Әу шебін қорғаушылардың кәсіби мерекесі

18 тамызда Ұлттық қауіпсіздік жүйесі негізгі компоненттерінің бірі — ҚР Қарулы күштері Әуе қорғанысы күштерінің құрылғанына 27 жыл толып отыр.
Бүгінде Қарулы күштердің бұл түрі Қазақстан әскерінің қуатты, жоғары технологиялық және ұтқыр құрамдас бөлігіне айналған.
Олардың құрамына Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері мен Әскери-әуе күштері кіреді. Олар әуе шебін сенімді қорғауды, стратегиялық маңызды мемлекеттік, әкімшілік және әскери объектілерді бүркемелеуді қамтамасыз етеді. Қарулы күштердің басқа түрлері мен әскер тектерін авиациялық қолдау міндеттерін орындайды.
Мамандарды даярлау бейінді әскери оқу орындарында жүргізіледі. Ақтөбедегі Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты ұшу және инженерлік-техникалық құрамның мамандарын, ал Алматы қаласындағы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты Әуе шабуылына қарсы қорғаныс және байланыс әскерлері үшін инженерлік кадрлар даярлайды.
Әскери-әуе күштерінде аэродинамикалық, ұшу және жауынгерлік сипаттамалары бойынша әлемдегі ең жақсы деп танылған заманауи жауынгерлік, әскери-көліктік, жаттығу ұшақтары мен тікұшақтар бар. Өткен жылы авиациялық парк 37 тоннаға дейін немесе 100-ден астам әскери қызметшіні ұзақ қашықтыққа тасымалдауға қабілетті көпфункционалды А400М әскери-көліктік ұшағымен толықты. Әуе кемесін пайдаланған жарты жыл ішінде экипаж жеке құрамды тасымалдауда бірқатар міндеттерді орындады. Оның ішінде Голан жоталарындағы бітімгерлерді ротациялау, қазақстандық командалардың Біріккен Араб Әмірліктеріне UAE SWAT Challenge-2025 халықаралық жарыстарына апарып келу, «Айбын-2025» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынын көлікпен қамтамасыз ету бар.
Әуе қорғанысы күштерін дамытудың маңызды басымдығы автоматтандырылған басқару жүйесін енгізу болып отыр. Бұл әуе қаупі жағдайында барлық бөлімшелердің тиімді өзара іс-қимылын қамтамасыз етуге, оның ішінде жедел ақпарат жинаудан бастап жауынгерлік іс-қимылдарды үйлестіруге және ұшуды басқаруға мүмкіндік береді.
Әуе қорғанысы күштерінде жауынгерлік дағдыларды арттыру, ұшу құрамын күрделі міндеттерді орындауға дайындау, жоғары пилотаж дағдыларын игеру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде.
Әскери ұшқыштар әрқашан бейбіт тұрғындарға көмекке келуге дайын. Армиялық авиация экипаждары адамдарды эвакуациялауға, 2024 жылғы су тасқыны кезінде азық-түлік пен гуманитарлық жүктерді жеткізуге, Абай облысындағы орман өртін сөндіруге және жедел ден қоюды қажет ететін басқа да міндеттерге тартылды.
Думан Жұмашұлы, Приозерск гарнизонының баспасөз хатшысы