«Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің жылдық қорытынды жиыны өтті

 «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің  жылдық қорытынды жиыны өтті

Бүгін, яғни 22.12.2024 ж. Алматы қаласындағы Принтмедиа технологиялар колледжінің ғимаратында Қазақстандық «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің биылғы жылы атқарылған іс-шаралары жайлы қорытынды жиыны өтті, — деп хабарлайды photooner.kz.

Қоғамдық бірлестіктің президенті Асылхан Әбдірайымұлы: «Биылғы жылғы Бірлестіктің басты мәселесі — ұжымымыздың Жарғысын заман ағымына сай жаңарту керек еді. Себебі сонау құрылған 2010 жылдан бері елімізде және бірлестікте талай өзгерістер болғаны белгілі. Осы жұмыс сәтімен жүзеге асып, Жарғыға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, Құрылтайшылар тізімі де бекітілді» — деп, өз сөзін бастады.

Осылайша оффлайн-онлайн (15/12 адам) форматында өткен жиынға Асылхан Әбдірайымұлы өзі модераторлық етіп, бірден биылғы жылы атқарылған шараларды тізбектеп, елдің есіне бір салып шықты.

Олардың арасында Бірлестіктің мүшесі, суретші, журналист, режиссер Жанұзақ Мүсәпірдің «Балалықтан даналыққа жол» атты туындысы үшін Қазақстан Республикасының Абай атындағы әдебиет және өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығын алғанын, бірлестіктің тағы бір белсенді мүшесі, Шығыс Қазақстан облысы бойынша «Egemen Qazaqstan» газетінің меншікті фототілшісі Мерей Қайнарұлы ҚР Журналистер одағының ШҚО бойынша төрағасы болып сайланғанын айтып өтті.

Әлемдік деңгейдегі танымал кәсіби фотограф Фархат Қабдықайыров пен этнофотограф, педагог Оңғарбек Алхаровтардың әл‑Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінде шеберлік сағаттарын өткізгендерін айта келіп, бұл үрдісті алдағы уақытта да жалғастырамыз деп мәлімдеді.

«Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі елімізде фотосурет өнерін ары қалай ғылыми тұрғыда насихаттау жұмыстарын тұрақты түрде жүргізетінін айта келе, өткен жылы «Қазақ фотошежірешілерінің» үшінші томы жарық көрсе, биылғы жылы соавторлар: А.Әбдірайымұлы, С.Мұқышұлы, Д.Мақсұтханұлы бірігіп шығарған «Деректі фото: тарихы және даму көкжиегі» атты монографияның жарық көргенін баса айтты.

Бірлестіктің құрылтайшыларының бірі, ғалым Сағатбек Медеубекұлының бастамасымен «Жерұйық көрем десең, Кегенге кел!» атты үш күндік фотосапар ұйымдастырылып, ол Алматы облысы Кеген ауданындағы тарихи және көрікті жерлерді насихаттауға ерекше әсер еткенін айта келе, бұл сапар ұжымның керегесінің кеңеюіне де өз септігін тигізгенін атап айтты. Соңғы ойына сәлден соң кеңірек тоқталатын боламыз.

Алматы қаласында аты алты құрлыққа мәлім деректі фотограф, Magnum Photos халықаралық фотоагенттігінің мүшесі Томас Дворжакпен кездесу өткенін, «Әскери фотожурналистика: журналистік объективтілік пен өз эмоцияларының арасындағы тепе-теңдік» тақырыбындағы жүздесуге осы салаға қызуғышылық білдіретін студенттермен қатар, танымал фотографтар, оқытушылар қатысқанын айтып өтті.

Таяуда ғана қазақтың классик жазушыларының бірі Әбдіжәміл Нүрпейісовтың 100 жылдығы аясында танымал фотограф Сайлау Пернебаевтың туындыларынан тұратын «Әбенің әлемі» атты фотокітаптың жарық көргенін, шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Мереке Құлкенов және көрші елдерден келген арнайы қонақтар, қаламгердің көзін көрген әріптестері, танымал әдебиетшілер, руханиятқа қызығатын оқырмандар мен БАҚ өкілдері қатысқанын және оған Айнұр Пернебаева, Асылхан Әбдірайымұлы, Ербол Сайлауұлы құрастырушы болғанын да хабардар етті.

