Алматыда Қалиғұмар Қабдешұлының көрмесі өтті
Бүгін Алматыда «Сенім» ардагерлер үйінде фотоөнер ардагері, белгілі фототілші Қалиғұмар Қабдешұлының көрмесі өтті. Наурызбай ауданына қарасты нысанда өткен көрмеге фотография ақсақалының тұрғыластары, әріптестері, туыстары және өнер және спорт адамдары қатысты. Бұл туралы photooner.kz тілшісі хабарлайды.
Бұл көрмеге Қалиғұмар Қабдешұлының Қазақстанның жаңа тарихын бейнелейтін айшықты суреттері қойылды. Тәуелсіздіктен бергі саяси оқиғалар, өнер мен театр саласындағы биік белестер, белсенді адамдар мен қайраткерлердің бейнесі, жалпы деректі фотолардың топтамасы көпшілік назарына ұсынылды.
Көрменің ашылуы кезінде фототілші Қалиғұмар Қабдешұлы өз саласындағы қызықты оқиғалар жайында айтып берді. Арасында өкінішті жайлар болғанын да жоққа шығарған жоқ. Фотографияны өмірінің мәніне балайтын ол Қазақстанда фотоөнер саласы жеткілікті бағаланбайтынын, бірақ соған қарамастан ел ықыласының бөлек екенін ортаға салды. Ақсақал қызықты естеліктерімен де бөлісті.
Көрменің ашылу рәсімінде сөйлеген «Фотоөнер» бірлестігінің төрағасы Асылхан Әбдірайымұлы Қалиғұмар Қабдешұлының қазақ фотографиясында алар орнына тоқталды. Ал белгілі фотограф Серік Мұқышұлы Қалиғұмар Қабдешұлы түсірген фотолардың деректілік маңызын айрықша атап өтті.
Қазақ фотографиясының ардагері Қалиғұмар Қабдешұлының бір топ туындылары таяуда ғана жарыққа шыққан «Қазақ фотошежірешілері ІІІ: тарих, дерек, өнер» фото-энциклопедиясында да жарияланды.
Сексеннің сеңгіріне шыққан Қалиғұмар Қабдешұлы кезінде АПН ақпарат агенттігінің, республикалық Қазақ телеграф агенттігінің (ҚазТАГ) тілшісі болған. «Қазафильм» студиясы шығарған «Алматы – менің астанам», «Алғашқы ұстаз», «Туған жерімнің табиғаты» сияқты он диафильмнің авторы. Сондай-ақ, «КСРО халық әртістері» (әрине, қазақстандықтар) атты кітап және 50-ден аса спектакль бойынша түсірілген суреттерден құрастырылған үш кітап және қазақ театр өнерінің тұғыры биік тұлғалары Асанәлі Әшімов, Әзірбайжан Мәмбетов, Досхан Жолжақсынов туралы көркем безендірілген көлемді кітап фотоальбомдар шығарған. КСРО Халық әртісі Асанәлі Әшімов қойған екі сериялы «Қозы-Көрпеш – Баян сұлу» кинофильмінің фотосуретшісі.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бері фотоөнер саласын алға сүйреп келе жатқан Қалиғұмар Қабдешұлы бүкі саналы саналы ғұмырын өз саласына арнаған. Оның фото-көрмелері Азия мен Еуропаның бірқатар елдерінде өткізілген.
Фото: Асылхан Әбдірайымұлы