«Қымызмұрындық – 2026: Қазақты танытатын бренд»

 «Қымызмұрындық – 2026: Қазақты танытатын бренд»

26-27 маусым күндері Алматы облысының Кеген ауданында «ҚЫМЫЗМҰРЫНДЫҚ – 2026» этнофестивалі кең ауқымда өтті деп хабарлайды, photooner.kz порталы.

Биылғы мереке абыз баба Әлмерек Жаншықұлының 368 жылдығына арналды. Бесінші рет ұйымдастырылған «Қымызмұрындық» фестивалі ауқымы жағынан халықаралық деңгейге көтерілді деуге толық негіз бар. Оған дәлел ретінде Қазақстанның түкпір-түкпірінен, Қытай, Ресей, Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Түркменстан, Өзбекстан елдерінен арнайы келген қонақтарды қосқанда жалпы саны 35-40 000 адам мерекені өз көзімен көріп, қазақтың төл мәдениеті мен салт-дәстүрін дәріптеген думанның куәсі болды деуге болады.

Қымызмұрындық – қазақ халқының бүгінде ұмытылуға аз-ақ қалған ежелгі дәстүрлі ғұрыптық мерекелерінің бірі. «Қымызмұрындық» атауы екі сөзден құралған: «қымыз» – бие сүтінен дайындалатын сусын және «мұрындық» – «алғаш рет ауыз тию», «дәмін көру» деген мағынаны білдіреді. Яғни, Қымызмұрындық – жылдың алғашқы қымызынан дәм тату мерекесі. Бұл дәстүрдің тарихы сонау сақ, ғұн, түркі дәуірлерінен бастау алады. Себебі жылқыны қолға үйрету мен бие сүтін пайдалану Ұлы Дала мәдениетінің ең көне ерекшеліктерінің бірі.

Бұл, сонымен қатар көктемнің соңы мен жаздың басында, бие байлап, алғашқы қымыз ашытылған кезде өткізілетін думанды басқосу. Оның басты мақсаты – жаңа қымыздың дәмін елге таттыру, ағайын-туыс пен көрші-қолаңның басын қосып, береке мен молшылықты тойлау.

26 маусым күні Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев пен Кеген кентінің әкімі Ернат Ысқақ біздерді (біздер дегеніміз — Алматыдан сапарға шыққан барлық БАҚ өкілдері) Кегенге кіре берістегі арка алдында күтіп алып, этноорталықта түскі ас ұйымдастырды. Бұл құрмет жайдан жай емес, себебі 28 маусым – Қазақстандық Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні қарсаңында болды.

Шара ұйымдастырушылары түстен кейін БАҚ өкілдері мен фотосуреткерлерді Кеген ауданының ең көрікті жерлерінің бірі — «Шарқұдық» альпинистер лагеріне апарды. Бұл жердің әдемілігі сонша фотосуреткерлердің шабыттары шарықтап, тамақтарын іше сала фотоаппараттарын құшақтап, түннің бір уағына дейін түсірілім жасауға асықты.

27 маусым күні Мыңжылқы жайлауында «Қымызмұрындық – 2026» фестивалі ресми түрде басталды. Мерекенің салтанатты ашылу рәсіміне сонау Астанадан арнайы келген ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев құттықтау сөз сөйлеп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ықыласты сәлемін жеткізді.

Сонымен қатар ол сөз сөзінде: «Қазақ даласындағы әр салт-дәстүрдің өзіндік тәрбиелік мән-маңызы, ұлттық ерекшелігін айқындап тұратын өзіндік биік бағасы бар. Аманат болып жеткен осы құндылықтарды сақтап, оларды заман талабына сай жаңғыртып, насихаттау баршамызға ортақ міндет. Қымызмұрындық мерекесі Мемлекет басшысы айқындаған ұлттық бірегейлікті нығайту, тарихи мұраны дәріптеу және салт-дәстүрді жаңғырту бағытындағы жұмыстардың нақты көрінісі», — деп мәлімдеді.

«ҚЫМЫЗМҰРЫНДЫҚ – 2026» этнофестивалінде: қымыз өндірушілердің көрмелері, ұлттық қолөнер жәрмеңкелері, этноауыл, концерттік бағдарламалар, ұлттық спорт жарыстары ұйымдастырылды.

Фестиваль аясында ұйымдастырылған республикалық ат бәйгесі жоғары деңгейде өтті. Додаға еліміздің әр өңірінен және көршілес Қырғызстаннан келген 190-нан астам тұлпарлар мен шабандоздар қатысып, бақ пен баптарын сынға салды. Жүйріктердің шабысын тамашалаған көрермендер нағыз ұлттық спорттың сәні мен салтанатын сезінді.

Жалпы жүлде қоры – 10 000 000 теңге және 3 автокөлік болса, Құнан бәйгенің бас жүлдесі – JAC J7 автокөлігі, Топ бәйгенің бас жүлдесі – CHERY TIGGO 2 PRO автокөлігі, Аламан бәйгенің бас жүлдесі – JETOUR X70 FL Prestige автокөлігі болды.

9 шақырымдық Құнан бәйгенің нәтижесі төмендегідей болды: 1 орын – Нурсылтан Бектуров (Қырғызстан) – «Таңсұлу»; 2 орын – Төлен Асылжан (Алм. обл., Ұзынағаш ауылы) – «Сүлік қара»; 3 орын – Тілеуқабыл Ерсұлтан (Жамбыл обл., Қордай ауданы) – «Томми»; 4 орын – Ринат Санжар (Алм. обл., Балқаш ауданы) – «Тарлан көк».

20 шақырымдық Топ бәйгеде: 1 орын – Мелс Ізбасар (Жамбыл обл., Қордай ауданы) – «Байтерек»; 2 орын – Халжай Али (Алматы қаласы) – «Желкүрең»; 3 орын – Тілеубай Раян (Алм. обл., Жалағаш ауылы) – «Береке»; 4 орын – Санжар (Алм. обл., Іле ауданы) – «Байтас»; 5 орын – Сүйсембай Мейрамбек (Жамбыл обл., Отар ауылы) – «Айхай» сәйгүлігі иеленді.

32 шақырымдық Аламан бәйгеде: 1 орын – Сайлау Нұрислам (Жамбыл обл., Қордай ауданы) – «Айтолқын»; 2 орын – Мерей Ғарипуллин (Алм. обл., Балқаш ауданы) – «Байқоңыр»; 3 орын – Мұхаммед Таңжарық – «Таужирен»; 4 орын – Ерсұлтан (Жамбыл обл., Қордай ауданы) – «Аврора»; 5 орын – Нұрсұлтан (Тараз қаласы) – «Көкнәр»; 6 орын – Нұрғанат Алихан (Қарағанды облысы) – «Шеру»; 7 орын – Рамазан (Алм. обл., Бұрхан ауылы) – «Ақтанау» сәйгүлігі иеленді. Барша жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтап қойсақ артық болмас!

Ол тек алғашқы қымызды ішу рәсімі емес, табиғаттың жаңаруын, төрт түліктің көбеюін және елдің береке-бірлігін білдіретін дәстүр. Ал осынау тамаша дәстүрді қайта жаңғыртқан Кеген ауданының әкімдігі барша қазаққа әйгілі Қарқара өңірінің табиғи байлығы мен тарихи мұрасын ұштастыра отырып, ұлттық туризмді дамытудың жаңа кезеңіне қадам басқанын көрсетті.

Айта кетейік, айулы шараға Алматы облысы әкімдігінің ұйытқы болуымен 200-ден астам киіз үй тігіліп, арнайы шатырлар орнатылды. Жедел жәрдем, Төтенше жағдайлар, Полиция, Өрт сөндірушілер сынды барлық қызмет түрлері сақадай сай болды. Тіпті бірнеше жерден көшпелі дәретхана да қойылғаны жақсы болды.

Осы шараға «Фотоөнер» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшелері де бір топ болып барып ақпараттық қолдау көрсетті.

Ол топта ардагер фототілші Нұрманбет Қизатұлы, Бірлестіктің президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, фотопублицист Асылхан Әбдірайымұлы, Бірлестіктің құрылтайшыларының бірі, өнертанушы ғалым Сағатбек Медеубекұлы, Бірлестіктің вице-президенті, фотожурналист — Дәурен Мақсұтханұлы және кәсіби фотосуретшілер: Әкбар Үркінбай (Алматы), Нақып Шынтемір (Түркістан), Марат (Mara Beey) Жүнісбеков (Алматы), Дәурен Әбутәліпов (Алматы облысы), Оңғарбек Алхаров (Алматы), Ернұр Манапхан (Алматы), Мақсат Шағырбай (Шымкент), Ақбота Жаңабаева (Алматы) және болашақ фототілші Әлібек Әбдірайым болып, қайталанбас тарихи фототүсірілімдер жасады.

Ұлтқа ортақ осындай айтулы шарада «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», ұйымшылдықпен өткізген шараның қортындысы – «ҚЫМЫЗМҰРЫНДЫҚ – 2026» этнофестивалінің фотоальбомы болмақ. Бұйыртса, таяу уақытта Алматы облысы Кеген ауданы әкімдігімен бірлесе отырып, осы жобаны қолға алатын боламыз.

Дәурен Мақсұтханұлы,

«Фотоөнер» ҚБ вице-президенті, фотожурналист.

Фотоларды түсірген автор

Алматы-Кеген-Қарқара-Шарқұдық-Мыңжылқы-Кеген-Алматы

Оқи отырыңыз!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *