Фотосуретпен жазылған философия

Бүгін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде философия докторы (PhD), «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, Философия және саясаттану факультеті Философия кафедрасының аға оқытушысы, белгілі журналист, фотожурналист, философ, Досжан Балабекұлының «Алатауды аралағанда… /Тайны горизонтов Алатау/Secrets of the Alatau horizons» фотоальбомының тұсаукесері өтті. Кітап «Дарын» баспасынан жарық көрді, — деп хабарлайды photooner.kz.
Шараны әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Философия және саясаттану факультеті Философия кафедрасы ұйымдастырды.
Бұл фотожинақ арқылы оқырман фотосуреттерді эстетикалық, аксиологиялық таным тұрғысынан танып, ақпараттық, географиялық көріністерге куә болады. Табиғаты көз тартатын еліміздің асқақ Алатауы мен қарлы шыңдары, өзен-көлдері ‒ біздің өмір-сүретін экожүйеміздің ең негізгі бөлшегі. Сондықтан бұл жерде біз сүйсінетін сұлулық та, қауіпті табиғи құбылыстары да қатар жүреді. Автор Алматы мен Жетісу облысындағы таулы аймақтардың (Іле, Күнгей, Теріскей, Жетісу Алатауының) келбетін шынайы суреттеуге тырысады.
Фотография мен философияның өзара байланысын көрсететін фотоальбом Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының студенттеріне, магистранттары мен докторанттарына, философия, эстетика, медиа және қоғам, фотография, география, туризм салаларына қызығатын көпшілік оқырманға арналады.
Бұл туындыда автор Досжан Балабекұлының 12 жылдан аса түсірген фотосуреттері еніп отыр. Қазақ тау жүйесін екі сөзбен «Алатау» және «Қаратау» деп екіге бөліп ажыратады. Қазақ үшін екі тау жүйесінің де алатын орны ерекше. Қазақ тіршілігі дала табиғатымен де, тау табиғатымен де үндесіп жатыр. Оны қыс қыстауындағы, жаз жайлауындағы тіршілікпен байланыстырсақ та болады. Қазақ дүниетанымында таудың орны ерекше болған. Досжан Балабекұлы осы қасиетті сөзден бастап, оның геогарфиялық дүниетанымын фотография тілімен суреттейді.
Автор еңбекте өзіне үнемі қолдау білдіріп келе жатқан анасы, биолог ұстаз Жеңіскүл Беркімбаеваға ерекше алғысын білдіре отырып, әр түрлі сапарларда сапарлас болған ағайынға ризашылығын жеткізеді. Сондай-ақ, автор алғашқы көлемді еңбегін марқұм педагог-ұстаздар, атасы мен әжесі Балабек Беркімбаев пен Шолпан Балабекованың рухына арнайды.
Автордың айтушынша бұл жоба осыдан 8 жыл бұрын «Айқын» республикалық газетінде жұмыс істеп жүрген кезде пайда болған. Марқұм журналист Жолдасбек Дунабай кітаптың атауын да өзі ұсынып кеткен екен. Әр түрлі қаржылық жағдайлар мен демеушіліктің болмауынан, әрі жылдар өте келе тақырыптардың кеңейгеніне қарай «Дарын» баспасының қолдауымен жарық көріп отыр. Автор баспаның ұжымы мен директоры Жанат Бекетан ханымға ризашылығын білдірді.
Кітаптың тұсаукесер рәсіміне әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ақпарат және коммуникация департаменті директорының орынбасары Алмат Исәділ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Философия және саясаттану факультетінің деканы Бекжан Мейірбаев, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Философия кафедрасының меңгерушісі Әсет Құранбек, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Философия кафедрасының профессоры Жақыпбек Алтаев, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінің профессоры Кәкен Қамзин, Республикалық «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылхан Әбдірайым, «Ана тілі» ұлт газетінің Бас редакторының орынбасары Берік Бейсенұлы, «Qazaq universiteti» газетінің Бас редакторы Гүлнар Тәжиева, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстан-Қытай бірлескен қашықтықтан зондтау технологиялары және оларды қолдану зертханасының басшысы Мұрат Қасенов, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары Бауыржан Әбішев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі «Қазавиаорманқорғау» РМҚК ұшу өндірісі бөлімінің басшысы Якубжан Ибргимов, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі «Қазавиаорманқорғау» РМҚК Алматы авиа бөлімінің басшысы Бекзат Байшалов, «Дарын» баспасының директоры Жанат Бекетан және т.б. қатысты.
Фототуындының авторы Досжан Балабекұлы: «Фотография дегеніміз – өмірді бейнелейтін философия, сұлулық пен талғамды суреттейтін эстетика, шындық пен құндылықтан тұратын этика мен аксиология. Сондықтан да біз фотография мен философияның өзара байланысын негізге аламыз.
Философ, жазушы Сьюзен Зонтаг «Фотосурет — ол көрудің грамматикасы, одан да маңыздылығы ол көрудің этикасы», ‒ дейді. Әлемдік фотография үшін ең бірінші – шындық маңызды. Ол жайлы Сьюзен Зонтаг өзінің «Фотография туралы» еңбегінде Платон үңгірін мысалға алады. «Адамзат ешкім құтқара алмайтындай «Платон үңгірінде» қалады, олар шындықты көре алмай, шындық деп таныған қабырғадағы көлеңке бейнелі көрініске мас болып, рахаттана жатады, бұл жердегі шынайы көрініс деп тұрғанымыз, ол – фотография»,- деп жазады аталған еңбегінде. Бұл туралы отандық фотосуретшілер Асылхан Әбдірайым, Серік Мұқышұлы, Дәурен Мақсұтханұлы «Деректі фото: тарихы және даму көкжиегі» атты еңбегінде әлемдік фотография тарихындағы терең ізденістерімен бөліседі.
«Алатауды аралағанда…» деп аталатын бұл фотоальбомның негізінде — құндылық ретіндегі ақпараттық эстетикалық таным көрініс табады. Табиғаттағы әсемдікті шындық, өнер, ғылым эстетикасы тұрғысынан сипаттауда осы еңбекті назарларыңызға ұсынып отырмыз. Өйткені, бұл географиялық фотодеректерден тұратын фотосуреттер оқырман танымын кеңейтіп, әсемдікке, жаратылысқа деген сұлулықты түсініп, оны қорғауға үндейді.
Бұл еңбек жылдар бойы Алматы мен Жетісу облыстарының таулы аймақтарында болған сапарлардан жиналған фотосуреттерді құрайды. Оның ішінде Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «Қазселденқорғау», Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты «Қазавиаорманқорғау» мекемелерінің ұйымдастыруымен өткізген аэровизуал бақылаулар мен «National Geographic Qazaqstan» журналы мен «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің жүргізген фотоэкспедицияларынан эксклюзив фотосуреттер де еніп отыр», — деп таныстырды.
Философия кафедрасының профессоры Жақыпбек Алтаев: «Автор фотографияның ақпараттық рөлі мен деректік маңызын фотосуреттер арқылы оқырманға ұсынады. Оның бұл еңбегі ұзақ жылдары бойы ізденген шығармашылығының бір бөлшегі ғана. Десек те, автор еліміздің таулы аймақтарының көркем көрінісі мен экожүйесіне алаңдаушылығын да байқатады. Әсіресе, мұздықтардың еруі, одан келетін маусымды қауіп-қатерлерді де фотография тілімен суреттейді»,- деп атап өтті.
Философия кафедарасының меңгерушісі Әсет Құранбек: «Д. Балабекұлының «Алатауды аралағанда…» атты еңбегі фотогарфия мен философияның өзара байланысын негіздей отырып, «Эстетика», «Медиа және қоғам» пәндері бойынша әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Философия және саясаттану факультеті Ғылыми кеңесі ауқымында дайындалды. Көмекші оқу құралы эстетика пәнін оқитын жоғары оқу орындарының студенттеріне, өнерді зерттеуге қызығушылық танытатын, туризмді, экологияны зерттеуге зейін қойып жүрген барша оқырман қауымға арналған.
Автор осы жинағын әзірлеу үшін түрлі экспедицияларға аттанды. Іле, Күнгей, Теріскей, Жетісу, Талас Алатауынан бастап, Алтай тауларына дейінгі аралықтағы таулы аймақтың бейнесін фотоға түсірді. Фотолар тек көркемдік тұрғыдан емес, ақпараттық, деректік мәнісімен де маңызды. Өйткені, бірқатар фотолары әлі де біз үшін жұмбақ, ешқандай медиа алаңдардан көрмеген таулы мұздықтар мен мореналық көлдерді көрсетеді. Сонымен қатар, автор осы арқылы мұздықтардың еруі, су ресурстары мәселесінің бірқатар әлемдік мәселелеріне назар аудартқысы да келеді.
Досжан Балабекұлының магистрлік тақырыбы медиа кеңістіктегі ұлттық жағрафия болса, докторлық диссертациясы ақпараттық кеңістіктің әлеуметтік-философиялық мәселелеріне талдау жасайды. Жас ғалымның осы жолғы шығармашылық ізденісі де осы ғылыми жолды тағы жалғастырады», — деп атап өтті.
«Фотоөнер» қоғамдық бірлестігіні президенті Асылхан Әбдірайым: «Автордың ұзақ жылдар бойы тау саяхаттары мен ғылыми экспедицияларынан тұратын сапарларының жемісі. Ол табиғат туындыларын түсіруге қызықты. Фотографиядағы пейзаж жанрымен айналысып жүрген қазақстандық фотожурналисттердің бірі. Оның шығармашылығында табиғаттың көркем көрінісі ғана емес, сол жер туралы ақпарат беретін деректер сақталған. Фотосуреттің деректенуі, ақпарат бере алуы, географиялық мәні байқалады.
«Егер де тіл барлығын жеткізе алса, камера көтеріп нем бар еді?», — деп америкалық фотограф Льюис Хайн айтқандай, автор бұл еңбекте Қазақстанның таулы аймағының қайталанбас ерекше табиғатын, ғажайып жер бедерін фотосурет арқылы көрсетеді.
Досжан Балабекұлының фотографиядағы ізденісі қиын да, қызықты табиғат көріністерінен құрылады. Тауға көтеріліп, биік шыңдарға шығып, бұлттармен қатар жүріп, жазда да боранға тап болу, табиғат фотосуретшісі үшін қалыпты жағдай. Ал көпшілік үшін бұл қиял ғана болуы мүмкін.
Досжан Балабекұлы дрондардар дәуіріне дейін, еліміздің таулы аймақтарын тікұшақтан суреттеген азамат. Қазіргі уақытқа дейін оның алыс аймақтардағы таулы мореналық көлдерінің фотосуреті бірде-бір дрон фотографтары мен медиакеңістікте жоқ екенін де айтқымыз келеді. Автордың аталған эксклюзивті кадрлары осы фотоальбомда көрініс тапқанын ерекше атап өтуге болады!», — деп пікір білдірді.
Журналист Қуанышбек Қари «Досжанның көктен түсірген фотоларының жөні бөлек. Әр ұшу бір сапар, бір саяхат. Соның әсерінен адам рухани жағынан толысып, бір дәрежеге жететін сияқты. Оның өзінің бір дәмі, нәрі бар сияқты. Сол нәрсе Досжанды тартып тұрады. Бұл ерекше дүние. Досжан осы бағытта кейінгі жастарға жол бастады деп ойлаймын. Бұл табиғатпен байланыс, гармония. Соның фотоға түскен бейнесі. Суретпен жазылған философия. Еңбекқорлығы мен ізденімпаздығын айтқым келеді», — деді.
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі «Қазавиаорманқорғау» РМҚК Алматы авиа бөлімінің басшысы Бекзат Байшалов: «Досжанмен жұмыстарымыз Жамбыл облысында басталған. Облыстың шөлді-далалы, таулы аймақтарын авиациямен фотоға түсіру, фоторепортаждар жасаудан жасаумен таныс болды. Орманды алқаптардың табиғаты, оларды қорғау жұмыстарында бірлескен шараларда кәсіби фотосуреттермен қатар, танымдық материалдар әзірлеуде белсенді медиа өкілі болды. Алда да Досжанмен осы саладағы бірлескен жұмыстарымыз жалғасады деп ойлаймын. Кітаптың тұсаукесерімен құттықтаймын.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары Бауыржан Әбішев: «Досжан біздің мекемемен үзақ жылдар бойы жұмыстар жасасып келеді. Кәсіби фототүсірумен қатар, мерзімді баспасөз бен сайттарда тұрақты ақпарат беруімен де жақсы таныс. Аэровизуалды бақылау жұмыстарында Досжан Балабекұлы көлдерді, мұздықтарды, шыңдарды түсіруде белсенді азамат. Сондықтан бүгін жарық көріп отырған кітаптың бір бөлігінде автордың фотографияны ғылымиландыруы да байқалады. Бұл еңбек көпшілік оқырманмен қатар, нақты сала өкілдері төтеншеліктерге, гидрологтарға да қажет еңбек. Қазір автормен жаңа жобаларды талқылаудамыз».
