«ӘБЕНІҢ ӘЛЕМІ» фотоальбом кітабының тұсауы кесілді

 «ӘБЕНІҢ ӘЛЕМІ» фотоальбом кітабының тұсауы кесілді

Жиырма алтыншы қазанда Алматының мәдени ошағы «Достық үйінде» қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңба қалдырған қаламгер Әбдіжәміл Нұрпейісовтің жүз жылдығына орай Сайлау Пернебаевтың «ӘБЕНІҢ ӘЛЕМІ» атты фото кітабының тұсауы кесілді. Шараға көрші елдерден келген арнайы қонақтар, қаламгердің көзін көрген әріптестері, танымал әдебиетшілер және руханиятқа қызығатын оқырмандар мен БАҚ өкілдері қатысты, — деп хабарлайды photooner.kz тілшісі. 

Кештің алғашқы бөлімі фото көрмеден басталды. Көрмеге жазушының өмірінің маңызды сәттері, жеке және шығармашылық өсу кезеңдері бейнеленген 20 суреті қойылды. Бұл көрме арқылы көрермендер жазушының тек шығармашылық тұлғасын ғана емес, сонымен қатар жеке адам ретіндегі қасиеттерін де көре алды. Оның достары, отбасы, әріптестерімен түскен суреттері көрерменге шынайылық сыйлап, жазушының қарапайымдылығын, табандылығын, әрі рухани байлығын жеткізді.

https://www.youtube.com/shorts/7KTqCmfsP90

Фото көрмеден кейін кештің басты оқиғасы – жаңа фотоальбом-кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.

— Алдарыңыздағы «ӘБЕНІҢ ӘЛЕМІ» атты фотоальбомның авторы–қазақ фотоөнерінің абаданы атанған әйгілі фототілші, суреттері уақыттың қазанында қайнаған сайын құнды жәдігерге баланған, бармағымен қазақтың маңдайына біткен талай бағланын таспаға басып, тұтас дәуірдің дара бейнесін жазған Сайлау Пернебаев болса, кейіпкері–әдебиет әлемінің абызы һәм аңызы, соғыс ардагері Әбдіжәміл Нұрпейісов,- деп ұйымдастырушылар шараның шымылдығын ашты.

Шара аясында сөз тізгінін алған Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Мереке Құлкенов кітапқа еңбегі сіңген жандарды атап, ерекше ықыласын білдірді.

— Мынау ағайындар, Әбдіжәміл Нұрпейісов туралы фотокітап-роман шықты. Бұл кітаптың идеясының бәрі Иманғали Тасмағамбетовтікі. Өзі Мәскеуден дұғай — дұғай сәлем жолдап жатыр. Енді еңбек иесін айтуымыз керек ол — Сайлау Пернебай. Оның архиві өте бай, жалғыз Әбдіжәміл емес талай мүйізі қарағайдай тұлғалардың тарихы тасқа басылған. Одан кейінгі еңбек құрастырушылар Айнұр Пернебаева, Асылхан Әбдірайымұлы, Ербол Сайлауұлы осы үшеуінікі, -деді Мереке Құлкенов.

Тұсаукесер Әбдіжәміл Нұрпейісовтың 100 жылдығына орай ұйымдастырылған конференциямен жалғасты. Конференцияға Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Сұлтан Раев, Нұрлан Оразалин бастаған танымал тұлғалар қатысып, сөз сөйледі. Өз сөзінде Аида Ғалымқызы ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының сәлемдемесін жеткізді. Шара соңында фотокөрмені аралады. Бұл шара қаламыздың әдебиетсүйер қауымына ерекше әсер қалдырып, жазушының өмірі мен шығармашылық жолын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.

Назерке Альбертқызы,

Мади Анеля (мобилограф),

Ерден Кабдрашидов, Олжас Павлик (фото)

 

Оқи отырыңыз!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *