Әлемдегі он үздік фотографтың қатарындағы қазақ
«Қытайдағы қандасымыз әлемдік 10 үздік фотографтың қатарынан көрініпті» деген қуанышты жаңалыққа елең ете қалдық. Әлеуметтік желіде тараған үзік-жұлық ақпараттардың анық-қанығын білгіміз келіп, интернеттен із шалып отырғанда көрген-білген, көрші-қолаңы емес, үздік фотографтың тап өзімен «жолығып» қалдық. Сонымен…
Әлемдік түрлі деңгейдегі фото бәйгелерді ұйымдастыратын «Sente.antu cup» сайты өткен жылы «Әлемдегі ең үздік 10 фотографты іздейміз» атты халықаралық байқау жариялайды. Оған АҚШ, Ресей, Қытай, Италия, Испания сынды әлемнің 43 елінен 100 мыңнан астам үміткер қатысады. Осыншама көп шығарма бәсекеге түскен бәйгеде суырылып алға шыққан 20 фотографтың ішінде Қытайдың Шыңжаң өлкесі Алтай аймағында тұратын қандасымыз Серік Мұқышұлының да есімі аталады. Алғашқы 20 деп отырған себебіміз жарыс «Әлемдегі ең үздік 10 фотограф» және «Әлемдегі үздік 10 фотограф» болып екі аталым бойынша өтеді. Серік Мұқышұлы соңғы аталым бойынша марапатталады.
Фотографтың өзі бұл байқаудың өзге байқаулармен салыстырғанда шарттарының қатаң әрі қатысушылар саны мен сыйақысы да көп болғаны себепті осы жетістікке қол жеткізудің өзі үлкен белес екендігін айтады. «Бәйге шарты бойынша бір қатысушы тек бір мазмұнды баяндайтын 30 сурет ұсынуы тиіс екен, ал оның ішінде біреуі нашар түсірілген, яғни кәсіби деңгейі төмен болса басқа фотоларыңыз қанша керемет болса да келесі айналымға өтпейді», дейді Серік Мұқышұлы. Айтса айтқандай, бұл байқауда ең үздік атанған фотографтардың әрқайсысына 1 млн юань сыйақы берілген. Жарыс деңгейінің қаншалықты екендігін осыдан-ақ көре беруге болатын шығар. 2017 жылы басталған бұл жоба енді жыл сайын өткізіліп тұрмақ.
Біз Серік Мұқышұлымен әңгімелесу барысында оның халықаралық бәсекеде қазақ атын шығарумен қатар өзі тұрған облыста тұңғыш рет фото саласына байланысты қоғамдық ұйым құрып, оған қандас бауырларын тартып, қазақ азаматтары көп бара бермейтін фото өнеріне баулып келе жатқанын білдік. Еңбек жолын банк қызметкері болып бастаған оны тумысынан жаны қалап, аңсары ауған фото түсіруге қызығушылық қаншама жылдарын сарп етіп, көз майын тауысып оқыған мамандығын, қызметін біржола тастауға мәжбүр етеді. Әрі қарайғы жол Серікті тек жеке шығармашылық қана емес, осы саладағы іргелі істердің қызығы мен шыжығына бастай береді.
Қырықтан аса елдің фотографтары қатысқан додада есімі аталып, қазақтың мерейін асырған қандасымыздың басқа да жетістіктері аз емес, әрине. Ол 2013 жылы Шыңжаң көлеміндегі ең ірі фото байқаудың қола медалін алса, 2014 жылы «Жұңго этнофотография» қоғамы мен Біріккен Ұлттар Ұйымының бірлесіп өткізген «Адамзатқа үлес» атты халықаралық этнофото байқауында «Деректі фото» аталымы бойынша жүлдегер атана-
ды. Бұдан да басқа ҚХР және халықаралық конкурстарда жүлдегер болып, ірі көрмелерге фотолары қойылған фотограф қазір өзі құрған «Алтай қазақ этнофотография қоғамының» төрағасы.
Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,
2018 жыл,наурыз. «Егемен Қазақстан»