Белгілі фотожурналист Жеңіс Ысқабай: «Досжанның бүгін жарық көрген кітабын ашқан кезде, Мұқағали Мақатаев көз алдыма келеді. Адамзаттың табиғатқа ойы жеткенмен, оның ғажайыбын көзбен көріп, фотоға түсірген адам бір бөлек. Досжан соны көріп қана қоймай, оқырманға ұсынып, бөлісіп отыр. Кезінде Досжанға осы тақырыпты тастама деп айтқан едім. Соның нәтижесі, бүгін кітапқа айналып, оқырманға жол тартып отыр. Қазақ фотоөнері үшін тамаша, оң жаңалық», — деді.
«Дарын» баспасының директоры Жанат Бекетан: «Бұл кітап фотографтар үшін ғана емес, жалпы табиғатты сүйетін, философияға қызығатын, медиа саласының өкілдеріне, көпшілік оқырманға пайдалы болатын еңбек. Досжан мырза бұл кітапты жасау барысында көп еңбектенді. Кітапты әзірлеуге авторымыз ұзақ ойланды, ұзақ редакциялаумен болды. Оның бұл кітапқа бей-жай қарамайтын, өте мұқият, тиянақты түрде еңбектенетінін көрсетті. Досжан Балабекұлы фотоальбомды дайындауда ұқыптылықпен, жауапкершілікпен қарайтын авторлардың қатарында екенін көрсетті. Соның нәтижесінде сапалы, өте жағымды дүние шығып отыр. Досжан мырзаға Қазақстанды ғана емес, әлемнің де ғажайып табиғатын, сұлулығын түсіруді, оны осылай оқырманға жеткізу бұйырсын деп тілейміз.Біз өз тарапымыздан оқырман мен автор арасындағы алтын көпір рөліндеміз. Осы миссиямызды арықарай да жалғастырамыз!»
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстан-Қытай бірлескен қашықтықтан зондтау технологиялары және оларды қолдану зертханасының басшысы Мұрат Қасенов: «Бұл кітап публицистикалық, фотографиялық кітап қана емес, ғылыми да еңбек. Мәселен, біз бұрынғы суреттерді қараймыз да анализ жасаймыз. Мұздықтар қаншалықты қалған, көлдер орнынада ма, суы көбейген бе, әлде азайған ба? Ал фотография нақты дерек. Әрі Досжан философияда оқығандықтан, фотоларға философиялық көзқараспен қарайды. Сондықтан да, осы еңбектің ғылыми маңызы да жоғары. Авторға сәттілік тілейміз».
Шара соңында философия кафедрасының меңгерушісі Әсет Құранбек Досжан Балабекұлын туған күнімен және жаңадан жарық көрген кітабымен құттықтап, сый – сыяпат жасады. Кафедраның профессорлары Жақыпбек Алтаев пен Лесхан Асқар, «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің президенті Асылхан Әбдірайымұлы тілек білдіріп, бата берді.
Сондай-ақ, шараға универсиеттің профессорлық-оқытушылық құрамы, студенттер және жас ғалымдар, БАҚ өкілдері, фотожурналистер қатысты.
Туындының авторы Досжан Балабекұлы «Қазақстан Журналистер Одағының», «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің, «Қазақстан Авторлары Қоғамы» (ҚазАҚ) мүшесі. Бірнеше халықаралық, республикалық, қалалық фотобайқаулардың жеңімпазы. Қазақстан Журналистер Одағының Рахымбай Ханалы атындағы сыйлығының лауреаты (2022).
Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға қосқан үлесі үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мейірім» төсбелгісімен (2020), Ғылым және жоғары білім саласына сіңірген ерен еңбегі және Қазақ ұлттық университетінің өркендеуі мен дамуына қосқан зор үлесі үшін «Farabi» алтын медалімен (2024) марапатталған.
Жадыра ҚАЗИЕВА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Философия және саясаттану факультеті
Философия кафедрасының аға оқытушысы
Суреттерді түсірген — Гүлсезім ЖҮСІПОВА