Іле Алатауында «Фотожурналистика» пәнінен экспедиция өтті

 Іле Алатауында  «Фотожурналистика» пәнінен экспедиция өтті

Жуырда «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің ұйымдастыруымен табиғат аясында  «Фотожурналистика» пәнінен студенттерге арналған өлкетанулық экспедициясы өтті, — деп хабарлайды photooner.kz.

Бірлестік төрағасы Асылхан Абдраимұлы бастаған шараға  әл-Фараби атынағы ҚазҰУ мен Темірбек Жүргенев атындағы өнер академиясының бакалавриат, магистратура, докторантура білім алушылары қатысты. Сонымен қатар ҚазҰУ Журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбайұлы мен оқытушылар Жазира Батырханова, Журналистика факультетінің түлегі, Философия және саясаттану факультетінің доцент міндетін атқарушы, бірлестік мүшесі Досжан Балабекұлы қатысып, қатысушыларға медиадағы тәжірибелерімен бөлісті. Оқу-тәжірибелік сағатына қазақстандық білім алушыларымен қатар, Йемен, Нигериядан келген студенттер де тартылды. Табиғат аясындағы шараға он бір жасар Әлібек те қатысып, ерекше әсер алғанымен бөлісті.

Атаулы шараның басты мақсаты студенттердің теориялық білімін экологиялық мәдениетпен қалыстастыра отырып,  фотожурналисткиадағы әлеуетін арттыру. Шара аясында студенттер «Фотожурналистика» пәні аясында студенттердің суретке түсіру дағдысын шыңдап, өзінше фоторепортаж жасауға жағдай жасады. Әр студент кезек-кезек экспедиция барысын бақылап, ғажап кадрларды суретке сәтті түсірді.

Діттеген жеріміз жеңіл, әрі қол жетімді бағыт – Серкебай тауы болды. Қалың қарағай мен өрік ағаштары қоршап жатқан биік тауға барша студенттер мен оқытушыларды Жазира Алимкулқызы бастап алып барды. Сапар барысында жол ұзақтығы, қолайлы жол бағыты мен таудан ашылатын әсем панорамалық көрініс жайында алдын-ала ескертіп өтті.

Экспедиция барысында соқпақ жолмен аяндай отырып, асқар таудың баурайында әсем көрініске тап болдық. Жолда кездескен әрбір шырша, арша ағаштар өзінше сыр ашып, бар әніне салып, жырлап қоятындай көрінді. Студенттер жолдың сан-қилығына қарамастан берілмей, сапардың соңына дейін жетті. Тау бөктерінде азын-аулақ ас ішкен соң, өз қалған қалдықтарымызды жинап, тау шыңдарына көз тастап, суретке түстік. Суретке түсу барысында Досжан Балабекұлы осы тау жөнінде және өзге де шыңдар бойынша бар білгенімен бөлісіп, қызықты деректермен құлақдар етті.

Қанат Әуесбайұлы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінің деканы:

-Бұл сапарды халықаралық топ құрылды. Өйткені бұл жерде бакалавр, магистрант және доктаранттарымыз Серкебай тауына ауызбіршілікпен шықты. Бұл жерде тек қана журналистика факультетінің білім алушылары ғана емес, Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының білім алушыларымен бірігіп үлкен халықаралық ғылыми-танымдық экпедиция аясында Серкебай тауына көтерілдік. Білім алушыларға айтарым, үнемі 2000-нан  аса метрді бүгін тау шыңын бағындырсақ, мұны өмірлеріңізде кезесетін екі мыңнан аса кедергі деп ойлаңыздар. Сол кедергілерді жеңіп, өмірдің ұшпағына, абыройдың биігіне шыға беріңіздер! Кезінде таудың биігіне шықсаңыздар, дәл осындай өмірдегі қиындықтардың барлығын жеңіп, кез-келген осындай шыңға жетуге ерік-жігерлеріңіз жете берсін деген тәлімі зор, тағылымы бар пікірімі айттым. Өйткені бұл жерде біз өзіміздің туған жерімізді, өлкемізді таныдық. Осы жердің тарихын Досжан Балабекұлы шыңдардың атауларына дейін айтып берді. Келешекте де осындай экспедициялар әр курстың білім алушыларымен ұйымдастырылатын болады.

Асылхан Абдраимұлы, фотоэкспедиция басшысы:

— «Фотожурналистика» пәнінен тауға шығуымызды фотопленэр деп айтамыз. Ашық аспан астында, табиғат аясында бір түсірілім жасап, сабақ өтсек деген ойымыздың бүгін сәті түсті. Өте керемет болды. Біз бүгін мына Серкебай деген таудың басына шықтық. Өзім де қаншама тауларға шығып жүргенмін. Бірақ мына Серкебай тауы керемет ұнады. Жолы да кәдімгі асфальт жол емес табиғи жол екен. Күн-райы да керемет, студенттер де жақсы әсер алды. Одан кейін бұл топтың ішінде өнер академиясының студенттері болды, әскери журналистика, жалпы журналистика студенттері мен шетелден магистранттар болды. Сол үшін өте қызықты болды. Есте қалатын бір керемет бір жағынан шеберлік сабағы, бір жағынан демалыс болды.

Оқу-тәжірибелік өлкетанулық фотоэкспедициясы студенттер мен оқытушылар үшін ұмытылмас күн болды. Серкебай тауына жасалған бұл сапар қатысушылардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттырып қана қоймай, олардың экологиялық ойлау мәдениетін дамытуға үлкен үлес қосты. Экспедиция барысында студенттер табиғат аясында таза ауа жұтып, қоршаған ортаның сұлулығын өз көзімен көріп, экологиялық жауапкершілік сезімін сәлде болса сезінді. Іс-шара соңында қатысушылар табиғатты қорғауға бағытталған осындай экологиялық бастамалардың жалғасын табуы қажеттігін атап өтті. Бұл сапар – тек оқу процесінің бір бөлігі ғана емес, рухани және экологиялық тұрғыдан дамуға жол ашқан мәні терең шара болды.

Қарақат СЕЙТЕН,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Журналистика факультетінің 2-курс студенті

 

 

Оқи отырыңыз!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *