Дәурен Мақсұтханұлының «Бейнеленген дүние» атты жеке шығармашылық көрмесі өтеді
2026 жылғы 7 мамыр күні сағат 16:00-де Алматы қаласы Мәдениет басқармасы мен ҚР Дизайнерлер одағының қолдауымен, «Алматы қаласы Музейлер бірлестігі» КМҚК мен «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Almaty Gallery» көркемсурет галереясында (Достық даңғылы, 44 үй) суретші-мүсінші, дизайнер, фотожурналист Дәурен Мақсұтханұлының «Бейнеленген дүние» атты жеке шығармашылық көрмесінің салтанатты ашылуы өтеді.
Аталған көрме Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына, сондай-ақ фотография өнерінің пайда болғанына 200 жыл толуына орай және 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мерекесі аясында ұйымдастырылып отырған маңызды мәдени жоба болып табылады.
«Бейнеленген дүние» көрмесінде автор бейнелеу өнерінің әртүрлі жанрлары мен бағыттарын қамтып, фотосурет және деректі фильмдер арқылы әлемді өзіндік көркемдік көзқараспен таныстырады.
Көрме мазмұны тарихи сабақтастықты, әлемдік мәдениет пен өнер арасындағы үндестікті айқындап, ұлттық мұраны заманауи өнер тілі арқылы пайымдауға мүмкіндік береді.
Көрмеде ағаш, қола және өзге де материалдардан жасалған мүсіндік туындылар, майлы бояумен салынған кескіндеме жұмыстары, түрлі жобаларға арналған дизайнерлік әзірлемелер, АҚШ, Түркия, Өзбекстан және Қазақстанда түсірілген сәулеттік фотосуреттер, сондай-ақ адамзаттың «Екінші ұстазы» атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірі мен ғылыми мұрасына арналған деректі фильмдер топтамасы ұсынылады. Жалпы экспозиция 80-нен астам авторлық шығарманы қамтиды.
Дәурен суретші-мүсінші, дизайнер, фотожурналист ретінде қалалық, республикалық және халықаралық байқаулар, көрмелер мен симпозиумдарға, экспедицияларға тұрақты қатысып келеді. Сонымен қатар, қалалық, республикалық және халықаралық деңгейдегі көрмелер мен байқаулардың ұйымдастырушысы және кураторы.
Айта кетейік, Дәурен Мақсұтханұлы Мұхамеджанов, ҚР Дизайнерлер Одағының, Еуразиялық Дизайнерлер Одағының және Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, «Фотоөнер» Қоғамдық бірлестігінің Вице-президенті.
Қазақстан Жастар Одағы «Серпер» сыйлығының және Қазақстан Журналистер Одағының фототілші Р.Ханалы атындағы сыйлығының иегері, ҚР Ақпарат саласының үздігі, өнертану ғылымдарының магистрі, PhD докторант.
Бүгінгі таңда Халықаралық білім беру корпорациясы (ҚазБСҚА) Дизайн мектебінің Сәулет-құрылыс дизайны кафедрасының ассистент-профессоры, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультеті Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының аға оқытушысы ретінде он жылдан астам уақыт бойы шәкірт тәрбиелеп келе жатқан ұстаз.
Өнер саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысады. Бейнелеу өнері, дизайн, фотосурет және сәулет саласындағы халықаралық ғылыми журналдарда және Scopus рейтингтік басылымдарында 30-дан астам ғылыми мақалалары мен бірнеше кітаптары жарық көрген.
Тел.: +7-707-548-9505
