«ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ: ФОТОШЕЖІРЕ — 1980-2000 ЖЫЛДАР» АТТЫ ФОТОАЛЬБОМ ЖАРЫҚ КӨРДІ

Бүгін, яғни 06.05.2025 ж. Алматыдағы ҚР Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары архиві «Архив-2025» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында Жанай Омаровтың «Қазақ әдебиеті: фотошежіре (ІІ бөлім) 1980-2000 жылдар» атты фотоальбомының тұсаукесерін өткізді, — деп хабарлайды photooner.kz.
ҚР Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары архивінің мәжіліс залында өткен «Ұлттық тарихымызды сақтауда және зерттеуде кино-фотомұрағаттардың рөлі» атты дөңгелек үстел барысында аталған фотоальбомның құрастырушысы — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Қазақстан Журналистика академиясының және «Фотоөнер» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі, философия ғылымдарының кандидаты, доцент Жанай Сейітжанұлы Омаровтың туғанына 70 жыл толуына орай ерекше құрмет көрсетілді.
Аталған жиынға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев, Қазақстан Журналистика академиясының президенті, академик Сағымбай Қозыбаев, «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының вице-президенті Валерий Жандәулетов, Халықаралық Д.А.Қонаев қорының президенті Эльдар Қонаев, Отандық БАҚ саласының ірі топ-менеджері, ҚР Журналистика академиясының академигі, журналист, заңгер Ерлан Бекхожин, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Жақып, «Фотоөнер» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Асылхан Әбдірайым, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Серікбек Дәукей, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, кинорежиссер, продюсер Сергей Әзімов, М.О. Әуезов музей-үйінің директоры Диар Қонаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, кинорежиссер Сатыбалды Текеев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің «Орталық мемлекеттік архив» РММ директоры Сәбит Шілдебай, ҚР Орталық Мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары архивінің директоры Ілияс Ысқақов, атақты фотограф Рахымбай Ханалының зайыбы Априза Айтбаева және тағы басқа арнайы шақырылған қонақтар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Жиынның модераторы болып Сағымбай Қабашұлы жүргізіп отырды. Сағымбай аға кіріспе сөзінде: «…Бүгінгі таңда екінің бірі қолындағы смартфонмен қалай болса солай суретке түсіріп, фотографияның қадірін кетіріп бітті. Бұл дұрыс емес, меніңше бұл уақытша құбылыс. Себебі қандай заман болса да нағыз фотографияның, яғни фотожурналистиканың өз орны мен салмағы бар. Оны нағыз профессионалдар ғана жасай алады. Соңғы уақытта мына Асылхан бастап, Дәурен қостап «Фотоөнер» республикалық қоғамдық бірлестігі өте жақсы жұмыстарды іске асырып жатыр. Менің ойымша еліміздегі фотоөнердің болашағы зор» — деп, толғамды ойын ортаға тастады.
Жанай Сейітжанұлының мерейтойына Жансейіт Қансейітұлы арнайы келіп құттықтап, білім мен ғылымға сіңірген еңбегін айта келе кеудесіне «Әл-Фараби» алтын медалін тағып, өзінің және университет ұжымының атынан иығына шапан жауып құрмет көрсетті.
Одан кейін басқа да шараға қатысушылар мен қонақтар ретінде танымал мәдениет қайраткерлері: жазушылар, журналистер, режиссерлар, архивистер, фотографтар, білім саласының өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері сөз алып, фотография мен кинематографияның алатын орны жайлы өз ойларын нақты айғақтармен айта келе мерейтой иесіне қарата құттықтау лебіздерін айтып, марапаттарын ұсынды.
Кітаптың ресми тұсаукесер сәтіне Бауыржан Өміржанұлы, Ілияс Башарұлы, Диар Асқарұлы қатысып, кітап авторымен бірге алқызыл лентаны қиды.
Сөз кезегі Жанай Сейітжанұлының өзіне келгенде, ол «Көрнекті этнограф Самуил Дудин және оның қазақтардың көшпелі тұрмысын зерттеуі 1899 жылғы фотосуреттер жинағында» атты баяндама жасап, залдағы экран арқылы кейіпкердің этнографиялық фотосуреттерімен таныстырып өтті. Одан кейін архив қызметкерлері аталған фотоальбомға енген фотосуреттерді негізге алып дайындаған шағын бейнефильм көрсетілді.
Сондай-ақ, қатысушылар мен қонақтардың назарына архив қызметкерлерінің Мәскеу, Санкт-Петербург архивтерінен және Гамбург қаласының этнография музейінен әкелген қазақ халқының және қазақ әдебиетінің тарихын бейнелейтін фотоқұжаттар көрмесі ұсынылды.
Осылайша «мүйізі қарағайдай» ғалымдар мен фотоөнеріне жанашыр азаматтардың қатысуымен өткен шара еліміздегі фотография саласының қоғам дамуына өз үлесін қосып қана қоймай, өткен мен болашақты жалғаушы құдіретті күш екенін тағы бір рет дәлелдеді.
Мәтінді жазып, фотосуреттерді түсірген
Дәурен Мақсұтханұлы,
фотожурналист, PhD докторант