Одан кейін елімізде алғаш рет wild-life.kz, яғни «Қазақстанның тұмса табиғаты» атты жаңа сайттың таныстырылымы өтіп, арнайы фотокөрме ашылғанын, оған Бірлестіктің мүшесі, фотограф Ерболат Шадраховтың фототуындылары енгенін және бұл сайт ғылымға деген қызығушылықты арттырып, Қазақстанның биоалуандығын сақтаудың маңызына жұртшылық назарын аударуды мақсат еткенін жеткізді. Бұл жоба Қазақстанның Зоология институты мен National Geographic Qazaqstan журналының қолдауымен жүзеге асып отыр екен.

Бірлестік мүшелерінің қатысуымен фотокөрме өткізу барысында еліміздің шығысында ұйымдастырылған «Шығыс салбурыны» құсбегілік шарасы нәтижесінде өткен көрмені және Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласындағы Эрарта көрме залында Мақсат Шағырбаевтың «Дала» атты жеке шығармашылық көрмесі өтіп жатқанын мақтанышпен жеткізді.

Сондай-ақ, Асылхан Әбдірайым баяндамасының соңында таяуда ғана «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымы мен «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі әріптестік меморандумына қол қойысқанын және бұл Бірлестік жұмысының жаңа деңгейге шығып келе жатқандығының айғағы екендігін атап өтті.

Жиын барысында, осы жыл ішінде «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің жұмысына белсенді түрде атсалысқан бірнеше азамат, атап айтқанда Ернұр Манапхан, Айым Бахыбек, Данагүл Әбдікәрімова, Аяужан Өтеулинова арнайы Алғыс хаттармен марапатталды.

Жиынның келесі бөлігі Бірлестіктің жаңа мүшелерін қабылдау жөнінде Досжан Балабекұлына сөз берілді. Ол өтініш берген жеті адамның өмірбаянына қысқаша тоқталып, жұмыстарына тоқталып өтті.

Сонымен, Алматы облысы Кеген ауданының танымал фототілшісі Ғани Бейқұтбай; Алматы облысы Кеген ауданының танымал фотографы Нұрболат Тастанқұлов; ШҚО Тарбағатай ауданына танымал фотограф, тарихшы ұстаз Қуаныш Қабиболдин; ҚР Журналистер одағының мүшесі, Алматы облысы «Алатау арайы» облыстық газетінің фототілшісі Дәурен Ермекбай (Әбутәліпов); Алматы облыстық «Огний Алатау» газетінің фототілшісі Дина Дәуітбекова; ҚХР келген кәсіби фототілші Адал Қалибекұлы және Самалбек Каметов бір ауыздан бірлестіктің мүшесі атанды.

Жиналыс соңында Бірлестік мүшелері өз ұсыныстарын ортаға тастады, атап айтқанда: Сағатбек Медеубекұлы Алматы облысының Кеген ауданында «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің филиалын құруды, Қалиғұмар Қабдешұлы қазақ фотоөнерінің деңгейі мен ерекшелігін көрсету үшін ұлттық салт-дәстүрімізді көрсететін фототуындыларды әлемдік аренаға шығаруды, Қуаныш Қабиболдин келер жылы Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл толатынын айта келе «Майдангер аталарымызды ардақтайық!» атты фотокөрме өткізуді және мектеп оқушылары арасынан болашақ фотошеберлері шығаруды қолға алу керектігін айтса, Әкбар Үркінбай халықаралық деңгейде фотокөрме өткізейік, оған мықты фотошеберлеріміз де, тамаша фототуындыларымызда бар екендігін айтып өтті.

Жиын соңында оффлайн қатысқандар үшін әдеттегідей шағын дастархан жайылып, ардагер фототілші, ақын Нұрмамбет Қизатұлының батасымен тарқасты.

Дәурен Мақсұтханұлы,

«Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің мүшесі,

фототілші

Фото: Досжан Балабекұлы, Айым Бахыбек

 

Оқи отырыңыз!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *