Ұлттық кітапханаға Сайлау Пернебаевтың 85 тарихи фотосуреті табысталды
26 қыркүйекте ҚР Ұлттық кітапханасында қазақстандық фотожурналистиканың негізін қалаушылардың бірі, белгілі фототілші Сайлау Пернебаевтың 85 жылдығына орай жеке шығармашылық фотоархивінен 85 тарихи тұлғаның фотосуреттерін ҚР Ұлттық кітапханасына сыйға тарту рәсімі өтті, — деп хабарлайды photooner.kz сайты.
Салтанатты шараның ұйымдастырушылары: ҚР Ұлттық кітапханасы, «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі және Сайлау Пернебаевтың отбасы.
Шараны ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Б.Қ. Оспанова ашып, Сайлау Пернебаевтың өмір жолына, шығармашылығына тоқталып, автордың жарты ғасыр бойы түсірген еңбектері, жалпы саны 85 фото мен «Ақ пен қара» кітаптары үшін өз алғысын айтты.
Салтанатты рәсімінде С. Пернебаевтың жары Назипа Пернебаева, ұлы Ербол Сайлауұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Мәди Артығалиев, Үмбетбай Уаидинұлының жары Марям Алданова, Сайлау Пернебаевтың шәкірті Асылхан Абдраймұлы, «Қазақ» және «Шалқар» радиоларының ардагері, қазақтың қоңыр үнді дикторы Аманжан Еңсебайұлы және т.б. Сайлау Пернебаев туралы естеліктерімен бөлісті.
Жиынға елімізге белгілі ақындар мен жазушылар, зиялы қауым және БАҚ өкілдері, студенттер мен кітапхана оқырмандары және т.б.
«Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі Асылхан Әбдірайымұлы Сайлау Пернебаевтың 85 жылдығын атап өту өткен жылы осы кітапханада басталып, осында қорытындыланып жатқанын атап өтті.
«Біз осы мерейтойды жоспаралған кезде Сайлау Пернебаевтың туған жерінде жалғастыруды жоспарлаған едік. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдыға хат жазып, Түркістанда «Ақ пен қара» кітабының тұсаукесерін өткізсек, көрмесін қойсақ, туған жері Төле би ауданында көшенің аты берілсе деп хатта көрсеттік. Облыс әкімі хатқа жауап беріп, жақсы көңілін білдірген болатын. Бірақ, біз бір себептермен Төле би ауданының әкіміне шыға алмадық. Барғанда болмады, жіберген хаттарымыз жауапсыз қалды. Туған жерінде мерейтойлық шараның өтпеуі бізді қынжылтты», — дейді Асылхан Әбдірайымұлы.
Суреттерді түсірген — Дәурен Мақсұтханұлы