Алматыда алғаш рет 31 фотографтың еңбегі Тәуелсіздік тарихында Наурызға арналды

 Алматыда алғаш рет 31 фотографтың еңбегі Тәуелсіздік тарихында Наурызға арналды

Алматы қаласындағы Панфилов көшесінің бойында «Ұлы Дала кереметтері» республикалық этно-фотокөрмесі өтіп жатыр.

«Ұлы Дала кереметтері» этно-фотокөрмесі – фотография өнерінің пайда болғанына 200 жыл толуы, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығы және Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы аясында жүзеге асырылып отырған ауқымды мәдени жоба.

Бұл көрме тарихи сабақтастық, рухани жаңғыру және визуалды мәдениеттің эволюциясы идеяларын өзара тоғыстыра отырып, ұлттық мұраны заманауи көркем тіл арқылы ұсынуды мақсат етеді.

Республикалық масштабта өткізіліп отырған этнографиялық фотокөрмеге Алматы, Астана, Шымкент сынды республикалық қалалар мен қоса өзге өңірлерден 31 атақты фотосуретшілер мен фотожурналистер қатысып жатыр. Олардың арасында: А. Әбдірайым, Ф. Қабдықайыров, А. Дүйсенбаев, Е. Шадрахов, М. Шағырбай, М. Золотухин, О. Алхаров, Е. Манапхан, М.Жүнісбеков, Е. Омаров, Д. Балабекұлы, Д. Дунич, Ә. Бегімбет сынды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, ҚР Президентінің, Үкімет басшысының, әкімдіктердің жеке фотографтары, сонымен қатар «Үркер» ұлттық сыйлығының және Р. Ханалы атындағы Қазақстан Журналистер Одағы фотосыйлығының иегерлері, республикалық және өңірлік БАҚ-тағы талантты фототілшілер бар.

«Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің президенті Асылхан Әбдірайымұлының айтуынша, Тәуелсіздік алғалы 31 атақты отандық фотографтың қатысуымен осындай көрме алғаш рет өткізіліп жатыр екен.

Фотокөрменің кураторы, өнертану магистрі Дәурен Мақсұтханұлы, қазақ фотоөнерін насихаттауда Алматы қаласы мәдени орталыққа айналғанын, мегаполис өзінің мерекелерінде фотографтардың суреттерін насихаттауды да жақсы жолға қойып келе жатқанын айтты.

Айта кетейік, аталған шараны Алматы қаласы Мәдениет басқармасының қолдауымен, «Алматы қаласы Музейлер бірлестігі» КМҚК және «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі, «ALEM INNOVATION» жеке кәсіпкерлігі  ұйымдастырған.

Фотография уақытты тоқтатып, сол сәтті мәңгілікке айналдыратын өнер.

1826 жылы француз өнертапқышы Жозеф Нисефор Ньепс алғаш рет тұрақты фотобейнені тіркеп, жаңа дәуірдің басталуына жол ашты. Осы сәттен бастап фотография адамзаттың уақыт пен кеңістікке деген көзқарасын түбегейлі өзгертті.

Наурыз – табиғат пен адам арасындағы үйлесімділікті, жаңару мен жаңғыруды, уақыттың циклдік қозғалысын білдіретін көне мереке. Ол өткен мен болашақтың арасын жалғайтын рухани көпір ретінде қабылданады.

 

Егер Наурыз – табиғаттың жаңаруы болса, фотография – жадының жаңғыруы. Осы екі феноменнің тоғысуы көрменің философиялық негізін қалыптастырады. Осылайша, көрме екі ғасырлық фотография тарихына тағзым ете отырып, Ұлы Даланың рухани кеңістігін заманауи көркемдік зерттеу нысаны ретінде ұсынды.

«Ұлы Дала кереметтері» этно-фотокөрмесінің алғашқы күнінде, Алматы қаласы мәдениет басқармасының басшысы Д.Әлиевтен фотокөрмені жоғары деңгейде ұйымдастыруға үлес қосқан фотографтар сертификаттармен марапатталды.

Досжан Балабекұлы

Суреттерді түсірген автор

 

 

 

Оқи отырыңыз!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *