоөнер» ҚБ төрағасы Асылхан Әбдірайымұлы, журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы, Қытай Халық Республикасы «Алтай»  этно-фотография қоғамының төрағасы Серік Мұқышұлы, Қытай Халық Республикасы «Алтай»  этно-фотография қоғамының мүшесі Екпін Хасенжан, кәсіби фотограф Оңғарбек Алхаров ашып берді.

Шара  ҚазҰУ ректоратының фойесінде өтті. Көрмеге Алтай мен Атыраудың арасындағы фотоөнеріне қызыққан және осымен кәсіби түрде айналысып келе жатқан жастардың 30-ға жуық еңбегі қойылған. Әр суреттің өзіне тән әдемілігі мен жеткізу шеберлігі бар. Бұл сөзімізді бірлестіктің жетекшісі Асылхан Әбідрайым шығыстың «Бір сурет-мың сөзге татиды» деген сөзімен ұштастырды. Шын мәнінде, суреттер сөйлейді. Ол сол жердің табиғатынан, мәдениетінен, әдебиетінен, тарихынан хабар береді.

Еске салсақ, биыл еліміздегі жас фотографтар Шығыс Қазақстан облысындағы Катонқарағай ауданына «Киелі Алтай: Берел-2019» фото блог-турына қатысып қайтқан болатын. Шара республикалық «Фотоөнер» ҚБ, «Шығыс Ақпарат» медиахолдингі, «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі қолдауымен өткен болатын. Бір аптаға созылған ізденіс сапары ҚазҰУ-да қорытындыланып отыр. Бұл көрме соның жарқын көрінісі. Аталған көрме бір апта көрерменге ұсынылады. Одан кейін, көрме Семей мен Өскемен қалаларында жалғасады.

ҚазҰУ-дағы фотокөрменің соңында, 2018 жылдың әлемнің 10 үздік фотографтары қатарына енген Қытай Халық Республикасы «Алтай» этно-фотография қоғамының төрағасы, фотоөнер магистрі Серік Мұқышұлының журналистика факультетінде «Суреттер сөйлейді» атты шеберлік сабағы өткізді.

Серік МҰҚЫШҰЛЫ,

Қытай Халық Республикасы «Алтай»  этно-фотография қоғамының төрағасы:

-Біз «National Geographic Qazaqstan» журналының ерекше ұсынысымен Қазақстанға шақырылған едік. Мақсат — елдің бірқатар қалаларын қырық күн бойы суретке түсіріп, журналға кәсіби суреттер ұсыну. Оған себепші болған да біздің байырғы серіктесіміз — «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі. Бүгін міне, сол бірлестіктің ұйымдастыруымен өтіп жатқан фотокөрмеге шақырылып отырмыз.

Мен «Фотоөнер» ҚБ мүшелерін өте жақсы танимын. Бүгінгі фотокөрменің 90%-ы жаңа есімдермен толыққан. Бұл осы бірлестіктің үлкен еңбегі деп санаймын. Бұл жастардың барлығы қазақ фотоөнерін одан ары қарай көркеюіне өз үлестеріне қосатынына сенемін. Баршаңызды көрменің ашылуымен және ҚазҰУ-дың 85 жыл мерейтойымен құттықтаймын!

Дәурен ҚҰДАЙБЕРГЕН,

«National Geographic Qazaqstan» журналының өкілі:

-Мен де осы университтің түлегімен. Осы журналистика факультетін 1997 жылы бітіргенмін. Одан кейін телеарна, газет-журнал, веб-сайт саласында қызмет атқардық. Қазір отандық «National Geographic Qazaqstan» журналына келгеніме төрт жылға жуықтап қалыпты. Сол журналдың арқасында Асылхан Әбдірайымұлы бастаған қазақ фотоөнерінің шеберлерімен танысып, жұмыстары АҚШ-тағы Бас офистің сұрыптауынан өтіп, әлемнің 80 еліне тарап жатыр. Соған қуанамыз. Бұл көрмеде жастардың фотосуреттері қойылған екен. Болашақта осылардың арасынан мықты фотографтар шығады деген ойдамыз, әрі тілекшіміз. Өзім білім алған университетімді де мерейтойымен құттықтаймын!

 

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ

(Суреттерді түсірген автор)

Оқи отырыңыз!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *